«Самұрық-Қазынаның» «Қазақстан халқына» қаржыны толық аудармауына не себеп?
Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Сайыров премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры неліктен «Қазақстан халқына» қорына екі жылдан бері межелі 7 пайыз қаржыны аудармай отырғанын сұрады.
Астана, NEGE. Бұл ретте Ерлан Сайыров «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры таза пайдасының 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударуы тиіс екені туралы Президент тапсырмасын еске салып өтті.
«2022 жылы – 7%, 2023 жылы – 3,8 %, 2024 жылы – 5,2 % қаражат аударылған. Биыл "Самұрық-Қазына" "Қазақстан халқына" қорына межелі 7 пайызды аудара ма және екі жылдан бері неге Президент тапсырмасы мен заң талаптары орындалмай келеді? Неге "Самұрық-Қазына" толық соманы аудармай отыр?», – деп сұрады депутат Үкімет өкілінен.
Депутат сауалына жауап берген Серік Жұманғарин «Самұрық-Қазынадан» тиісті қаражаттың аударылмау себебін сұрау хатпен байланыстырды.
«Расында заңда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын "Қазақстан халқына" қорына аударуы қажет екені жазылған. Оны аудару үшін, біріншіден, үкіметтің қаулысы керек және екі қор арасында келісімшарт жасалуы қажет. Сонан соң "Қазақстан халқына" қоры қаражат сомасын көрсетіп, "Самұрық-Қазынаға" сұрау хат жазады. Үш жылда сұралмаған қаражат сол себепті аударылмаған», – деді премьер-министрдің орынбасары.
Оның мәлімдеуінше, 2025 жылы қорға 62,2 млрд теңге аударылған. Ол қаражат онкология мен сирек кездесетін аурулар еміне және ауылдарда мектептер салуға бағытталған.