Расталмаған ақпартты тарату неліктен қауіпті?

Дүрбелең тудыру қашан да қауіпті. Әсіресе, қазіргідей ақпаратқа ашық қол жеткізуге болатын заманда дүрбелеңді өршіте салу оңай. Өйткені интернет барлығы үшін қолжетімді. Кез келген ақпарат, мейлі ол толығымен рас болсын, бірнеше секундтың ішінде адамдар арасында тізбектеліп тез арада тарай жөнеледі. Ол көзсіз жылдамдықпен тарағандықтан шын ақпаратқа жалған мәліметтер, ойдан құрастырылған оқиғалар қосарланып кете береді. Осылайша рас ақпарат қоғамда тараған кезде жалған мәліметтер қосарланып кете барады. Адамдар жантүршігерлік қорқынышты оқиғаларды жақсы көреді.
Естеріңізде болар, коронавирус туралы түрлі ақпарат ағыны ғаламторды басып қалды. Тоқтаған рейстер, сақтық шаралары, ауру адамдар мен қайтыс болғандар саны және блокбекеттер орнатып қалаларды, елді мекендерді жабу туралы ақпараттар ел аузында өзгеріп, түрліше тарала бастады. Осылайша қоғамда үрей тудырды. Бұл жағдай тек Қазақстанда ғана болған жоқ. Әлемді жалған ақпарат арқылы тараған үрей билеп алды.
Алайда кез келген елде жалған ақпарат таратқаны үшін Заңдарында жауапкершілік қарастырылған.
Ақпаратты қабылдау ұзақ уақыт бойы күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің санамыз бір күнде қаншама ақпаратты сіңіреді. Ойлап қараңызшы, біз тамақ жегенде пайдалысын жеуге тырысамыз ғой. Сол сияқты жаңалықтарды қарап, ақпараттарды оқығанда басыңызды әртүрлі қоқыспен толтырмаңыз.
Ақпараттық гигиена мәдениеті енді ғана дамып келе жатыр деп айтуға болады. Сондықтан, интернет пайдаланушылардың көпшілігі Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақиқат пен жалғанды толық ажыратуды үйренген жоқ. Көпшілігі әлі де манипуляцияның құрбанына айналып жатыр.
Шындықты жалған ақпаратан ажырату қаншалықты маңызды? Оның қауіптілігі неде?
Біз күн сайын қаншама ақпаратпен танысып жатқанымызды жоғарыда атап өттік. Ол қарама-қайшылықтарға, қорқынышқа, дау-дамайға толы болуы мүмкін. Оның біздің өмірімізді өзгертуге қауқары жетпейді ғой деп қолымызды бір сілтесек, қателескен боламыз. Өйткенғ ойдан құрастырылған жалған жаңалықтар дүрбелең, алаңдаушылық және белгісіздік сезімін тудырады. Адамдарды адастырып, негізсіз және қауіпті әрекеттерге шақырады. Осы жерде жағдайды жалған ақпараттың таралу жылдамдығы қиындатады. Фактілерді қалай тексеретінін және жалғанды қалай тануға болатынын білместен, адамдар өз жақындарына «дүрбелең» оқиғаларды тарата бастайды. Осылайша, жалған ақпарат медиа кеңістігін тез басып алады.
Көбінесе беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өзі байқамастан жалған ақпарат таратады. Оған кейде себеп те табылады. Трафиктің төмендемеуін ойлаған журналистер материалды алдымен оның түпнұсқалығын тексерместен жариялай салады. Ал егер мұндай жаңалықтарды оқығаннан кейін аздаған қобалжу сезімін болмашы нәрсе деп санауға болатын болса, онда халық арасындағы нағыз дүрбелең мен толқу қайтымсыз салдарға айналуы мүмкін. Мысалы, өткен жылдарда 5G мұнаралары адамдарды ауру қылады екен деген ақпараттар тарай бастады. Бұл дүрбелең туғызып, халықты наразылығын арттырды.
