12 Сәуір 17:17
...

«Монархтар династиясы». Баталов мұны біле ме?

Фото:

Алматы облысына қарасты Ақсу ауданының әкімдігінде «монархтар династиясы» бар екенін әлеуметтік желі бірнеше күннен бері жарыса жазып жатыр.

Әңгіме Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев турасында. Сабырбаевтың өзі – аудан әкімінің орынбасары, әйелі Сәуле Сабырбаева – аудандық кәсіпкерлік бөлімнің басшысы, ал ұлдары Санжар Сабырбаев Алматы облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары екен.

Үйде кім бастық екенін біз білмейміз, білетінімз – Амандос Сабырбаев қызмет сатысында әйелі Сәуле Сабырбаеваға бастық. Ал ұлдары Санжар Сабырбаев шешесіне бастық екен. Алайда бұдан «монархтар династиясының» тәртібі бұзылмаса керек. Өйткені ұлы қанша жерден бастық болса да, мамасын бәрібір тыңдайды ғой...

«ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңы бойынша, туыстық қарым-қатынастағы адамдар бір-біріне бағынышты қызмет атқармауы керек.

«Мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер» деп аталатын 13-баптың 7-бөлімінде былай дейді: «Мемлекеттік қызметші өзінің жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері), жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары (жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары және балалары) атқаратын лауазымға тікелей бағынысты болатын лауазымды атқара алмайды, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында бола алмайды».

Амандос, Сәуле және Санжар Сабырбаевтар

Алайда Ақсу аудандық әкімдігі «ешқандай заң бұзылған жоқ» деп есептейді екен. Әкімдіктің баспасөз хатшысы бүй деп «пәтуа» шығарыпты: «...Аудан әкімі Сабырбаев экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, архитектура және қала құрылысы, жолаушылар транспорты, автомобиль жолдары мәселесімен айналысады. Ал кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сабырбаева аудан әкіміне тікелей бағынышты. Бөлімнің мәселесімен басқа орынбасар (Құсмолдин) айналысады».

Бұл мәселені Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті тексеріп жатқан көрінеді.

Иегінің астында «монархтар династиясы» барын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов біле ме?

Кімнің кіммен «айналысатынын» анықтамаққа тілшіміз облыс әкімінің баспасөз қызметіне хабарласып, түсініктеме алуға тырысқан, алайда Баталовтың баспасөз хатшысы әдеттегідей тым-тырыс. Ал әкімнің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкел тілшімізге: «Бұл мәселеге жауап беру менің құзыретіме жатпайды. Баспасөз қызметіне хабарласыңыз», – деген. 

Л.Бейсеқұлова мен А.Баталов

Бар әкімдіктің жоқ баспасөз қызметінің тірлігі әлгіндей болған соң, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ляззат Бейсеқұловаға ресми сауал жолдадық.   

Тегтер: