Сайлаудың ҚЫЗЫҒЫ мен ШЫЖЫҒЫ: Наурызда не болады?

Алдағы Мәжіліс және мәслихат сайлаулары елдің саяси өміріне жан бітіргендей болды. Екі бірдей жаңа партия тіркеліп, сайлауға сайланып отыр. Ескі партиялар бірінен соң бірі съез өткізе бастады. Бір мандатты округтың депутаттыққа түскісі келетін үміткерлердің белсенділігі – өз алдына бөлек әңгіме.
Сарапшылардың сөзінен аңғарғанымыз, қалай десек те, бұл саяси науқаннан жылымық байқалады. Қазақстандық саясаттанушылар бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгешелігі мен ұқсастығы, бақ сынап көргісі келетін партиялар мен жеке үміткерлердің шама-шарқы жөнінде NEGE-ге пікір білдірді.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы:
Билік мықты саяси бәсекелестікке әлі дайын емес
– Алдағы сайлау науқанының басты ерекшелігі – Мәжілістегі орындар үшін жеті бірдей партия бақ сынаспақ. Оның ішінде екі жаңа партия бар. 2021 жылы сайлау туралы заңға енгізілген түзетулерге сай, мәжіліске өту мәресі азайтылды. Мажоритарлық жүйеге қайта келдік.
Әзірге бары-жоғы – 29 орын ғана. Десек те, мұны ілгері жылжу деп есептеймін.
Мәслихаттарды алсақ, өңірлік деңгейде 50/50 қағидасы қолданылған. Облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда толық мажоритарлық жүйе бойынша сайлау өтпек.
Осы жайттарды түйіндей келе, Мәжілістің жаңа құрамы 4-5 партиядан тұратын болады деп болжам жасауға болады. Кейбір партиялар бес пайыздық межеден аса алмаған күннің өзінде, бір мандатты округ арқылы өкілдерін Мәжіліске өткізуге мүмкіндік алады.
Қазір әртүрлі партиялардың қатысып жатқанын көріп отырмыз. Әрине, басты фаворит – Аmanat. Президент басқаратын партия болмаса да, оның парламенттегі көпшілік орынға қол жеткізуіне еш кедергі жоқ. Қалай десек те, билік бұл партияға қолдау көрсететін болады. Оның үстіне, күшті оппозициялық партиялар мемлекеттік тіркеуден өткен жоқ. Әңгіме Болат ӘБІЛЕВ, Нұржан ӘЛТАЕВ және Санжар БОҚАЕВ құрмақ болған партиялар туралы болып отыр. Сондықтан ЖСДП секілді әлсіз оппозицияны ғана місе тұтамыз. Қалған партиялардың бәрі де билікке лоялды.
Десе де, билік бірте-бірте үш партиялы форматтан бас тартып жатыр. 2012 жылдан бері Nur Otan, Ақ жол және ҚКХП өзгелерге ырық бермей келе жатқан еді. Енді партиялардың саны артуы ықтимал. Билік заңнаманың сапасын жақсарту үшін мәжіліске түрлі тұлғалардың келгеніне мүдделі.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ескерсек, Президент Тоқаевтың арқа сүйей алатын, жауапкершілікті бөлісе алатын парламентті қалайтынын байқауға болады. Бас изеп отыра беретін «қалтадағы» парламент оған керек емес деп ойлаймын.
Екінші қырынан алғанда, оппозицияны мәжіліске өткізетіндей, билік мықты саяси бәсекелестікке әлі дайын емес. Дейтұрғанмен оппозицияның бір мандатты округ арқылы сайлауға түсуге мүмкіндігі бар. Кімнің бұған дайын екенін айту қиын. Бұған қаржылық, ұйымдастырушылық, ақпараттық ресурс қажет. Біз үдерістің байқалғанын көріп отырмыз. Мұхтар ТАЙЖАН, Санжар БОҚАЕВ және Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА үміткерлікке өзін-өзі ұсынып отыр. Басқалар да қайраткерлер тілек білдіріп жатыр. Әлі бір аптадай уақыт бар.
29 сайлау округі өте ауқымды. Аймағы, халықтың құрамы жағынан да. Бұл үлкен күш-жігер, ресурс жұмсауды қажет етеді. Биліктің немесе белгілі бір ықпалды топтың қолдауына ие үміткердің ресурстары шектеулі қоғамдық белсенділерге қарағанда белгілі бір артықшылықтары болады.
