Путин неден қорықты?
«Норманд» төрттігіне кіретін Ресей, Украина, Франция және Германия мемлекет басшыларының кездесуі не берді, тараптар қандай шешім шығарды, не тоқтамға келді? Бұл сауалдардың жауабы – біреу. Ешқандай. Қазіргі жағдайда басқаша болуы мүмкін де емес. Жауласушы тараптар бірін-бірі тыңдаудан қалғалы қашан. Путин мен Зеленскийдің бірін-бірі алғаш көріп, бір үстелдің басында отырды демесеңіз, баяғы жартас бір жартас күйі қалды. Орыс пен украин бір тілде сөйлеуді доғарды.
«Қырым кімдікі?» деген сауалға әлі жауап табылған жоқ. Донбастағы соғыста ақ жалау көтергелі отырған ешкім көрінбейді. Бұл әлі талай жылдарға азық болатын дау-дамай секілді. Расында да, екі ел арасындағы ахуалдан аз ғана хабары бар адамның «кездесуден соң бейбітшілік орнайды» деп еш күтпейтіні анық. Соның бірі – украиналық танымал журналист Дмитрий Гордон. Ол Париждегі жиын жайында әсерімен бөлісе отырып, оның оң өзгеріске бастарына аса дәмеленбегенін де айтқан.
«Зеленский мен Путиннің мақсат-міндеттері кереғар болғаны соншалықты, екі тараптың да көңілінен шығатын ымыра жасаудың мүмкін емес екенін түсіндім. Ресей «Қырым мәңгілік өзінің жері» болғанын, Батыстың санкцияларды алып тастағанын қалайды. Донбасты Украинаға қайта қосса, ол тек қана Ресейдің ережесімен жүзеге асуы керек. Зеленский мұнымен келіспейді. Мәселе оның ұстанымында тұрған жоқ. Саяси мәнсабын жалғастырғысы келетін кез келген Украина президенті «Қырым Ресейдің жері» дегенге көнбейді», – дейді ол.
Бұл мәселе талқыға түскен кезде, екі ел басшылығы қызуқандылыққа салыныпты. Путин: «Алдымен сайлау болсын, содан кейін екі ел шекарасына Украина әскері мен шекарашылары келеді», – деп ұсыныс тастаған. Зеленский бұған бірден «жоқ» деп жауап берді. Оның пікірінше, сайлау Донбас Украинаға басы бүтін қараған соң ғана өтуі тиіс. «Донбастың ерекше мәртебесі Украина Конституциясында көрсетілсін» деген Путиннің екінші талабына да Зеленский үзілді-кесілді қарсы шыққан. Өйткені, украиналық халық қалаулыларының бірі де мұндай өзгерісті жақтап ешқашан дауыс бермейді.
Кездесудің тұйыққа тірелетіні алдын ала мәлім болғандықтан шығар, журналистердің назары талқыланған мәселелерден гөрі қатысқан тұлғаларға, олардың қылықтарына, «қызықты» сәттерге ауа берген. Араздасқан екі ағайынды елдің назы мен өкпесі жұртты жалықтырып жібергендей. Оның тасасында тағдыры қыл үстінде тұрған миллиондаған адамдар жайында ешкім бас қатырып жатқан жоқ секілді. Түйінді тарқату бір адамның қолында тұр. Ол, әрине, Ресей президенті Владимир Путин.
Ол жиында қатты ашулы отырыпты. Ештеңені жақтырмаған. Залға мүлде қарамай, қойын дәптеріне бірдеңелерді түртіп алып жатқан. Бір қызығы, жабық есік жағдайында кездесу өткен бөлмеде қарулы адамдар, оққағарлар болмауы тиіс. Десе де, Путиннің жеке күзетінің бір қызметкері делегация мүшесі ретінде аккредитация алған. Қолында тапаншасы бар алып денелі адам келіссөз басында Ресей басшысын күзетіп, қарауылдап отырған.
«Бір байқағаным, Путин қартайып барады. Ол бірнеше мәрте әңгіменің арқауын сабақтай алмай, жаңылып қалды. Неден бастау керек, не айту керек, қандай тұжырым жасау керек, мұны ол бірден бағамдай алмай отырды», – дейді украиналық журналист.
Президенттер кеңесшілерінің кеңесінде бір оқыс жайт болыпты. Жоспары әдірем қалған соң, Ресей делегациясының әдетте ұстамды мүшесі Владислав Сурков шалт әрекет жасаған. Украиналық әріптесі Андрей Ермакқа қатты шүйлігіп, бірнеше мәрте иықпен қағып жібермек болыпты. Алайда немістер мен француздар араласып, басу айтып әрең тоқтатқан.
«Нәтижесінде ештеңеге келісе алмады. Тұтқындарды алмастыру, газ мәселесінде ғана ілгерілеушілік болуы мүмкін. Путин өзінің бірнәрселерді орындап жатқанын көрсету ниетімен ғана бұған барады. Бірақ Путин тірі тұрғанда екі ел арасындағы түйткілдер ешқашан шешілмейді», – деп тұжырым жасайды Гордон.
Шындығында, екі ел президенттерінің де ана тілі – орыс тілі екені ешкімге құпия болмаса керек. Бірақ олар бірін-бірі түсінуден мүлдем қалған секілді. Бұл кездесудің тағы бір қызық тұсы – аудармашы мәселесі. Орыс тілінен украин тіліне, украин тілінен орыс тіліне аударма жасай алатын адам табылмапты. Путиннің орысша айтқан сөздері алдымен француз тіліне, француз тілінен украин тіліне аударылған. «Тіпті, орыстар мен украиндер (әсіресе жоғары лауазымды тұлғалары) бір-бірімен бір тілде ғана емес, бір аудармашы арқылы да сөйлесе алмайтын халге жеткен», – деп жазады ресейлік басылымдар.
Шадияр Өстемірұлы