29 Қыркүйек 08:42
...

ПРОЦЕСС

Фото:

(Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына)

Аты әлемге мәшһүр жазушы Франц Кафканың «Процесс» деп аталатын әйгілі романы бар. Жалпы, Кафканың жазған-сызғандарын бір оқып түсіну қиын. Қым-қуыт сюжеттерге толы, төбе-құйқаңды шымырлатып, денеңді бір ысытып-бір суытатын шығармалар. Ол қоғамдағы түрлі қиындықтар мен келеңсіздіктерді өзіне тән аса күрделі стильмен суреттейді. Түбін түсінген сәтте өзіңізді Кафканың кейіпкеріндей сезінесіз. «Процесс» – жазушының осындай күрделі еңбектерінің бірі.

Кафка бар-жоғы 40 жыл ғұмыр кешті. Ал оның «Процестегі» басты кейіпкері Йозеф К өзі шырмалған түсініксіз сот процестерін көре-көре келіп, 31 жасында кісі қолынан қаза табады. Не үшін, кім үшін айыпталғанын түсінбестен, қандай күнәсі, нендей кінәсі үшін өлім жазасына кесілгенін білмеген күйі кете барады.

Көрнекі сурет. Фото: ғаламтордан

Екі жендет үкімді орындау үшін оны әлдебір қорқынышты жерге желкелеп апарып, қанжарды жүрегіне бойлата сұққанда Йозефтің соңғы сөзі мынау болыпты: Әй, ит өмір-ай!..

***

Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында өзінің көзі тірісінде – жарық көрген «Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек» (2004)  және саяси қастандықтан кейін басылып шыққан «Таңдау жасар сәт туды» (2006) жинақтарын тағы бір парақтап шықтым. Мақсатым саясаткердің өз аузымен айтылған немесе өз қолымен жазған «тасқа басылғандай» өміршең цитаталарын қайта тізіп шығу емес – қайраткердің мемлекетшілдігіне маңыз беру.

Кейбір «мүйізі қарағайдай» сарапшылардың өзі қайраткер туралы айтқанда «билікке өкпелеп кетті», «оппозицияның лидері еді», «Назарбаевқа қарсы шықты» деген қасаң әрі тайыз түсінікпен шектеліп жатады. Шын мәнінде, А.Сәрсенбайұлының саяси тұлғасы олар пайымдағаннан әлдеқайда биік тұр.

Алтекеңнің мына сөзі осыған жауап болмақ: «Өкпешіл адам – өлмеші саясаткер. Мен солай деп санаймын. Шеттетілгендер мен өкпелегендердің ғана саясаткер болатын уақыты келмеске кетті. Саясатқа баянды бағыт, белсенді ұстаным, ойлы көзқараспен ойланып келетін уақыт пісіп-жетілді.

Өкпешіл адам айналысынадағы құбылысты ешуақытта объективті түрде бағалай алмайды. Өкпе-ренішін бірінші кезекке қойып, өзінің жеке субъективизмінің құрбандығына айналады. Ондайлармен бәсекеге түсу де оңай. Ал менде өкпе-реніш болмақ емес, сондықтан да мен біраз адамдарға олар ойлағаннан гөрі әлдеқайда қиын қарсылас бола алам ғой деп есептеймін».

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері түрлі-түрлі жайсыз саяси оқиғалар өтті басымыздан. Екі рет мемлекеттік төңкерістен аман қалдық...