Сондай-ақ, көптеген адамдар арақтың «коронавирусты» емдеуге көмектесетіні туралы жаңалықты қуана таратты. Осындай кеңестерді оқығандар дер кезінде медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігін жіберіп алып, өзін-өзі емдеуге кірісті.
1. Ақпараттың жетіспеушілігінен түрлі мифтер туындайды
Эпидемия басталғанда, алғашқы жағдайлар тек Уханьда тіркеліп, Қытай үкіметі нақты ақпарат бермеген кезде, алғашқы қауесеттер мен жалған ақпараттар пайда бола бастады.
Солардың бірі белгісіз ауруды жеңу бойынша ұсыныстары бар псевдомедициналық сипаттағы мәтін болды. Онда вирустың 26 градустан жоғары температурада өлетіні, ауруды жеңу үшін ыстық суды көп ішіп, күн астында көбірек отыру керек екендігі айтылған.
Әдеттегідей, бұл «мүмкін бұл көмектесетін шығар, көріңіз» деп емес, Уханьдағы ауруханада жұмыс істейтін әпкенің ұлы түріндегі «сенімді дереккөзден» алынған инсайдерлік ақпарат ретінде ұсынылды. Адамдар «Анамның досының ұлына сенуге болатынын» біледі.
2. Мифтің таралуы
Вирус сияқты, жалған жаңалықтар таңғаларлық жылдамдықпен таралады. Короновирустағы жағдай да дәл солай болды. Қытайлық дәрігер айтқан екен, сол жердегі танысы біліпті деген сыңайлы жалған ақпараттар әлеуметтік желілер, мессенджерлердегі топтар, форумдар және үшінші деңгейлі БАҚ-тарда шындықтай тарап жатты.
3. Жалған ақпараттың дендеп енуі.
Ақпарат ағынын тоқтату мүмкін емес. Біреу айтыпты деген «нақты адамның» сөзі әлдеқайда сенімді. Адам психологиясы осылай жұмыс істейді. Сондықтан, осы кезеңде жалған мәліметтер әлеуметтік желілер мен үшінші деңгейлі БАҚ шеңберінен шығып, ауқымы кеңейе түседі. Барлық жалған жаңалықтардың таралу схемасы осылайша ұқсас тізбектеле береді.
Жалған ақпаратты қалай анықтауға болады?
– ресми ақпарат көзі жоқ;
– авторы көрсетілмеген;
– күдікті домен (егер жаңалық мемлекеттік мекеменің, компанияның, тұлғаның атынан берілсе);
– арандатушылық және тым эмоционалды тақырып;
– оқиғалар мен күмәнді фактілерді бұрмалау;
– мәтін категориялық, бір ғана көзқарасты ұсынады.
Егер материалда осы аталғандардың кем дегенде бір элементі табылса,бір минутқа тоқтап, ақпаратты тексеріп шығыңыз.
Жаңалықтың негізгі міндеті - өзекті және нақты ақпаратты жеткізу. Тіпті адам нанғысыз сұмдық жағдай болып жатса да (бомба жарылуы, түрлі апаттар), ақпарат құралдары бейтараптық таныта отырып, таратуы керек.
Фактілерді тексеруге болады және солай істеуқажет. Кейде фактінің атын жамылып, автордың жорамалдары мен айла-шарғылары беріледі. Кейде ол бірден көзге түсетін өтірік және жалпылама сөздер болуы мүмкін. Кейде ол өте ақылдылықпен берілген жасанды деректер болып шығады. Оларды ажыратудың жалғыз жолы - тексеру. Тек тексеру арқылы ғана ақиқатқа көз жеткізесіз.
Сыни тұрғыдан ойлау, ақпаратты талдау қабілеті және үрейлене бастағанда бейтараптық сақтау қабілеті - бұл жаттықтыруға болатын және өте қажет дағдылар. Ең сенімді ақпарат көздеріне мемлекеттік мекемелердің ресми сайттары, тәуелсіз ақпарат агенттіктері және орталық Бұқаралық ақпарат құралдары жататынын естен шығармаңыз.