Алматы әуежайында шетелден келген әйелден 21 келі марихуана тәркіленді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласының әуежайында есірткі контрабандасының жолы кесілгенін хабарлады.
Астана, NEGE. 30 мамырда Оңтүстік-Шығыс Азияның бір елінен келген шетел азаматының жүгін тексеру барысында шамамен 21 келі марихуана табылған.
Күдіктіні ұстау операциясын ҰҚК полиция, кеден органдарымен және Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен бірлесіп жүргізген.
«Тыйым салынған жүк тәркіленіп, күдікті ұсталды. Полиция органдары бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 286-бабының 1-бөлігі (Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», – делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сүйенген Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл дерек бойынша өзге ақпаратты жарияламады.