Режиссерлер мемлекеттік тілге неге шекеден қарайды?
Бұрынғылардан қалған «айтпаса сөздің атасы өледі» деген тәмсіл тегін емес шығар. Біршама уақыттан бері қазақ режиссерларының туындыларын қалдырмай көруге тырысып жүрмін. Біржағы отандық өнімді қолдағаным. Көрмейін десең, көлегейлеп шыға келетін кейбір сәтсіздіктерді тізбесек те, негізгілерін айту керек шығар. Жуырда режиссер Рашид Сүлейменов «Зеркала» (Айна – ред.) фильмінің тұсауын кесіп, прокатқа шығарды. Киноға түскен актерлердің басым бөлігі қазақ тілді бола тұра, көптеген сахна орысша таспаланған. Неге?
Қазақ киноиндустриясының даму қарқыны көз қуантады. Прокатқа шыққан туындылар кеткен шығынды ақтап қана қоймай, табыс әкеле бастады. Бұл соңғы бес жылдың еншісіндегі жетістік. Көрермен көзайымына айналған сериялы фильмдердің шығуы бөлек тақырып. Әйтсе де, сын деген өткір кездіктің тіліп түспей қалар жері кемшін. Ел ішінде, одан қала берді әлеуметтік желіде «біздің режиссерлер комедиядан басқасын қарық қылмайды» деген алып-қашпа сөз жиі айтылады. Рашид Сүлейменов сол сеңді бұзбаса да тың бағытта елеулі еңбек етіп жүр. Қайсыбір жылы режиссердің «Арман» туындысын көріп іш жылып қалған-ды. Сол кездің өзінде БАҚ өкілдері мен киносыншылар өткір сын айтып, кемшілігін моншақтай тізіп режиссерге жеткізді. Сын түзу айтылса, мін түзелмей ме?! Рашид Сүлейменов «Зеркала» фильміне барын салып баққан сыңайлы. Актер шеберлігі, сценарий һәм режиссер көзқарасы бір арнаға тоғысып, жұмыр дүние шыққан. Режиссер қоғамның жарасын тырнаған арзанқол ұрыларды нысанаға алу арқылы көрерменге ой салуды көздеп, оның үдесінен шыға алған сыңайлы.
Қош, негізгі сөз етпегіміз басқа. Прокатқа шыққан кез келген кино коммерциялық бағытта таспаланатыны рас. Бірақ, ұлттық құндылықтар неге коммерцияның тасасында қалу керек? Кинотеатрлардағы орыс тіліне деген басымдық талайдан дау туғызып, соңы қазақ тілінің мәртебесі қайтқан-ды. «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 3 қаңтардағы №212-VI заңында Фильмдерді прокаттау туралы 9-баптың 5-тармағында: «Егер Қазақстан Республикасында шығарылған фильмде қазақ тілімен қатар басқа да тілдер қолданылған жағдайда, оны прокаттауды және көрсетуді жүзеге асыру кезінде басқа тілдердегі мәтін қазақ тілінде субтитрленуге не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс» делінген. Режиссер Рашид Сүлейменов түсірген «Зеркала» фильмі заң жүзінде әрекет еткеніне дау жоқ. Алайда, қолданыс аясы кең, шұрайлы тілімізді кей жерлерде тым қарабайыр аударған. Онымен қоймай ауызекі сөйлеу стиліне жуымайтын сөз қолдануы ұнай қоймады. Мәселен, өзара диалог өрбіткен ІІМ өкілдерінің сөзі субтитрде «қыз ҰСТАЛЫНДЫ» деп аударылған. Ай мен күннің аманында қазақ тіліне жаңа сөз қосып не көрінді?! «Ұсталды, қолға түсті» деп жазу қиынға соққан ба? Осы тектес кемшіліктер баршылық. Мақалаға тұздық болған «Зеркала» туындысы болғанмен сын астына оннан астам, тіпті жүздеген отандық кино фильм мен сериалды алуға болады. Сайып келгенде, диалогқа жауапты маманның жауапсыздығына налисың. Қазақ тіліне құрметсіздік танытқан маман біліксіз болып «қолға түсуде». Басқа-басқа Рашид Сүлейменов келесі туындысында қазақ тілінің мұртын қисайтпай жарыққа шығарар, ал басқалар ше?!
Арман Құдайберген
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды