15 Қазан 19:33
...

Қанат Бозымбаев Оңтүстік Кореяда өткен роуд-шоуда Alatau City жобасын таныстырды

Үкімет
Фото: Үкімет

Сеул қаласында Alatau Rise With Kazakhstan Forum өтіп жатыр. Форумның ашылуына Қанат Бозымбаев қатысып, әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге жаңа Алатау City жобасын таныстырды.

Алматы, NEGE. Қазақстан тарапынан форумға Alatau City дамыту кеңесінің мүшелері – Caspian Group төрағасы Юрий Цхай және жобаның инвестициялық серіктесі Alatau City Bank-тің жалғыз акционері Вячеслав Ким қатысты.

Alatau City негізгі көлік дәліздерінің торабында орналасқан, жалпы ауданы 88 мың гектарды құрайды. Қаланың бүкіл аумағы Арнайы экономикалық аймақтың құрамына енгізілген. Мұнда корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босату, сондай-ақ Алатау қаласы аумағында сатылатын тауарларға нөлдік мөлшерлемесімен қосымша құн салығын қолдану сияқты жеңілдіктер қарастырылған.

Қыркүйек айында Президенттің арнайы Жарлығымен Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе берілді. Премьер-министрдің төрағалығымен құрылған Алатау қаласын дамыту кеңесі стратегиялық шешімдер қабылдайтын негізгі орган болып саналады. Осылайша қала Үкіметтің тікелей қарамағында болады.

Alatau City болашақта технологиялық компаниялар мен экспортқа бағытталған өндірістердің орталығына айналмақ. Қала қалалық әуе мобильдігі мен сутек экономикасы сияқты мақсатты салалар бойынша ынталандыру бағдарламаларын ұсынуға дайын, бұл бағыттарда Қазақстан мен Корея тығыз әріптестік орната алады.

Форумда сөйлеген сөзінде Қанат Бозымбаев электроника, жаңартылатын энергия, медицина, білім және қалалық сервистерді цифрландыру салаларында корей компанияларымен әріптестікті дамытудың үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Бүгінде Кореяның 800-ден астам компаниясы Қазақстанның барлық өңірлерінде энергетика, құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау, автокөлік және жоғары технологиялар салаларында табысты жұмыс істеуде. Біз бірлескен жобаларды кеңейтуге, Кореяның өнеркәсіптік және энергетикалық компанияларын тартуға мүдделіміз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық Alatau City жобасына қатысуға шақырамыз», — деді Қанат Бозымбаев.

Roadshow аясында Қазақстан мен Корея Республикасының мемлекеттік және іскер құрылымдары арасында өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Меморандумдарға келесі тараптар: ҚР Энергетика министрлігі мен GGGI (Global Green Growth Institute); ҚР Көлік министрлігі, Korea Airports Corporation (KAC) және AAAG; Алматы облысының әкімдігі мен RETD компаниясы қол қойды.

Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Кореяның ғылым және технологиялар институты (KAIST) және Alatau City Bank арасында Қазақстанда жаңа университет құру және дамыту саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Іс-сапар барысында Қанат Бозымбаев Ұлттық жиналыстың депутаты Пак Хон Гынмен, Ұлттық Ассамблея мүшесі Мэн Сон Гюмен, Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ким Джунг Кванмен, Кореяның халықаралық сауда қауымдастығының (KITA) төрағасы Юн Джин Сикпен және Young Business Leaders Network басшылығымен келіссөздер жүргізді.

Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы Корея Республикасы Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында 10-орынға, ал инвестициялар көлемі бойынша 3-орынға шықты. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және екі елдің мүдделеріне сай жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.