16 Маусым 13:09

«Трұмовтың түйелері картонды сүйіп жейді екен...»

Фото:

Маңғыстау облысында мал қырылып жатыр. Қуаңшылықтан шөп шықпай қалған. Ыңыршағы шыққан көтерем малдар көшеде картон жеп жүр...

Биылғы көктем қай өңірге болмасын қиын тиді. Аспаннан түйір тамшы тамбаған өңірлер бар. Әсіресе, Маңғыстау облысының малшылары үшін бұл жаз жұт әкелгендей. Көтерем малдарын қырға айдап, басын аман сақтап қалу үшін далада түнеп жүргеніне біраз болған. Малын түгел қырып алудан қорыққан шаруалар төрт түлігін тиын-тебенге сатып жатыр. Көрші аймақтан әкелетін жем-шөптің бағасы аспандап кеткен. Қалай десек те, малға да, адамға да обал.

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстаудың малын аман сақтап қалудың жоспарын ұсыныпты.

«Айналым тетігі бойынша жем-шөпті орталықтандырып сатып алу үшін «Каспий» ӘКК арқылы 204 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, 12 маусымда министрлік «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ ресурстары арқылы 637 тонна арзандатылған арпа тиеді. Арпа нарықтағы бағадан 17 пайызға арзан сатылады.

Маңғыстау облысы фермерлері жазда мал жаюы үшін Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Темір және Қобда аудандары бойынша 100 мың гектарға жуық жайылым жерлер анықталды. Қазіргі уақытта аталған аумаққа 1500 бас жылқы, 3000 бас қой, 200 бас түйе және 500 бас ірі қара мал тасымалданып жатыр», – дейді министрліктегілер.

Видеодан скриншот.

Маңғыстауда шөптің бір орамы 12-16 мың теңгеден сатылып жатқан көрінеді. Бұл – өте қымбат. Министрлік «шөптің бағасын тұрақтандыру үшін үкімет ақша бөлуі мүмкін» депті.

Үкіметтің осы «мүмкіні» Маңғыстауда тігерге тұяқ қалдырмаса қайтеміз? Түйені зоопарктен ғана көрген Үкіметтегі кейбір «кабинеттік шенеуніктер» Маңғыстауда «Трұмовтың түйелері» картон жеп жүргенін көріп, «еее, бұлардың тамағы осы екен» деп ойлауы да ғажап емес қой.

Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің «мүмкін болар жоспарын» естідік. Ақша бөлінуі де мүмкін, бөлінбеуі де мүмкін. Ал енді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қандай әрекет жасап жатыр?

Фото: mangystaumedia.kz

Тілшіміз Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты.

– Дәл осы видеоға байланысты түсініктеме бере алмаймыз. Бұл видео Маңғыстау облысында түсірілгені анық шығар, бірақ кім түсіргені, қай ауылда түсірілгені белгісіз. Оның үстіне, әр тұрғынның іс-әрекетіне әкімдік жауап бере алмайды. Әркім малына қалағанын береді. Ал жем-шөппен қамтамасыз етуге байланысты мен сіздерге ақпарат жіберемін, – деді әкімдіктің баспасөз хатшысы Гүлмира Әбішева.

Әкімдіктің баспасөз хатшысы Ауыл шаруашылығы басқармасының кеше әлеуметтік желіде жариялаған төмендегі түсініктемесін жолдады: 

«Әлем желіге шығып үлгерген картон жеген түйелердің бейнефотосы біраз талқыға түскені рас. Бұл түйенің иесі кім жəне қайдан екені белгісіз. Дегенменен бұл көріністер яғни үй жануары картон жегені Маңғыстаулықтар таңсық емес.Мал бағатындар жақсы біледі.

Жалпы биыл құрғақшылыққа байланысты жайылымда көк жоқ, шаруаларға қиын тиіп жатырғаны белгілі. Жуырда ғана аймақ басшысы С.Трұмов қоғамдық коммуникациялар орталығында түбектегі төрт түлікке қажетті жем-шөппен қамту үшін облыс қазынасынан 200 млн теңге ақша бөлінгенін айтты. Бұл ретте тіпті көрші Ақтөбелік кәсіпкерлермен келісімдер жасалып, бұл қаржыға алынған мал азығы жақын күндері Маңғыстауға жеткізілетін болады.Тіпті кейбір аудандарға көлікпен шөп келе жатыр. Қазірдің өзінде кей жеке кәсіпкерлер өздері көрші облыстардан шөп тасып, аудандарға жеткізіп жатыр. Сатып алушыларға шөп бар барлық ауданда. Жетерлік дәрежеде. Күні бүгінге дейін бір апта ішінде Ақтөбенің 5 ауданынан 38 тонна рулон шөп, 40 тонна жоңышқа келіп түскен.

Қолдағы деректерге сүйенсек қазір таңда облыста саттықта 2555 тонна жем бар. Бүгінгі күнде шөптің бағасы түсті. Əр шаруа мал азығын өз қаражатына алып жатыр. Облыс қазынасынан бөлінген қаржыға алынған шөп енді келетін болады. Ең бастысы сабыр сақтап, қыстың қамын жазда ойлап, қарекет еткеніміз жөн болар. Ал қарекет еткенге берекет береді».

P.S. Басқармадағылар ақыл айтпаса да, маңғыстаулық шаруалар қайтсем малымды аман сақтап қалам деп, жанталаса қарекет етіп-ақ жатыр. Соның бір дәлелі – картон жеген жылқылар мен түйелер.

Ал енді Ауыл шаруашылығы басқармасының жоғарыдағы түсініктемесінен не түюге болады? «Трұмовтың түйелері картонды бұрыннан сүйіп жейді екен» деп қабылдаймыз ба, қайтеміз?..

Тегтер: