13 Ақпан 10:00

Ғалымжан Жақиянов: Рахат Әлиев маған «Алтынбекті мен өлтірткен жоқпын» деді

Саясаткер
Фото: Ғ.Жақияновтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

2006 жылы 13 ақпанда Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы оққағары Бауыржан Байбосын және шопыры Василий Журавлевпен бірге саяси террордың құрбаны болды. Бұл қылмыс әлі толық ашылған жоқ. Өйткені 18 жыл өтсе де, жауабы табылмаған сұрақ көп. Қазіргі билік бұл қанқұйлы қылмысты қайта қарауға аса құлықты еместей көрінеді. Оның бір себебі – қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдар әлі де күшті...

2006 жылы ақпанда жасалған саяси террордың себебі мен салдарын ҚДТ қозғалысын құрушылардың бірі, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Ғалымжан ЖАҚИЯНОВПЕН бірге талдап көрдік.

– Алтынбек Сәрсенбайұлымен таныстықтарыңыз қалай басталды?

– Алтекеңмен қай кезде танысқанымыз нақты есімде жоқ. 90-жылдардың басында бір-бірімізді сырттай білетінбіз. Қол алысуымыз шамамен, 1994 жыл болуы керек. Сол жылы жазда мен Семей облысына басшы боп тағайындалдым, ал күзде Терещенконың үкіметі отставкаға кетіп, Қажыгелдин жаңа үкімет жасақтады. Осы үкіметте Алтынбек ақпарат министрі болды. Түрлі жиындарда, жиналыстарда кездесетінбіз. Абайдың 150 жылдық мерей тойынын жұмыстарымен де хабарласып тұрдық. Биліктегі жігіттер Алтынбектің президентке ықпалы бар екенін айтып жүретін. Алтынбектің жанында Марат Тәжин деген азамат болды, әркім өз саласына қатысты шаруаларды атқарып, мемлекеттік қызметімізде жүрдік.

Ал енді тығыз араласа бастаған кезіміз – менің Павлодар облысына әкім болып баруыммен байланысты. 1997 жылы Президент маған: «Даниал Ахметовке қарағанда қазақылығың бар ғой, облысты қазақыландыру керек. Экономика жағынан да ол облыстарымыз Қазақстаннан гөрі Ресейге жақын жүр», – деді. Шынымды айтайын, басында әкім болып баруым ойда жоқ болатын. Өйткені мемлекеттік қызметті қойып, қайтадан бизнеске кетуді жоспарлап жүргем. Президент алдымен «Солтүстік Қазақстанға әкім бол» деді, оған көнбедім, содан кейін «Ахметовті сонда жіберейін, Павлодарда 5 жыл әкім болды, шаршады, енді сен бармасаң болмайды» деді. Мұндағы мақсат – солтүстікті қазақыландыру. Әрине, бұл Назарбаевтың ғана идеясы емес, Алтынбек Сәрсенбайұлының осы бағытта жүргізген жұмысының, кеңесінің нәтижесі деп ойладым. Кейіннен солай екеніне көзім жетті.

Саясат
Фото: Ғ.Жақияновтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Павлодарға барғаннан кейін Алтынбек басқаратын министрлікпен бірге «Алтын тіл» деген жоба жасап, үлкен жұмыс атқардық. Ол кезде Павлодарда қазақтардың үлес салмағы 30 пайызға да жетпейтін. Бар қазақтардың көбі қазақша білмейтін еді. Міне, сондай кезеңде тілді дамытуға осылай үлес қостық.

1998-99 жылдың қысында президенттік сайлау өтті. Сол кезде де Алтынбекпен бірлесіп жұмыс істедік. Ол сайлауды өткізуді ғана ойлаған жоқ, сайлауға деген халықтың сенімі болуы керек деп есептеді. Осы сайлау кезінде тізеге басып жіберген кейбір әкімдерге Алтекең қатты кейіп: «Ғалымжан, сен бұл сайлаудың мәні мен маңызын ұғасың, ал мынау Мусин сияқтылар халықтың сеніміне селкеу түсіріп жатыр», – дейтін.

Сайлау өтті. Оның қалай өткенін халық біледі. Осы сайлаудан кейін елге өзгеріс керек екенін ұқтық. «Алдымен экономика, одан кейін саясат» деген формуланың іске аспағанын көрдік. Көрдік те, саяси реформалар туралы ойлана бастадық. Бұл 2001 жыл еді.

– Бұл Назарбаевтың күйеубаласы Рахат Әлиевтің бүлігі басталған кез ғой?

– Иә, «Азиопа» деген сайт шығып, ел дүрліге бастаған кез. «Азиопаға» дейін де оппозициялық бағыттағы бір-екі сайт болған. Мөлшермен бұл да сол сияқты көрінді. Бірақ, бұл сайт Назарбаевтан бастап бәрін сынайды, компроматтар жариялайды, тек Рахат Әлиевке тиіспейді. Оны «генерал Әлиев» деп атайды және сол тұста Ресейде билікке келген чекист Путинмен салыстырады.

Күйубала
Фото: ғаламтордан

2001 жылы Марат Тәжин ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалды, ал Рахат Әлиев оның бірінші орынбасары болатын. Сол тұста Астанаға барғанымда М.Тәжинге құттықтайын деп кіргенмін. Әдетімше ойымды ашық айтып, әр нәрсені сұрай бастадым. Сонда Марат маған «артық нәрсе айтпа» деп ымдады. Әбден қорқып қалған. Сөйтсем, қарама-қарсы кабинетте Рахат Әлиев отырады екен.

Мараттан шыққаннан кейін Алтынбекке жолықтым. Ол кезде Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы – Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі. Алтекең бәрін біліп отыр екен. Рахаттың ҰҚК-ні басқарып отырғанын, Тәжинді тырп еткізбей бақылайтынын, оған қатысты компромат жинап алғанын айтты. Маратты кезінде КГБ өз қатарына тартып, оған «Март» деген лақап ат бергені туралы «Азиопа» сайтына да жазған. Мұның жайын сұрағанда, Мараттың өзі де мойындапты. Тырп ете алмай отырған себебі осы екен.

Осы кездесуде Алтекең маған: «Ғалеке, менің айтқаным аз болады, президентпен сен де сөйлессең. Өйткені басқалардың батылы жетпейді. Нұрекең сені тыңдайды ғой. Елге саяси өзгерістер керек», – деді.

Назарбаевпен 2001 жылдың мауысым айында болған әңгімеміз нәтиже бермеді. «Сен парламенттік республиканы аңсап отырсың, әкімдерді сайлағың келеді! Олай болса, елге ие бола алмай қаламыз», – маған дүрсе қоя берді.

Содан Алтынбектің ұсынысы бойынша күзде Алматыда президентке саяси өзгерістер туралы әңгімеге қоса, күйеубаласы Рахат Әлиевтің қылықтарын айттым. Ол тағы да дұрыс қабылдамады. «Сен оны қайдан білесің? Қандай дәлелің бар?», – деп бұл жолы да маған қарсы болды. Ауыр сөздер айтылды, тіпті Шалкиіз жыраудың «Күл төбе болмас, күйеу бала болмас» дегенін де ескерттім. Аяғы қолымды сілтеп, кабинетінен шығып кеттім.

Әлиев
Фото: ғаламтордан

Біраздан соң Назарбаев өзі телефон шалып, қайта шақырды. Бұл ұялы телефондардың алғаш шыға бастаған кезі еді. Қатты алаңдаулы екен. «Сен «Азиопаға» Рахаттың қатысы бар екенін дәлелде» деді. «Мақұл» деп, Алтекеңмен хабарластым. Сөйттік те, нақты дәлел іздеүге кірістік. Осы жұмыстың ішінде бірге жүрген Мұхтар Әбілязовпен бірге Мәскеуге ұштық. Алтынбек болса, «Қазақтелеком» бастықтарына тапсырма беріп, «Азиопадағы» редактордың кімдермен сөйлескенін анықтады. Осылайша құжаттар жинап, екі аптадан кейін нақты дәлелдермен президентке қайтадан кірдім. Одан бұрын Алтынбек екеуміз келісіп алдық. «Президент сенен «осы дәлелдеріңді бекітіп беретін тағы кім бар?» деп сұрайды. Сол кезде сен мені айтарсың», – деді ол.

Жағдай тура жоспарлағандай шықты. Прпезидентке Алтынбек кірді де, бәрін растады. Назарбаев құп-қу болып кетті. Жүрегі қысылды.

– Рахат Әлиевті әшкерелеу туралы әркім әртүрлі айтады. Мәселен жуырда сұхбат берген Амангелді Шабдарбаев «2001 жылы Рахатты мен әшкереледім» дейді...

– Әркім әртүрлі айта береді ғой. Оқиғаның басы-қасында біз жүрдік. Бәрін бүлдіріп жүрген Рахат Әлиев екеніне көзі жеткен соң Назарбаев «Енді не істедік» дегенде Алтекең: «Бұл шаруаны ҰҚК төрағасы Марат Тәжинге тапсыра алмайсыз. Оны Рахат Әлиев билеп-төстеп алған. Бас прокурор Рашид Түсіпбековке да айта алмайсыз, ол да Рахаттың астында. Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов пен Жеке күзетіңіздің басшысы Әлнұр Мұсаев та соның адамдары», – деді

Рахатты тұтқындай алатын адам жоқ екенін, оны ұстауға күштік құрылым басшыларының ешқайсысының дәті жетпейтінін Назарбаев та сезді. Бірін ақшамен, екіншісін компроматпен, үшіншісін қорқытып тастаған. Ол не істерін білмей отырағанда Алтынбек: «Мұны Аманға тапсырыңыз, сосын Коляға айтыңыз», – деді.

Сонда Аман деп отырғаны – президенттің сол кездегі оққағары Амангелді Шабдарбаев. Ал Коля – Алматы қалалық полициясының бастығы Қалмұхамед Қасымов. Назарбаев бірден Шабдарбаевты шақыртып алды да, тапсырма берді. Сол кеште үйінен Қасымовты алғызып, екеуіне не істеу керек екені түсіндірілді. Ертеңінде мен Алматыдан Павлодарға ұшып кеттім.

Артынан Алтынбектің айтуынша, Шабдарбаев пен Қасымов «Азиопаға» қатысы бар біраз адамды ұстағанда олар істегенін мойындап, бәрін әшкерлеген екен. Әлиевтің кабинетінен өз қолымен жазған жоспарын тапқан. Осының бәрін Алтынбек президентке апарып көрсеткен соң, Рахат Әлиевті ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен алды. Әлнұр Мұсаев арқылы Рахат өзіне қауіп төнгенін біліп қалса керек, Алматыдағы бункерге тығылып алып, саудаласа бастады. Әулет мүшелері араласқан саяси сауда бірнеше күн жүрді, оның нәтижесі қандай болғаны белгілі. Ақырында Әлиев әйелі Дариға Назарбаеваны алдыға салып Астанаға келіп, Президент күзетінің қызметі бастығы Мұсаевтың орынбасары болып шыға келді.

КНБ
Фото: ғаламтордан

– ҚДТ-ның құрылуына басты триггер Назарбаевтың осы әрекеті болды ма?

– Елге өзгеріс керек екенін оған дейін-ақ түсінгенбіз. Демократиялық қозғалыс құру жайын Алтынбек екеумізден басқа, Ораз Жандосов, Мұхтар Аблязов және Нұржан Сұбханбердинмен сөйлескенбіз. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» деген атауын да қойдық. 2001 жылы қарашаның 17-сі күні Сұбханбердиннің резиденциясында төртеуміз бас қостық. Бұл жиынға Алтынбек қатысқан жоқ, ол Астанада болатын. Сол күні телеарналардың бірінен Назарбаевтың Әлиевке қатысты мәлімдемесін көрдік. «Рахатты өзімнің оққағарым етіп тағайындаймын, мені кім күзететінін өзім шешем!», – деді Назарбаев. Одан кейін Әлиев сөйлеп: «Бәріңді құртам!», – деді. Атымызды атамаса да, бізге сес көрсеткенін түсіндік. Қозғалыс құратынымызды келесі жылы жариялаймыз деп отырған біз мұны естіген соң бірден баспасөз мәслихатын өткізіп, 18 қарашада қозғалыс құратынымызды мәлімдедік.

– 2002 жылдан кейін Алтынбек Сәрсенбайұлымен байланыстарыңыз үзіліп қалған сияқты. Сізді түрмеге қамады, А.Сәрсенбайұлын Ресейге елші етіп жіберді. Қай кезден бастап байланыс қайта жанданды?

– 2004 жылы күзде Алтекең маған Шідертідегі колонияға келді. Алдында жұбайым Қарлығаш арқылы байланысып тұрдық. Шідертіге келісінде «демократия жолындағы күресімізді жалғастырайық» деген ой айтып, артынан «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысын құрдық. Ол кезде Алтынбек «Ақ жол» партиясының тең төрағасы болып сайланған және саяси тұтқындарды босату жөнінде батыл мәлімдемелер жасап жүрген.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде «Алтынбек маған саяси партия құру жөнінде ұсыныс айтты» депсіз. Бұл қандай партия еді?

– Алтынбек «Ақ жол» партиясының ішіндегі ырың-жырыңнан, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының сәтсіздігінен соң маған бірлесіп партия құру жөнінде ұсыныс айтқаны рас.

2006 жылы қаңтардың ортасында түрмеден шықтым. Одан Алтекең екеуміз күнде кездесіп, партия құру мәселесін талқылайтынбыз. Қазақстанда «құлақ» көп болғандықтан, партия құру мәселесінің нүктесін Мәскеуде қоймақ болып келістік. Мәскеуге бірге ұшпақ болып билетті де алып қойдық. Бірақ Алтынбек «екі күн кешігіп барам, сен бара бер, денсаулығыңды тексертерсің» деді. Ал 13 ақпан күні Ораз Жандосов телефон соғып, жаманат хабарды естіртті.

– Ғалымжан Бадылжанұлы, Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандыққа қатысты іске күмәнмен қарайтындар көп. Істе әлі де нақтыланбаған жайттар мен жеке басы анықталмаған адамдар бар. Солардың бірі – Сапабек Мұқышев. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды да.

– Алтекеңнің қазасына байланысты істе мен куәгер болуым керек еді, бірақ оған мені Қазақстан билігі қатыстырмады. Сол іске АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФБР) араласты ғой, мен олармен 2013 жылы Бостонда кездестім. ФБР қызметкерлерінің айтуынша, Мұқышевтің көлігінен Алтынбектің фотосын тапқан.

Ақпан айының 9-ында Алтынбек екеуміз Ботаникалық бақта кездесіп, саяси мәселелерді талқылап жүргенбіз. Күн суық еді, «Рамстордағы» кофеханалардың біріне кіріп, бой жылытпақ болдық. Кіргенімізде екі адамға кез болдық. Олардың бірі Сапабек Мұқышев мені танып, жақындап келіп амандасты. Екінші адам Рустам Ибрагимов екенін кейін білдім. Алтынбек бір нәрсені сезген болуы керек: «Ғалеке, бұл жерден кетейік», – деп орнымыздан тұрып кеттік.

Криминал
Сапабек Мұқышев. Фото: ғаламтордан

– Екеудің бірі Рустам Ибрагимов екенін қайдан білдіңіз?

– Мұны маған сол Федералдық тергеу бюросының қызметкерлері айтты. Осы кездесуде: «Мына адамды танисыз ба?», – деп Мұқышевтың суретін көрсетті. «Әрине, танимын. Түрмеде бірге отырдық. «Бек» деген лақап аты бар. Маған Назарбаев жеті жыл кессе, екі адам өлтіргенді алты жылға соттаған. Кейін түссе де, оны түрмеден меннен бұрын босатқан», – дедім. «Қастандық жасалардан бірер күн бұрын бұл адаммен кездесіпсіз, жанында тағы біреу болған. Оның кім екенін білмедіңіз бе?», – деп сұрады. Сөйтсем, ол Рустам Ибрагимов боп шықты. Яғни олар бізді аңдып жүрген.

Алтынбекті соңғы көргендердің бірі – мен. Бірақ мені куәгер ретінде тергеуге де, сотқа да қатыстырған жоқ. Егер қатыстырса, екі адамның бізді аңдып жүргенін, солардың бірі Мұқышев екені анықталар еді.

– Алтынбек Сәрсенбайыұлын өлтіруге Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев тапсырыс берді дегенге сенесіз бе?

– 2007 жылы Әлиев маған хабарласты. Ұмытпасам, мамыр айында телефоныма қоңырау түсті. «Бұл Рахат Әлиев қой, сөйлессем деп едім, скайпқа шыға аласың ба?», – деп сұрады.

Сонда ол маған: «Алтынбектің өліміне менің қатысым жоқ», – деді. Сол кезде Назарбаев пен Әбіқаевтың Австрияда кездескенін маған айтып берген. Бірақ оған сенуге бола ма, жоқ па, ол жағын білмеймін.