15 Ақпан 08:38
...

Рысбек Сәрсенбай: Қылмыстық істің қайта қаралуы саяси шешімге байланысты

Қоғам қайраткері
Фото: ғаламтордан

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне жасалған қастандыққа қатысты іс соңғы күндері жаңа сипат ала бастағандай. Өйткені қастандық жасауға қатысқандар кезекпен сұхбат беріп, елге белгілі адамдардың аты-жөнін атай бастады.

«Арыстан» арнайы жасағының командирі, он төрт жылға сотталып, 12 жыл түрмеде отырған Еділ ӘБІКЕНОВ «Азаттыққа» сұхбат берді. Іле-шала «киллер» Рустам Ибрагимов «қолын қанға былғамағанын» мәлімдеді. Десе де, екеуі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, саяси тапсырыспен жасалған кісі өліміне тікелей қатысы жоқ екенін, қылмыстық істің сол тұста күштік құрылымды басқарған лауазымды тұлғалар тарапынан бұрмаланғанын, оларды жалған куәлік беруге мәжбүрлегенін, шындықты ашып айтуға әлі де қорқатынын айтып ақталды.

NEGE тілшісі А.Сәрсенбайұлының бауыры Рысбек СӘРСЕНБАЙДЫҢ пікірін білді.

Қоғам қайраткері
Фото: NEGE

– Он сегіз жылдан кейін қылмысқа қатысы бар адамдардың сұхбат беріп, кейбір егжей-тегжейлерін ашық айта бастауы нені көрсетеді? Сең қозғалды ма?

– «Сең қозғалды» деуге болмайды. Бірақ бір қозғалыс бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш қою туралы бастама көтерді. Бәлкім, осыдан кейін басталған шығар. Шындығына келсек, билік топтарының арасында тартыс жүріп жатыр. Назарбаев пен Тоқаевтың, өздері айтатындай, «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстанның» арасында кикілжің бар.

Жаңа Қазақстанды құру үшін ескі Қазақстанда болған қателіктерден арылып, қылмыстарды ашу керек. Кінәлілерді жауапқа тарту қажет. Олар қазір де погон тағып, билік басында жүр. Істің түбіне жетіп, байжайлап қарайық десе, дені прокуратурада, сотта, полицияда, ұлттық қауіпсіздік комитетінде отыр.

«Бұрынғы жылдары мемлекеттік қызметкерлердің қателіктерін, мемлекеттегі олқылықтарды түзетеміз» деген мемлекеттік деңгейдегі таза саяси ұстаным болса, мәселе ресми түрде қойылар еді. Кезінде Хрущев сталинизмге байланысты арнайы шешім шығарды. «Асыра сілтеушілік болды, зардаптарын жою керек» деп ашық айтылды.

Ал енді бүгінгі билік «30 жылда заң бұзылып, қылмыстар жасалды, адамдар қаза болды, оққа ұшты, қудаланды, соның зардабынан құтылайық» деп жария етсе, бәрі басқаша болар еді. Онда барлық мемлекеттік құрылымдарда тазарту, жаңарту жұмыстары басталар еді. Өкінішке қарай, оны көрмей отырмыз.

Террорист
Р.Ибрагимов. Фото: Видеодан скрин

– Ибрагимов «мен адам өлтірген жоқпын» деп ақталып отыр. Бұған сенуге бола ма?

– Бұл – істің егжей-тегжейі. Егер мемлекеттік саясаттың бағыты болса, бұл – бөлек әңгіме. Егер кландар арасындағы қақтығыс болса, онда мүлде бөлек әңгіме. Онда әркім өзінің пайдасына қарай пайдаланады.

Түрмеде отырған Ибрагимов болсын, жазасын өтеп келген Әбікенов болсын, Мирошников болсын, осындай сәтті, мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Өзін ақтау үшін немесе жазасын жеңілдету үшін куәліктерін өзгертеді немесе бас тартады. Сондықтан да «Ибрагимов былай деді, Мұсаев олай деді, Әбікеновтікі дұрыс екен» деп сене беруге болмайды.

Террорист
Е.Әбікенов. Фото: Азаттық

Кезінде шындықтың ашылуына кедергілер болды. Ең басты кедергі Рахат Әлиев еді. Билікте жүрген кезінде оның жасаған қылмыстық әрекеттерін жасырып, жауып тастауға қайын атасы – бұрынғы президенттен бастап ат салысты. Солардың ықпалы болды. Сондықтан да қылмыс ашылған жоқ. Рахат Әлиев қайынатасының билігін тартып алуға әрекеттенген соң ғана Назарбаев түсінді. Бірақ жасаған қылмыстарын бұрыннан білді. Ол қылмыстарға өзінің де қатысы бар. Мұны бұрыннан айтып жүрмін. Сондықтан Назарбаев қылмыстың ашылуына мүдделі болған жоқ. Орнына басқа адамдарды – Өтембаев сияқтыларды құрбандыққа шалды. Бас прокурорды, Ішкі істер министрін, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын және тағы да басқаларды қылмыстың істі басқа арнаға бұрмалауға мәжбүрледі. Ол да – қылмыс!

Қазір олардың дәурені өтіп бара жатыр. Қамалып отырған Ибрагимов «киллер болмадым» деп өзін ақтағысы келеді. Осы сәтті пайдаланып, Дүтбаевқа, Әбіқаевқа, Қасымовқа, тергеуді жүргізген Машанлоға кінә артып отыр. Олардың істі бұрмалағаны рас. Талдықорғанда өткен сотта да, Қаскелеңде өткен сотта да іс ашылмай қалған болатын. Енді соны ашуға мүмкіндіктер бар. Аты аталған лауазымды адамдарды тексеруге комиссия құрылған жағдайда ғана іс алға басады. Комиссияның қорытындысы бойынша сот процесі өтуі керек.

экс-министр
Қ.Қасымов пен Н.Назарбаев. Фото: ғаламтордан

– Бұл істі қайта қарауды талап етіп, Бас прокуратураға арыз жазасыздар ма?

– Алдағы уақытта сондай әрекетке көшеміз. Мәлімдеме жасап, билік органдарына талап қоямыз. Бұл істі ресми түрде қозғау керек. Жәбірленуші тараптың арыз-шағымын күтпестен-ақ. Себебі, мұндай арыз-шағымның талайын жаздық. Солардың негізінде де қарастыруға болады.

Заманбек Нұрқаділовқа қатысты оның ұлы – Қайрат арыз жазып еді, қайтарып тастады. Онысы дұрыс емес. Қазір адал, таза прокуратура болса, прокурордың құзіретімен тергеу тобын құруға болады. Бұрынғы топ істі аяғына жеткізбеді. Енді соны қайта жандандырып, қолға алса, ешқандай кедергі жоқ. Заңдық тұрғыдан. Мәселе саяси шешімге байланысты болып тұр.