РЕФОРМА: Тоқаевтың «ТӘЙ-ТӘЙІ» неден басталады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іргесін мықтап бекітіп алды. Конституцияға өзгеріс енгізілді. Президент сайлауында қайта жеңіске жетті. Мәжіліс пен мәслихатты қайта жаңғыртты. Енді не қалды? Әрине, тек қана әрекет.
Әрине, «әрекет» сөзінің астарында саяси реформаларды тереңдету, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру жатқаны анық. Бірқатар қазақстандық сарапшылар NEGE арқылы алдағы уақыттағы биліктің қадамдары жөнінде болжам жасап көрді.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы:
Екі заң жобасын қабылдаса, бұл бір қадам алға жылжу болмақ
– Парламентте өткен шақырылымнан бері маңызды заң жобалары жатыр. Олар – қоғамдық бақылау және жергілікті өзін-өзі басқару.
Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасында жергілікті басқаруды мемлекеттік басқару жүйесінен бөлуді және ауылдық елді-мекендерде, аудандық маңызы бар қалаларда кеңестер түрінде сайланатын өкілетті билік органын құруды қарастырып отыр.
Бұл жерде өз басым келіспейтін жайттар да бар. Басқа да қоғамдық белсенділермен бірге талқылап, жетілдіре түсуді қажет етеді.
Қоғамдық бақылау туралы заң жобасы мүдделі азаматтарға, үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік органдарды, квазимемлекеттік коммерциялық құрылымдарды қадағалайтын белгілі бір бақылаушы сипаттағы қызмет атқаруға мүмкіндік береді. Тым болмағанда, осы екі заң жобасы қолға алынады деп ойлаймын. Мұның бірі – қоғамдық бақылау туралы заң жобасы бұрыннан талқыланып, қаралып келеді.
Егер осы заң жобаларын жақын арада қабылдайтын болса, бұл бір қадам алға жылжу болмақ. Ал жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасына келсек, оны әлі жақсылап иін қандырған абзал. Кейбір депутаттар сарапшылардың кеңесін тыңдағаны жөн.
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:
Жер мәселесі алғашқы кезекте тұр
– Былтыр жасалған саяси реформалардың, конституциялық өзгерістердің заңнамалары толық аяқталуы тиіс. Қолға алынған жергілікті өзін-өзін басқару туралы, әлеуметтік бастамалар туралы заң жобалары бар. Бұл – жаңа парламенттің атқаратын жұмысының басты бағыты.
Алдағы уақытта аудан әкімдерін сайлауға байланысты саяси реформалар басталады. Жергілікті өзін-өзі басқару заңнамасы күшейтіледі. Жергілікті аудандардың бюджеті болады. Мәслихаттың рөлі күшейеді. Тағайындалатын емес, сайланатын әкімдердің де жауапкершілігі артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дүниелерді конституциялық реформалардың басым бағыты ретінде атап өткен болатын.
Президенттің былтырғы сайлаудан кейінгі бірінші тапсырмасы – ауыл мәселесі еді. Парламентте басым көпшілік дауыс алған Amanat партиясының да бағдарламаларында «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» деген бағыттары бар. Бұлар да Президент бастамаларымен үндес. Сондықтан жер мәселесі алғашқы кезекте тұр. Жайылымдық жерлерді ауыл халқына қайтарып, ауыл тұрғындарына триллион теңгеге дейін беріліп отыратын қаржы үлестірілуі тиіс. Яғни аграрлық саясатты күшейту – басты жұмыс. Қазіргі қымбатшылық қысып тұрған шақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін де – ауыл. Сондықтан жер мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Экономикада да қордаланған мәселе аз емес. Сыртқы факторларды ескере отырып, дұрыс инвестициялық саясат жүргізу аса маңызды. Былтыр президенттің өзі сыртқы қарым-қатынастарда инвестиция тарту бойынша көп келісімшарт жасады. Оларды іске қосу кезеңі басталады.
Геосаяси түйткілдерге байланысты санкцияларға ілікпеу үшін ішкі заңнамаларды қайта қарастыру күн тәртібінде тұр. Өздеріңізге белгілі, жуырда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға келіп-кетті. Орталық Азияның, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы экономикалық қарым-қатынас бағыттарына қатысты талаптар болған сияқты. Сондықтан осы аймақтағы елдер санкциядан аман-есен өтіп, дұрыс халықаралық қатынас орнататындай әрекетке көшеді.
Президент, жалпы, билік екі үлкен бағытқа баса назар аударады. Ішкі саясатта тұрақтандыруға, саяси реформаларды тереңдетуге, сыртқы саясатта санкцияларға байланысты экономикалық келісім-шарттарды қайта қарастыруға, инвестициялық ахуалды күшейтуге жіті көңіл бөлінеді.
Оразалы СӘБДЕН, экономист:
Ғылыми технологиялық прогрестен өте кенжелеп қалдық
– Былтыр референдум өтіп, конституцияға өзгерістер енгізілді. Президент сайлауы, парламент сайлауы өтті. Саяси реформа осымен аяқталды дейік. Ал енді халықтың күтіп отырғаны – күн көрістің жақсаруы. Мұны жасайтын – биліктегілер. Сондықтан биліктің үш тармағында да үлкен өзгеріс керек. Сексен пайыз кадр ауысуы тиіс. Сонда ғана ілгерілеушілік болады, деп есептеймін. Бұған бүгіннен бастап кірісу керек.
Алдымен әкімдерден бастаған жөн. Жетпістен асып кеткен ақсақалдар да әлі орынтағында отыр. Ұялмай ма? Шығыс Қазақстанды басқаратын одан басқа адам жоқ десе, онысын айтсын. Осындай азаматтардың бәріне рахметін айтып, шығарып салу қажет. Еңбегі болса, егер.
Бізде экономикада ешқандай өзгеріс жоқ. Жаңа экономикалық модель, жаңа экономикалық саясат жасау керек. Жаңа үкімет осыны жасап, бізге көрсетуі тиіс. Енді бұрынғы жолмен жүруге әсте болмайды.
Әзірге парламентке қандай депутаттар келгенін, олардың кімдер екенін, кәсіби деңгейі қандай екенін білмейміз. Төрт рет парламент депутаты болған адам ретінде мұны ашық айта аламын. Бәрі бір айдан кейін белгілі болады. Әсіресе, үкіметке қойылатын талап өте күшті болуы тиіс.
Өкінішке қарай, қолымыздан келмейтін дүниелер бар. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инновациялық жолмен дамуы қажет. Керек болса, журналистік салада да инновациялық жаңалықтар керек. Сонда ғана өсеміз. Ал инновациялық дамуды білімді азаматтар жасайды. Білімді қоғам ғана кез келген қиыншылықты артта қалдыра алады. Сондықтан ғылым мен білімге өте қатты мән беру қажет. Біз ғылыми технологиялық прогрестен өте кенжелеп қалдық. Осы дүниелерді кезек күттірместен қолға алған дұрыс.
Ауылға бет бұратын уақыт жетті. Сөзбен емес іспен. Ғарышты игеріп, басқа ғаламшарларды аралап кетсең де, бәрібір ауылға оралатымызды ұмытпайық.