«Ресейдің тас-талқаны шықты, соны НЕГЕ жазбайсыңдар?!» – АҚШ президенті
Ресейдің Харьков түбіндегі шабуылы қайраңдады. Бұған Батыс елдерінің Украинаға қару-жарақ пен қаржылай көмегін үйіп-төкені түрткі болғаны байқалады. Тіпті, батыс Киевке Ресейдің ішкі аймағындағы әскери нысандарға шабуыл жасауға рұқсат беріп отыр.
НАТО-ның батыл қимылы Еуропа жұртшылығын алаңдатып отырған жайы бар. Өйткені, бұл Ресеймен тікелей қақтығысқа ұласуы ғажап емес. Мәселен, Аустрияның қорғаныс министрі Клаудия Таннер осыдан қауіптенетінін айтты. Оның мәлімдеуінше, Батыс елдері Украинаға батыс қаруымен Ресей жеріне шабуыл жасауға рұқсат беру арқылы «қызыл сызықты» аттап өткен.
Бірақ НАТО белді бекем буып отыр. Батыстың әскери көмегі артпаса, азаймайтын секілді. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергтың соңғы мәлімдемесі осыны көрсетсе керек.
«НАТО елдері енді Киевке қару жеткізуге міндетті, генерал Каволи басшылық жасайтын командалық құрылымдар үйлестіретін болады», – деді ол.
Тіпті, альянс құрамында болғанымен Ресейдің сөзін сөйлеп жүрген Мажарстан секілді елдер НАТО-дан қуылуы да ғажап емес. Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбанның «НАТО Ресейге қарсы ұрыс салуға жоспар құрып жатыр» деп байбалам салғаны да бар.
Бұл жаңалық Мәскеудің қытығына қатты тигені байқалады. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова былай деп түсініктеме берді: «Еуроодақ елдері Вашингтонның НАТО жалауы астында Ресеймен тікелей қақтығысқа итермелеп жатқанын түсініп отыр ма?!»
Әйтеуір, ресми өкіл эмоцияға салынып, АҚШ-ты тілімен түйреп өткенімен, бұған қарсы қандай нақты шара қолданатыны жайында ләм-мим демеген.
Украинаның қарулы күштері Батыс қаруымен Ресейдің ішкі аймағын нысанаға ала бастады. Мұны Украинаның қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов та растады.
«Бұл (батыс қаруымен соққы беру) қазірдің өзінде жақсы сезіліп отыр. Мұндай соққылардың әсері бар. Украина үшін майдандағы жағдайды нақты жеңілдетеді», – деп мәлімдеді ол.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Батыс қаруы тек майдан шебінде ғана қолданылып келді. Таяуда АҚШ президенті Джо Байден енді қай жерде болса да, украиналықтарды атып жатқан ресейлік қару-жарақ орналасқан нысандарды түгел атуға рұқсат берді. Мұның алдында Германияның канцлері Олаф Шольц те неміс қаруын қолдануға «ақ батасын» берген-ді. Бұл шешімдіНАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг те қолдады. «Украина төңірегіндегі әскери нысандарға қарсы қару жұмсауға рұқсат бермеудің ешқандай мәні жоқ», – деді ол.
Франция президенті Эммануэль Макрон: «Француз зымырандары бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға тимегені жөн», – деп Ресей аумағына оқ жаудыруға болатынын ымдады.
Батыс сарапшыларының пікірінше, Ресейдің майдандағы жағдайы аса мәз емес. Қырымнан айырылып қалудың қаупі бар көрінеді. ATACMS зымырандары ондағы маңызды инфрақұрылымдарды тас-талқан етіп жатыр. Бұл стратегиялық соққылар түбектегі күш теңгерімін өзгертуі бек мүмкін. Бүгінде ресейлік әскерилердің ресурстары шектеліп жатса, украиналықтардың қысымы үдей түскен. Қырымның қыспаққа түсуі Мәскеуге ауыртпалық әкелмек.
Батыс көзқарасынша, Украина қару тапшылығынан қысылып тұрған кезде, Ресей осы өліара тұсты пайдаланып шабуылдағанмен, шамалы ғана алға жылжыған. Қазір құны миллиардтар болатын қару-жарақ ағылып келген соң, Ресей шабуылдарына тегеурінді тойтарыс беріліп жатыр.
Сондықтан Ресейдің биыл жеңіске жетуі неғайбыл. Солдат саны көп болғанымен, бронды техникалары құрдымға кеткен. Әскери қуатын 2022 жылғы деңгейге қайта жеткізу үшін көп жылдар керек.
Бұл деректі Ақ үй де растап отыр. Вашингтонның пікірінше, бұл соғыста Ресей әскерінің «тас-талқаны» шыққан. Ал НАТО ұйымы болса, іргесін бекітіп, күш жинап алыпты.
«Осы уақытқа дейін болған жайттарды неге ұмыт қалдыратындарыңызды білмеймін. Ресейдың қарулы күштері талқандалды. Бұл туралы неге жазбайсыздар? Ресейдің тас-талқаны шықты», – деп мәлімдеді АҚШ президенті Джо Байден батыс басылымдарының біріне.
Украинаға әскери көмекті айтпағанда, Батыс Ресейдің мойына салған экономикалық санкция құрсауын сығымдай бастады. АҚШ-тың қаржы министрлігі Ресейге қарсы тағы да жаңа санкция салатынын айтты. Ресейден бөлек, санкцияға Мәскеуге қолғабыс жасаған Азия, Еуропа мен Африка елдерінің жеке тұлғалары мен заңды тұлғалары да іліккен.