2001 жылдың қараша айында елде болған саяси дағдарыс естеріңізде болар. Сол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Рахат Әлиев қайын атасын тағынан төңкеріп тастай жаздаған жоқ па? Түрлі астыртын айла-шарғылар ұйымдастырды, «Назарбаевтың денсаулығы мүшкіл екен» деген гу-гу таратты, тіпті Назарбаевтың өзіне қастандық жасамақ болған деседі.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы мемлекеттік төңкеріс әрекетіне тосқауыл болған кім? Әрине, ең бірінші кезекте – Алтынбек Сәрсенбайұлы мен жанындағы серіктері. Осы қым-қуыт оқиғалар кезінде «бәрі мені сатып кетті» деп, А.Сәрсенбайұлының алдында кімнің жүрелеп отырып жылағаны уақыты келгенде айтылады деп ойлаймын. Саясаткердің өзі кезінде бұл туралы оңды-солды сұхбат беріп, саяси ұпай жинап қалуды қош көрмеген. Бұған мына сөзі дәлел: «Бұл тақырыпты түгел жалаңаштап, қайта жаңғырту қоғамның жарасының бетін қайта тырнағанмен бірдей. Сондықтан да оны қазбалай берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұдан тек дұрыс қорытынды жасап, мұндай оқиғаның қайталанбауын қадағалағанымыз жөн».

Мұны «Назарбаевтың билігін сақтап қалу үшін жасады» дейтін сыңарезу уәждің маңызы жоқ. Өйткені ол уақта да таразыда мемлекеттің, тәуелсіздіктің тағдыры тұрды.

Биыл қаңтарда елді дүрліктірген қанды оқиға болды. Бұл тарихта «Қаңтар оқиғасы», «Қаңтар бүлігі» немесе уақыт таразысына түскен соң «Қаңтар көтерілісі» деген атпен қалар, бәлкім. Қалай болғанда да, Қазақстан тарихы үшін қаралы бет. Ресми биліктің таратқан мәліметіне сенсек, әлдекімдер «террористерді пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды», соның салдарынан екі жүзден астам адамның қаны төгілді...

Фото: BBC

Биліктің түрлі мінберлерінен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүлікшілерден мемлекетті қалай аман алып қалғаны, тәуелсіздікті қалай сақтап қалғаны жиі айтылып жүр, әлі де талай айтылатыны анық. Әсіресе, алдағы сайлау науқаны кезінде. Президентті мақтайтындардың бір білгені бар шығар, егер шынымен де мемлекеттік төңкеріс болса, елдің жағдайы қандай болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты.

Бұл екі оқиғадан қандай қорытынды жасауға болады? Егер «Қанды қаңтар» оқиғасы кезінде президент Қ.Тоқаевтың мемлекетті аман сақтап қалғаны ақиқат болса, 2001 жылы қара күзде А.Сәрсенбайұлының Қазақстанды мемлекеттік төңкерістен аман алып қалғаны да – шындық. Өкініштісі сол, көптеген ащы шындықты саясаткер өзімен бірге ала кетті...

Бұл екі саяси оқиғаны бөліп-жарып қарай алмаймыз. Өйткені мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың мақсаты біреу – билікті күшпен басып алу. Президент Қ.Тоқаев биыл қаңтарда мемлекеттік төңкерісті тоқтатты. Алайда екі жүзден астам адамның қаны төгілді. Ал 2001 жылы қарашада А.Сәрсенбайұлы ешқандай қантөгіске жол бермей-ақ мемлекетті төңкерістен аман алып қалды, бірақ сол жолда өз өмірін құрбандыққа шалды. Бар айырмашылық осы ғана. Бірақ мемлекет үшін, ұлт үшін бұл екі оқиғаның да құны аса қымбатқа түсті. 

Алтынбек Сәрсенбайұлы биік қызметтен өз еркімен кетіп, ашық саясатқа келген кезде де билікті күшпен басып алуды ешқашан үндеген емес. Алтекеңнің феномені – биліктегі қарсыластарын мойындата білгені және өзі айтқандай, «біраз адамдарға олар ойлағаннан гөрі әлдеқайда қиын қарсылас» болғаны.

А.Сәрсенбайұлы. Фото: А.Әбдірайымұлы

«Уақытында айтылмаған шындықтың қадірі жоқ» деген А.Сәрсенбайұлы өмірімен де, өлімімен де үлкен саяси мектеп қалыптастырып кетті. Ол – шындық мектебі.

