«Қарапайым заттар экономикасы»: Отандық сүт өнімдері нарықты жаулай бастады
«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша ашылған мүмкіндікті пайдаланған шаруа қожалығының иесі Эльмира Садықова сүт өнімдерін шығарып, енді оларды зауыттарға сата бастады. Шаруасы өрге домалап отырған кәсіпкер Nege.kz тілшісіне өз табысының құпиясын ашып берді.
«Садықов» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Эльмира Садықованың айтуынша, ол 2018 жылы шаруа қожалығын сатып алған. Алдымен ауыл шаруашылығындағы кәсібін бастамай тұрып, басқа бағыттағы тірлікке кредит алып көрген. Бірақ ол несиенің пайызы өте жоғары болып шықты. Онымен салыстырғанда, кәсіпкерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шарттары анағұрлым жеңіл тиіпті. Себебі, банк пайызының біршамасын мемлекет субсидиялап, өз тарапынан өтеп береді.
"Садықов" ЖК шаруа қожалығы. Фото: Эльмира Садықованың жеке архивінен
«Біз 2018 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейміз. Атап айтсақ, сиыр бағып, сүтін зауыттарға сатамыз. Яғни, сүт өнімдерін шығарамыз. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» туралы біз 2019 жылы білдік. Сол жылдың аяғына қарай, ЦентрКредит банкінен осы бағдарлама бойынша несие алдық», - дейді, Эльмира Садықова.
Қазіргі таңда ЦентрКредит банкі «Қарапайым заттар экономикасы» аясында кәсіпкерлердің өтінішін жерге тастамай, оларды тез қарастырып, жан-жақты кеңес беріп, көптеген шаруа иелерінің көңілінен шығып отыр. Сондықтан кәсіпкерлер аталған банкке көбірек жүгіне бастаған. Ал Эльмираның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» күнделікті халыққа қажет заттарды өндіретін өте түсінікті жоба. Әрі салыстырмалы түрде қарасақ, шарттары мен пайызы әлдеқайда тиімді. Эльмираның сөзінше, бұл бағдарлама басқа да салалардың кәсіпкерлеріне өте қажет.
«Өйткені, ауыл шаруашылығы саласында қолдау шаралары көп, ал басқа бағытта бұндай бағдарламалар аз. Және ең басты айта кетерлігі, бағдарлама әділ орындалып жатыр. Яғни, біреуге ерекше қарап, бір кәсіпкерді алалау деген жоқ. Менің таныстарымның көбі бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде біреуге ақша беру керек деп ойлайды. Жоқ, мүлде олай емес. Қорықпай, құжаттардың бәрін тыңғылықты жинаса, бағдарламаның әділ жұмыс істейтініне көз жеткізесіздер»
"Садықов" ЖК шаруа қожалығы. Фото: Эльмира Садықованың жеке архивінен
Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарларының импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтеді. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жояды.
Қазір оған 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Ал қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылатын Қазақстанның орнықтылық қоры арқылы белсенді түрде жүріп жатыр. Мемлекет кәсіпкер үшін ақырғы пайыздық ставканы 6% дейін төмендетеді. Яғни, несие пайызы субсидияланады. Осылайша, кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бар.