8 Қыркүйек 12:00
...

Салт-дәстүр шоуға айналып бара ма?

Шоу
Фото: Беташарға аша салып жатқан Әбдіжаппар Әлқожа.Фото: ғаламтордан

Ел арасында беташар салтына қатысты түрлі пікір айтылады. Мәселен, біреулер беташар кезінде ортаға табақ тартылып, жұрттан ақша жинауды шеттен келген дәстүр деп жатады. Ал белгілі ақын, талай келіннің бетін ашқан беташаршы Асхат Қылышбек мұнымен келіспейтін кейіп танытты.

– Асхат мырза, осы уақытқа дейін қанша келіннің бетін аштыңыз?

– Негізі санап жүрген жоқпын. Дегенмен, қолыма домбырамды алып, беташар айтып жүргеніме жиырма жыл болғанын ескерсем, мыңға жуық келіннің бетін ашыппын. Себебі орта есеппен алғанда жылына елу шақты беташар жырын айтамын.

– Біреулер беташар кезінде ортаға табақ тартылып, жұрттан ақша жинауды шеттен келген дәстүр деп жатады. Мұнымен келісесіз бе?

– Жоқ, бұл – қазақтың көнеден келе жатқан төл дәстүрі. Тек бұрын ақша формасында болмаған. Мәселен, сал сері, жыршылар бойындағы бар жақсы қасиетін айтып, етжақындарын таныстыра отырып, келінге алғаш сәлем салдырғанда, олар беташар айтушыға ат мінгізіп, шапан жапқан. Кейбіреулер басындағы құндыз бөркін немесе беліндегі күміс белдігін байлап берген. Кейін келе мұның соңы табаққа ақша тастауға ұласты. Бірақ қазір көп жерде той иелері беташар айтушыға белгілі бір соманы ғана беріп, табақтағы тартуды өздері алып қалатын болды. Нәтижесінде, қаражат көп түссін деген оймен кім көрінгенге сәлем салдыра береді. Әлгі көмейің кепкенше бітіп болмайтын ұзын-сонар тізбек осындайдан туындайды.

ақын
А.Қылышбектің жеке мұрағатынан

– «Өзінде бармен көзге ұрып» демекші, беташар кезінде көрімдік мөлшерін көп салудан жарысатындар да бар болар?

– Ол да бар. Мәселен, беретін көрімдігін бірден тастамай, жұрттың алдында санап салатындар бар. Бұл Абайдың сөзімен айтсақ, құр босқа малшашпақ әрекет. «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» деген. Ал жоқтары аты аталған соң ерксіз сол жерде тұрған танысынан немесе туысынан ақша сұрап алып, табаққа салып жатады. Ондай жағдайды да талай көзбен көрдік.

Бір қызық айтайын, бір тойда ел арасында танымал қалталы азаматқа қолқа салдым. Себебі, денешынықтыру сабағынан беретін таныс мұғалім спортқа бейім балаларды жарысқа апарайын десе, доп, аяқ киім сияқты қажеттіліктерге қаражат таппай қиналған соң, маған шыққан еді. Осы мәселені көп арасында жолықтырған әлгі байшыкешке айтып едім, ат-тонын ала қашты. Ал беташар кезінде қайталай айтқаным сол еді, суырылып алға шығып, «мен демеуші боламын» деп жалпыға жария салмасы бар ма. Ал сол ақшаны оңашада сұрағанымда неге бермеді?! Осыған қарап мақтаншақтық қазақтың қанына сіңіп кеткен әдет пе деп қалдым. Мұндай жағдай элита деп жүрген азаматтардың арасында да жиі кездеседі. «Аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, кейбіреулер сондайларға еліктеймін деп, соңынан қарызға батып, сан соғып қалады. Алды кредитке алған ақшасын елдің алдында шашып тастап, ертесі төлей алмай өкініп жүреді. Осындай түрлі жағдайларды көзбен көрген соң түйген ойымды ортаға салғаным ғой. Әсілінде, мен де нәпақамды тойдан тауып отырған адаммын. Оның үстіне дәстүрдің шеңберінен шығып бара жатқаннан кейін қазаққа дарақылықты доғарсақ деген тілегім бар.

– Сонда не істемек керек?

– Қазір тойдың көбейгені сол, мысығына дейін той жасағандар болды. Құрсақтағы баланың жынысын білгенді де «гендер-пати» деген желеумен оны тойға айналдыратындар бар. Содан ол бала дүниеге келгенде, қырқынан шығарғанда, сүндетке отырғызғанда, мектепке барғанда, оны бітіргенде тағы ұлан-асыр той жасап жатады. Мысалы, түрлі желеумен бір әулеттегі бес баласының бәріне бірдей жыл сайын той жасайтындарды көріп жүрміз. Мұның бәрі бір жалақыға қарап отырған ағайын-туыстың қалтасына салмақ түсіреді. Бармаса, тағы ренжиді. Қарап отырсақ, той иесіне де одан түсер пайда жоқ. Өйткені мейрамханалардың кісі басына алатын ақысы да қымбат. Бұдан өзге алыстан келіп-кететіндердің жол-күресі тағы бар. Осы ретте тойды қысқарту керек деп ойлаймын. Шамасы келген адам жасасын, бірақ ағайынның қалтасына салмақ салмай, әкелгенін місе тұтып, берген батасы мен ақ тілегіне риза болу керек. Біз қу дарақылықпен кафе-рестораны бар дөкейлерді ғана байытып жатыр.