Алтекең Қалтай Мұхамеджанов туралы «Қалағаңды сағынамын» деген мақаласында былай деп жазыпты: «Әрбір адамның тағдыры оның мінезіне байланысты» дейді Ф.Аттар. Ал, мінезді қалыптастыратын не нәрсе? Меніңше, мінезді қалыптастыратын – мәдениет. Ішкі мәдениет. Ішкі мәдениеті кемшін адам ешуақытта шындықты айта алмайды. Үлкен мәдениетті игерген адам әманда шындықтың жағында болады. Өйткені, шындықты айтпау – үлкен мәдениетсіздік. Қалағаң – шындықты айтсам деп тықыршып тұратын, ақиқатты айтқанша асығатын үлкен тұлға, үлкен мәдениеттің иесі еді...»

Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі де үлкен мәдениетті игерген тұлға еді. Оған саясаткердің өмірінің соңында өзім куә болған екі оқиға дәлел.

А.Сәрсенбайұлы ашық саясатқа келгеннен бастап, өмірінің соңына дейінгі үш жылда Алматыдағы Оқушылар сарайында аптасына екі рет бірге футбол ойнадық. Алтыкен аға өзінің командасын «Демократиялық күштердің командасы» деп атайтын еді, ал біз – «Жас Алаш». Ойынымыз аса тартысты өтетін. Жұмысқа баруды қалай міндет санасақ, аптасына екі рет футболға баруды да солай көретінбіз. Өйткені Алтынбек Сәрсенбайұлының өзімен бірге доп тебеміз ғой!

Кезекті бір қызықты ойын барысында біздің жігіттердің бірінің тепкен добы шиырыла ұшып барып, Алтекеңнің бетіне сарт ете қалды. Көзілдірігі сынып, анадайға ұшып кетті. Сынған көзілдіріктің әйнегі жырды ма, әйтеуір мұрнының үстінен шып-шып қан шықты. Бәріміз состиып тұрып қалдық. Аға басын көтерді де, көмекшісі Бауыржан Байбосынға иек қағып еді, Бауыржан лезде сүлгісі мен басқа көзілдірігін әкеліп берді.

Мұрнының үстіндегі қанды сүртіп, көзілдірігін киген соң бізге қарап, өзіне тән күлкісімен залды жаңғырта күліп жіберді. Әр-әр жерде состиып тұрған түріміз күлкілі көрінсе керек, сірә. Сөйтті де: «Жігіттер, бұл не тұрыс?! Ештеңе етпейді, бұл – ойын барысы. Мен Рахат Әлиев емеспін ғой», – деді. Біз де жадырап сала бердік, ойынымыз да жалғасты.

Кейін естідік қой, «Рахат Әлиев футбол кезінде командаласы пас бермей қойса, қарсыласының абайсызда аяғы тиіп кетсе, ойын біткен соң әлгіні тапаншамен қуалайды екен» дегенді...

«Демократиялық күштер» мен «Жас Алаш» командасы, 2006 жыл. Фото: А.Әбдірайымұлы.

2003 жылдың желтоқсан айында Райымбек ауданында жер сілкінді. Эпицентрге жақын Сүмбе ауылы біршама зардап шекті. Бірнеше үйдің, мектептің қабырғасы айырылып кетті.

Бейсенбі күнгі футболдан соң Алтыкен аға бас редакторымыз Жүсіпбек Қорғасбекке: «Жүке, жер сілкінісінен зардап шеккен мектепке «Ақ жол» партиясының атынан қаржылай көмек көрсетпекшімін. Ертең таңертең жолға шығам. Бір журналист қосып бер, елдің жағдайын көріп қайтсын. Егер рұқсат етсең, өзіммен бірге Ерікті алып кетейін. Ол да ауыл жақты сағынған шығар», – деді.

Ертеңінде Алтыкен аға, шопыры Аманжол Рысбеков және мен – үшеуіміз жолға шықтық. Сол жылы қар қалың, қыс суық болды. Қайқы асуынан түскенде байқадық, Кегеннің атақты желі арқырап тұр екен.

