«Бұл – өнерге жасалған қастандық!» – Өнер адамдары ЖИ-ге НЕГЕ қарсы?

Голливудтық танымал агенттіктер жасанды интеллектінің көмегімен AI актрисалар жасап, қолданысқа енгізе бастады. Мәселен, нидерландтық актер әрі комик Элайн ван дер Велден Тилли Норвуд есімді сұлуды ойлап тауып, оған дебют жасатты.
Жасанды актрисаның авторы тіпті оны Скарлетт Йоханссон мен Натали Портманға айналдырғысы келетінін мәлімдеді. Бұл әлемдік киноның отаны саналатын Голливуд жұлдыздарының наразылығын тудырып отыр. Актерлер одағы – SAG-AFTRA бұл жобаны айыптап, Эмили Блант, Наташа Лионн және Вупи Голдберг сияқты жұлдыздар жасанды үрдіс киноиндустрияның болашағына балта шабатынын мәлімдеді. Ал біздің кино саласында жүрген мамандар не дейді екен?
Әділ АХМЕТОВ, актер:
Мұның бізге де келетіні анық

– Біз қарсы болсақ та, болмасақ та заманауи тенденцияның біздің өнерге де келетіні анық. Естуімше, жасанды персонажды жасаушылар қай актердің бет-ажарын пайдалануға рұқсат алса, соған гонорар төлейтін көрінеді. Ал өмірде жоқ адамды ойлап тауып, одан жұлдыз жасайтындардың жайын ойламаппын.
Бұл тұрғыда киноға қауіп төнуі мүмкін, ал театр актерлеріне қарасты ешқандай қорқыныш жоқ. Өйткені бізді сахнада ешқандай жасанды дүние алмастыра алмайтын болғандықтан, шынайы эмоцияны қаз-қалпында жеткіземіз. Соған сай келген көрермен де шынайы әсер алады.
Қанағат МҰСТАФИН, режиссер:
Жанды актерлерді жасау шынайы әртістердің нанын ұрлайды

– Өз басым жасанды интеллектіні пайдалануды үш жыл бұрын қолға алған едім. «Қорқыт» сериалын түсіргенде картина, постерлер жасау қажет болды, сонда студияларға тапсырыс бермек болғанымызда әр туындыға 300-500 мың теңге аралығында ақы сұрады. Сондықтан жасанды интеллектінің көмегімен жарты сағаттың ішінде отыз шақты картина жасатып, қағазға оңай шығарып алдым. Егер соның бәрін майлы бояумен салғызар болсам, қалтамыздан қыруар қаражат шығаруға тура келетін еді. Яғни, уақытымыз да, қаражатымыз да үнемделді.
Бұрын мысалы, камера алдындағы адамды жасыл фонға тұрғызып қойып, артында көрініс беретін түрлі-түсті графиканы арнайы мамандарға жасатушы едік. Қазір монтаждың ол түрін де жасанды интеллект оп-оңай еңсеретін болды. Сол сияқты жарнама жасауға да септігі тиеді. Бабалар туралы тарихи туынды түсіруге де кәдеге жарайтынын айта кеткім келеді.
Осы тұрғыдан алғанда заманауи технологияның көмегіне жүгінгенді құптаймын. Ал жанды актерлерді жасау шынайы әртістердің нанын ұрлайды. Дегенмен, бізде де жасанды интеллект арқылы алаш зиялыларын жандандырып жүрген жігіттер бар. Маған бір-екеуі бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс та айтты. Бірақ жасанды дүниелер түсірілім жұмыстарын толыққанды өзгертуге әлі қауқарсыз. Мысалы, өз басым мұндай жолмен жасалған картиналар мен кейіпкерді бірден ажыратамын. Бірақ бүгінгі қарқынмен даму үрдісіне қарасақ, алда адам кейпін алмастыратын туындылар жасауға қабілетті болатын түрі бар.
Ержан ЖАМАНҚҰЛОВ, актер:
Түбегейлі қарсымын

– Жасанды интеллект арқылы жанды актерлер келе бастаса, тірі актерлер жұмыссыз қалады. Менің ойымша өнерді өзіндік харизмасы, эмоциясы бар адамдар жасауы керек. Сондықтан мұны отандық киноиндустрияға енгізуге түбегейлі қарсымын.
Тәуекел МҮСІЛІМ, актер:
Таңдау көрерменге түседі

– Қазір жасанды актерлер арқылы жасалған түрлі фото, видео-жарнамаларды көріп жүрміз. Сондықтан алда жасанды адамдарды кинодан көріп жатсақ таң қалмайтын шығармыз. Мұндай заманауи үрдістен қашып құтыла алмаймыз, дегенмен айырмашылық болады деп ойлаймын.
Себебі, ішкі сезімді шынайы көрсететін табиғаттың жаратылысын еш нәрсе алмастыра алмайды. Осыған орай таңдау көрерменге түседі. Егер шынайы актерді көргісі келсе арнайы түсірілген киноларға барады, ал жасанды дүниені көргісі келсе виртуалды туындылар топтамасын тамашалайды. Бірақ қалай болған күнде актерлар жұмыссыз қалмайды деп санаймын.
Болат ҚАЛЫМБЕТОВ, режиссер:
Драматургтің, актердің жұмысын ЖИ-ге тапсыру – трагедия

– Жасанды интеллектіні түрлі салаға пайдалану тиімді болар. Ал кино мен драматургия және режиссураға қатыстыруды өнерге жасалған қастандық деп есептеймін. Ізденіс барысында суретшілер мен таспагерлерге көмегі тиюі мүмкін. Ал драматургтің, актердің жұмысын ЖИ-ге тапсыру – трагедия. Бұлай кете берсек, енді алдағы он жылда робот болып кетуіміз мүмкін. Онсызда қазір бәрі асығыс, әбігерге түсіп жүр. Ал оны өнерге салсақ, жүректегі тебіреністі көрерменге қалай жеткіземіз. Өнердің мақсаты да сол ғой, сананы ояту.
Дейтұрғанмен жасанды интеллектінің мемлекет дамуына тигізетін әсері бар, оның үстіне әлемдік тренд пен тенденциядан тыс қалуға да болмайды. Өткендегі жолдауында президенттің тілге тиек еткені де содан болар. Қалай болған күнде дамып, көш ілгері жүргеніміз жақсы ғой, бірақ өнерге келгенде аяғымызды аяңдап басқанымыз дұрыс.
Мысалы, бұл жарық түсіру, анимация жасау жағында ұтымды түсуі мүмкін. Бірақ мультфильмерді дыбыстауға араластырмаған жөн. Өйткені балалар сезімтал келеді, ал оларды жансыз дүниемен алдарқатсақ, бесіктен белдері шықпай жатып, болашағына бала шабамыз. Онсыз да өскелең ұрпақ ғаламтордан бір қарап сабақ айтып жүр. Ал эфирдегі кейіпкерді жасанды адаммен алмастырсақ, актерлердің наны мен қатар шыңдалу шеберлігін ұрлаймыз.