БИЛІК трансформациясы: ЖАҢА МӘЖІЛІСТІҢ қауқары қандай болмақ?
Сайлаудың дүбірі мен дақпырты әлі қызып-ақ тұр. Кім не десе де, Мәжілістің жаңа құрамы жасақталып, әне-міне дегенше жұмысын бастауы тиіс. Бұл – «Жаңа Қазақстанның» алғашқы Парламенті.
Халық қалаулыларынан жұрт не күтеді? Не өзгеріс болмақ? Сайлауда берген уәделерін орындай ала ма? Жалпы, бұрынғы Парламенттен айырмасы мен ұқсастығы қандай? Биліктің заң шығарушы тармағына жаңа леп әкеле ала ма?
Бұл сауалдарға бірқатар қазақстандық сарапшылар NEGE арқылы жауап беруге ұмтылып, жаңа Мәжілістің қауқары мен қарымына болжам жасап көрді.
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
Бұрынғы парламенттен едәуір айырмасы болады
– Бұрынғы парламенттен едеуір айырмасы болады деп есептеймін. Жаңа парламент батылдау болатын сияқты. Өйткені, халықтың талабы өсіп келеді. Саяси сауаты артып жатыр. Партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламасында айтқан уәделерін толық орындап тастамаса да, соның төңірегінде бірмаша шаруалар атқаруы қажет деп ойлаймын. Онсыз парламент абыройынан айырылмақ. Парламентаризмнен халықтың көңілі қалуы ғажап емес. Осыны түсінген парламент мүшелері өз істеріне біршама ұқыпты қарайды деп үміттенемін.
Әр партия өз болашағын ойлайды. Бес жылдан кейін тағы да сайлау болады. Сол кезде ұятқа қалмасы үшін әр партия сайлауалды бағдарламасын іске асыруға ұмтылады деп ойлаймын.
Өкінішті жері, Ермұрат БАПИ секілді төрт-бес адам Мәжіліске өтуі керек еді. Өз басым осы кісіге дауыс бердім. Ол өтті. Сайланғандардан одан басқа айтулы тұлғаларды көрмей тұрмын. Билікті сынап, рационалды ой айта алатын бірнеше депутат болғанда, күшті атмосфераны көретін едік.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
Алдағы уақытта биліктің өзінде трансформациялар болады
– Биліктің пәрмені бұрыннан мықты. Енді бұдан да тәуірірек болуы ықтимал. Алдағы уақытта биліктің өзінде трансформациялар болады. Жеке персоналар, көшбасшылар өзгереді. Бірақ бұл түбегейлі өзгерістердің нышаны емес.
Тоқаевтың позициясы нығаяды. Лауазымдық өзгерістер болады. Жаңа әкімдер, жаңа басшылар келеді. Олар билікке, соның ішінде парламентке креатураларын көбірек енгізеді. Билік партиясы да тұғырын бекіте түседі. Тоқаевтың ашық және негізгі жақтаушылары көбейеді.
Парламент «біздің құзыретіміз күшейді» деп демонстрация жасауы мүмкін. Іс жүзінде үлкен өзгеріс болмайды. Бізде қатқыл емес, жұмсақ авторитаризм бар деп ойлаймын. Жұмсақ авторитаризм өзінің сипатын сақтайды. Персоналистік режим болғандықтан, элиталық трансформация болады. Бұған қарсы емеспін. Өйткені, белгілі бір деңгейде өзгеріс, трансформация керек.
Қазақстанда реформалар жасалды. Билік пен байлық белгілі бір топқа жиналды. Бұл да заңдылық. Бұл – элита жаңғырады деген сөз.
Бөріхан НҰРМҰХАМЕД, саясаттанушы:
Заңдармен жұмыс істеуді әлсіретіп ала ма деген қаупім бар
– Парламентте жаңа адамдар көп. Сондықтан оларға біраз тәжірибе жинау қажет болады. Парламенттің регламентін, тәртібін үйреніп, құзырын білуі тиіс. Біреу ол тәртіпке көнеді, біреуі көнбейді.
Сайлау кезінде айтылған түрлі уәделерді парламент деңгейінде көтерудің өзі біраз күш-жігерді талап етеді. Бірақ нақты шешімге келу өте қиын. Өйткені, өкіметтің көзқарасы бар. Оны өткізуге тырысады.
Парламентке алты партия кіргелі отыр. Бұл партиялар тек қана мәселе көтеріп, үкіметтен талап етіп, заңдармен жұмыс істеуді әлсіретіп ала ма деген қаупім бар. Жаңа құрам жұмыстың сапасына қалай әсер етеді? Мәселе осында.
Бұрынғы парламент депутаттарының тәжірибесі бар. Бірден жұмысқа кірісе алады. Бірақ ортақ пікірге тоқтау, ортақ байламға келу қиын болады. Мұны кешегі сайлау көрсетті. Партиялар арасында дебаттарда айқай-шу, әңгіме көбейіп кетті. Қалай болатынын уақыт көрсете жатыр.
Ең көп депутат – «Аманатта». Олар «Нар тәуекел!», «Бәрін өзгертеміз!» дегендей ұрандармен сайлауға шықты. Парламенттің ішіндегі «революционерлер» солар бола ма? Өздеріңізге мәлім, билікпен байланысы етене. Олардың ұстанымы қандай болмақ, сонда? Меніңше, өзгеруі де ықтимал. Бұл партия басқа бір ұстанымдар мен қағидаларды ұстануы әбден мүмкін.