Кегеннің орталық көшесіндегі базардың тұсынан өтіп бара жатқанда аға: «Аман, тоқта! Ақсақалды ала кетейік», – деді. Жол жиегінде қол көтеріп тұрған, сақал-мұртына қырау қатқан қарияны байқап қалыпты. Ақсақал Қайнар ауылына бара жатыр екен. Біздің жолдың үсті. Ол кезде Нарынқол мен Кеген ауданы қосылып, нарынқолдықтардың сансырап қалған кезі. Бір анықтама үшін жүздеген шақырым жол жүріп, орталыққа келетін.

Аман-саулық сұрасқан соң, ақсақал көліктің артқы орындығына жайғасты. Қария алдыңғы орындықта отырған Алтынбек Сәрсенбайұлын анықтап көре алмады ма, таныған жоқ. Мұны аға сезе қойды. Ақсақалдан елдің жағдайын сұрап болған соң әңгіменің ауанын жайлап саясатқа бұрды. Бұл 2004 жылғы Парламент сайлауының қарсаңы еді.

– Ақсақал, алдағы сайлауда қандай партияға дауыс бересіз?

– «Ақ жолға» дауыс береміз!

–  Не үшін «Ақ жолға»?

– Өйткені ол партияны өзіміздің Алтынбек бастаған жігіттер басқарады.

– Сол үшін ғана дауыс бересіз бе?

– Ол үшін ғана емес, Алтынбектің әкесі Сәрсенбай Байғұлов біздің Қайнар колхозын миллионер жасаған кезінде. Әкесі сондай таза, әділ адам. Колхоздан бір қой алса да, өз айлығынан төлеп алып, түбіртегін сақтап қоятын.

– Еее, солай деңіз...

– Жетекшісі Сәрсекеңнің баласы Алтынбек болса, біз неге «Ақ жолға» дауыс бермейміз?! Алтынбекті, «Ақ жолды» білмейтін сендер кімсіңдер өзі?! Қайдан келдіңдер?! «Отанның» мүшесісіңдер ме?!

Әңгіме осы тұсқа келгенде Қайнар ауылына да кірген екенбіз. Ашулы ақсақал «осы жерге тоқтаңдар» деп қысқа қайырып, бұдан әрі әңгімелесуге құлқы жоқ екенін аңғартты.

Көлік тоқтағанда Алтыкен аға бірінші түсіп, есікті өзі ашып, қарияны қолтықтап түсірді де: «Ақсақал, сіз айтып отырған Сәрсекеңнің баласы Алтынбек мен едім», – деді.

Қария сол кезде ғана анықтап қарады да, «айналайын-ай!» деп бас салып құшақтай алды. Алтынбегін танымай қалғанына ыңғайсызданып, қайта-қайта бетінен сүйіп, бәйек болып жатыр.

2006 жылы 11 ақпанда А.Сәрсенбайұлына саяси қастандық жасалып, ақпанның соңында саясаткердің туып-өскен ауылы Сарыжазда жерлестері қаралы митингі өткізді. Мыңдаған адам жиналған сол митингіде үш жылға жуық уақыт бұрын жолда кездескен әлгі қарияны тағы көрдім. Әппақ сақалынан тарам-тарам жас ағып, жылап тұрды...

***

...Сөз басында Кафканың «Процесін» мысал еткеніміз, тақырыпты «Процесс» деп қойғанымыз бекерден-бекер емес еді. Қазір біздің қоғамда да сондай түсініксіз «процестер» жүріп жатыр. Қазақстанның әрбір азаматы Кафканың кейіпкері Йозефтің тағдырын кешпес үшін бізге мүлдем басқа процестер керек. Ол – Алтынбек Сәрсенбайұлы армандаған саяси реформалар, әділ сайлау, дамыған қоғам. Қайраткердің келер ұрпаққа қалдырған аманаты да – осы.

Ерік РАХЫМ.