Қазір Алматының өзінде бір округта Мұхтар Тайжан, Тоғжан Қожалы және Динара ЕГЕУБАЕВА секілді тұлғалардың сайлауға түсіп жатқанын көріп жатырмыз. Олардың бәрі де билікке сыни көзбен қарайды. Электорат қайсысына дауыс беретінін білмей дал болуы ықтимал. Бұл билікке лоялды үміткер үшін ұтымды. Әзірге осындай жағдай қалыптасып отыр.
Самат НҰРТАЗА, саясаттанушы:
«Мәжіліске популистер келмесе екен» деп тілеймін
– Біздің қоғам Қаңтар қасіретін көрді. Сондықтан халық тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін түсінді деп ойлаймын. Және халқымыздың көзі ашық. Әр адамның қолында бір-бір смартфон бар. Жаңалықтарды іздеп, керегін алып отыр. Кімнің жақсы, кімнің жаман екенін біледі.
Маған салса, сайлауға түсетін жеті партияның жетеуі де Мәжіліске өтсе екен деп тілеймін. Себебі, пікір алуандылығы керек.
Әр адам өзіне жақын партияны таңдайды. Мемлекетімізде, қоғамда партиялардың көбеюі – демократияның алғышарты.
Әйтеуір мәжіліске популистер келмесе екен. Халыққа жаны ашитын азаматтармен толыққаны жөн. Бес жыл бойы ауызына құм құйып алғандай үндемей отыратын депутаттардың өтіп кеткенін қаламаймын.
Мәслихат сайлауы да өте маңызды. Бұл – әр қала тұрғындарының мүддесі. Депутаттар нашар болса, қалаға да зиян. Қала халқы да өз таңдауын қателеспей жасайды деп үміттенемін.
Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы:
Әкімшілік ресурс бұрынғыдай болмайды
– Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – билік партиясы жоқ. Неге десеңіз, Аmanat – бұрынғы Nur Otan емес. Осы уақытқа дейін облыс, аудан, ауыл әкімдері Nur Otan-ның жергілікті филиалдарын басқарып келді. Олар сайлауда Nur Otan-ның көп дауыс жинауына ықпал ететін. Қазір бұдан құтылдық. Енді Аmanat бұрынғыдай билік партиясы емес. Әкімшілік ресурс қолданылған күннің өзінде, енді бұрынғыдай болмайды. Бұл – енді Аmanat 80-90 пайыз ала алмайды деген сөз. Билік партиясы болып тұрғанда «Nur Otan қанша пайыз алады, 80 бе, әлде 90 ба?» деген бір ғана сұрақ қойылатын.
Парламентке өту межесі де 7 пайыздан 5 пайызға азайтылды. Бұдан сүрінбей өтуге әр партияның мүмкіндігі бар. Әрине, «Ақ жол» мен Қазақстан Халық партиясының да Мәжілістен ойып тұрып орын алуға қауқарлы. Олардың қаражаты бар. Жер-жерде филиалы жұмыс істеп тұр. «ЖСДП» мен «Ауыл» партиялары да қарсылықты электораттың көмегімен парламентке өте алады деп ойлаймын. Бірақ Аmanat бұрынғыдай 70-80 пайыз алмайды.
«Байтақ» пен «Республика» деген жаңа партияларға келсек, ел арасында аса танымал емес. Дәл сайлаудың алдында пайда болды. Бұл партияларды саясаттан хабары бар адамдар ғана біледі. Бірақ көпшілік біле бермейді. Сондықтан олар парламентке кіреді деп айта алмаймын. Бірақ билік бұл партияларды тіркеп, саясат сахнасына бекер шығарған жоқ. Сондықтан Мәжіліске кіргізетін де шығар.
Бұл сайлаудың ең негізгі ерекшелігі – мажоритарлы жүйемен сайлау. 29 депутаттық орынға үміткерлер өзара бақ сынасады. Біз үшін бұл үлкен қадам болмақ. Сондықтан бұл сайлау кімнің кім екенін көрсетеді. Рас, үміткерлердің дені танымал адамдар. Әлеуметтік желіде. Ал халықтың оларды қалай қабылдайтынын дауыс беру кезінде білуге болады. Яғни, бір мандатты округтерде сайлау тартысты болады деп ойлаймын.