«Бұл істе Кекшаевтың рөлі оңай-оспақ емес» – Куәгер Бауыржан Мұхамеджанов

Осыдан 19 жыл бұрын 11 ақпанда мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы жанындағы серіктерімен бірге саяси қастандықтың құрбаны болды.
Бұл іс бойынша ҚР Парламенті Сенаты аппаратының бұрынғы басшысы, «адам өлтіруге тапсырыс беруші» Ержан Өтембаев 20 жылға, «киллер» Рустам Ибрагимов өлім жазасына (кейіннен өмір бақи түрме жазасына ауыстырылды – ред.) кесілді. ҰҚК-нің арнайы жасағы «Арыстанның» жендеттері түрлі мерзімге сотталды.
Сол кезде соттың өрескел бұрмалаушылықпен өткені соншалық, ақ матаны қара жіппен көктегендей ойдақ-сойдақ кемшіліктер көзге ұрып тұрды. Жәбірленуші тараптың Рахат Әлиевті, Дариға Назарбаеваны тағы да басқа бірнеше адамды сотқа шақырту туралы өтінімдері аяқ асты болды.
2012 жылы Р.Ибрагимов Жоғарғы сотқа арыз түсіріп, «А.Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін өлтіруге тапсырыс берген Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деп мәлімдеме жасады.
Прокуратураның уәжіне сенсек, 2006 жылы АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (FBI) мамандары Ибрагимовты полиграфиядан өткізгенде ол адам өлтіруге тапсырыс берген Әлиев екенін айтқан, алайда жеке басының және отбасының қауіпсіздігін ойлап, мұны жариялаудан бас тартқан. Ал Ержан Өтембаевтың А.Сәрсенбайұлын соққыға жығуға тапсырыс бергені рас, мұны Әлиев пен Мұсаев біліп қойып, жағдайы пайдаланып кеткен-міс...
«Жаңа мән-жайлардың ашылуына байланысты» 2012 жылы бірнеше куәгерден жауап алынған. Бұлардың арасында сол кездегі Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов та бар. Мұхамеджановтан алынған жауаптың хаттамасы қолымызда. Бұл іс жабық қаралған жоқ, сондықтан куәгерлердің жауабы да құпия болмаса керек-ті.
Б.Мұхамеджанов – қатардағы жәй куәгерлердің бірі емес. 2006 жылы ақпанда саяси қылмыс жасалғанда ол Ішкі істер министрі болды, процестің басы-қасында жүрді, жетекшілік жасады, күдіктілермен жеке сөйлесті. Б.Мұхамеджановтың ҰҚК тергеушісіне берген жауабын 100 пайыз шындық деп қабылдауға болмаса да, бәрібір маңызды. Сол себепті қаралы күннің қарсаңында оның түсініктемесін қысқартып жариялауды жөн санадық.

«2006 жылы мен Ішкі істер министрі болдым. 2006 жылы ақпанда көмекшім маған А.Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісін өлтіріп кеткенін хабарлады. Мен өлтірілген адам шынымен де Сәрсенбаев па, жоқ па деген мәселені анықтай бастадым. Маған мәйіттердің екбетінен жатқанын айтты. Мәйіттердің жеке басын анықтап алмай жатып Сәрсенбаевты өлтіргені туралы хабарлағаны ашуымды келтірді. Кейін Алматы қалалық ІІБ қызметкері Козлов өлтірілген адамның Сәрсенбаев екенін, оны танитынын айтты.
Осыдан кейін Бас прокурор Р.Түсіпбековті және мені Президент әкімшілігіне шақыртты. Ол кезде Мемлекет басшысы елде жоқ еді, бізбен М.Тәжин әңгімелесті. ҰҚК басшысының бірінші орынбасары В.Божко да болды. Бізге осы істі тергеу тапсырылды.
ІІМ-ге келген соң тергеуді ұйымдастыру жөнінде тиісті тапсырмалар бердім және істі бақылауға алуды бірінші орынбасарым генерал Қ.Қасымовқа тапсырдым, ол Алматыға ұшып кетті. Мемлекет басшысы келген соң тергеуді маған және Р.Түсіпбековке жүктеді.
Осы тапсырмадан соң Түсіпбеков екеуміз Алматыда болдық. Тергеу тобы құрылды, оған прокуратура қызметкерлері тартылды. ІІМ жүйесі бойынша жетекшілікті Қасымов атқарды, прокуратура бойынша Е.Мерзадинов басшылық жасады.
Бір күні маған Сәрсенбаевтың телефондарының бірі қосылғанын хабарлады. Арнайы жедел-тергеу шарасы жүргізіліп, телефонды тыңдау үшін ҰҚК мен ІІМ күштері тартылды. Соның нәтижесінде мейрамханада жұмыс істейтін қыз белгілі болды. Ол қыз арқылы ҰҚК қызметкері анықталып, ұсталды. Ол телефонды «Арыстан» жасағы қызметкері дастархан басында сыйға тартқанын айтты. Одан әрі бұл іске «Арыстан» жасағының бірнеше қызметкерінің қатысы бар екені анықталды. Оларды ұстау туралы мәселе көтерілгенде мен Түсіпбековке қақтығыс туындамас үшін ҰҚК төрағасы Н.Дүтбаевты шақырту қажет екенін айттым.
Түнгі уақытта мен, Түсіпбеков және Дүтбаев үшеуіміз «Арыстан» қызметінің орналасқан жеріне бардық та, оларды аты-жөнін атап бір-бірлеп шақырып, бірден тұтқындадық.

«Арыстандықтар» ұсталғаннан кейін Ибрагимовтің фамилиясы белгілі болды. Ұлты – ұйғыр, мінезі шалт, қылмысқа қарай икемделген. Полицияның бұрынғы қызметкері екен, ішкі істер саласының және ұлттық қауіпсіздік органының жұмыс істеу тәсілін біледі.
Ибрагимовтің қалай ұсталғаны маған белгісіз, ол кезде Түсіпбеков екеуміз Алматы қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары Бугаевтың кабинетінде отырдық. Ибрагимовтің ұсталғаны туралы Қасымов пен Мерзадинов баяндады.
Түсіпбеков екеуміз бұл іске бірнеше құқық қорғау органының қатысы барын, әсіресе ҰҚК қызметкерлері шатылғанын айыптадық. Сол себепті де ұсталғандармен жеке кездесуді ұйғардық.
Түсіпбеков екеуміз Ибрагимовты қамаған жертөлеге түстік, мен оны сол жерде бірінші рет көрдім. Ибрагимов біздің кім екенімізді сұрады, куәлігімізді көрсетуді талап етті. Мен оған министрдің куәлігін көрсеттім. Ибрагимов бізбен сөйлескісі келмейтінін айтты және «бұл іске араласпағандарың жөн, мені босатыңдар» деді. Біз оған қандай қылмыс бойынша күдікті екенін ескерттік, ол бізбен тек Дүтбаевтың қатысуымен сөйлесетінін айтты.
Көкейімізде сұрақ болды: Ибрагимов Дүтбаевты қайдан таниды? Кейін анықталғандай, Ибрагимов ІІБ-де Өстеміров сияқты терроризмге қарсы жүйеде жұмыс істеген. Өстеміров те бұрын полицияда қызмет еткен, кейін адвокаттық қызметке ауысқан. «Мұнда нық топ болған екен» деген ой келді. Одан бөлек, Ибрагимовқа қатысты әлдебір іс қозғалып, кейін қысқарып қалған. Осы кезде ол ҰҚК-нің ықпалына түскен. Бірақ мұны тексеру керек.
Біз Ибрагимовтың Дүтбаевпен таныспын деген сөзіне сенген жоқпыз. Бірақ Ибрагимов ҰҚК-нің қалай орналасқанын айтып берді. Соңында Ибрагимов «егер маған сенбесеңдер телефон беріңдер, Дүтбаевқа телефон соғам» деді. Біз оған телефон бергеміз жоқ, ол әлдебір нөмірді айтты, бірақ қандай нөмір айтқаны есімде жоқ. Бұл – біздің Ибрагимовпен алғашқы әңгімеміз. Осыдан кейін Түсіпбеков екеуміз есеп беру үшін Астанаға ұшып кеттік.
Түнде қайтадан Алматыға оралдық. Ертеңінде Түсіпбеков Ибрагимовті прокуратура ғимаратына әкелуді бұйырды. Қасымовқа Ибрагимовтің күзетін күшейтуді тапсырды, өйткені прокуратура кабинетінің терезелерінде темір тор жоқ. Түсіпбеков әңгімені байқатпай жазып алуды тапсырды.
Әңгіме барысында Ибрагимов сыбырлап сөйледі. Мәселен мен сұрақ қойсам, жауапты менің құлағыма сыбырлап айтады, Түсіпбековке де солай. Түсіпбековке оның не деп сыбырлағанын естімедім. Ибрагимов қылмысқа қатысы бар екенін мойындаған жоқ. Біз Ибрагимовтің Сәрсенбаевты бекерден-бекер өлтірмегенін түсініп, оның артында кімдер тұрғанын сұрадық.

Осы кезде прокуратура ғимаратына оппозиция жетекшілері Әбілев, Тұяқбай, Жандосов келді. Осыған байланысты олармен кездесуге тура келді. Оппозиционерлер Ибрагимовты көрмеуі үшін оны конвоймен демалыс бөлмесіне апарды. Онда төсек бар екен, төсек жақтауына кісендеп қойды.
Ибрагимовпен әңгімеміз жалғасқанда ол тапсырысын орындаған адамның суреті көрші бөлмедегі газетте бар екенін айтты. Қандай газет екені есімде жоқ. Онда Президенттің және бірнеше лауазымды тұлғаның фотосы болды. Газетті әкелгенде Ибрагимов фотодан нақты адамды көрсеткісі келмеді. Түсіпбеков фотодағылардың әрқайсысын жеке көрсетіп шықты, Өтембаевқа келген кезде Ибрагимов «Иә» деді.
Өтембаевты жеке танимын, сондықтан Ибрагимовтің сөзіне бірден сенгем жоқ. Біздің сенбегенімізді түсініп: «Маған телефон беріңдер, мен онымен сөйлесем», – деді. Аз-кем ойланған соң оған телефон бердік. Ибрагимов Өтембаевтың нөмірін терді. Тұтқаны Өтембаевтың көмекшісі көтеріп, бірден Ибрагимовтен қайда жүргенін, «шеф» іздеп жатқанын айтты. Өтембаев пен Ибрагимовтің байланысы анықталды. «Өтембаев қайда?» деген сұраққа көмекшісі «ауруханада» деп жауап берді.
Мен өзімнің каналдарым арқылы Өтембаевтың ауруханада екенін анықтадым. Бас дәрігер оның қатты мас күйінде түскенін, бетін әрең бері қаратқанын айтты. Өтембаевтың атына тіркелген тапанша бар екен. Суицид жасамасын деп, Өтембаевты ұстауды және уақытша тергеу изоляторына қамауды Астана қалалық ІІД бастығы Досымовқа тапсырдық. Сол күні түнде Өтембаевты ұстады. Мені оның өзін қалай ұстағаны қызықтырды, ұстаған кезде Өтембаев сабырлы болыпты, ал изоляторға барар жолда өзін ұстай алмай қалған («потек» – ред.).
Түсіпбеков Өтембаевтан жауап алатын боп шешілді, мен оған қатысқан жоқпын. Жауап алу кезінде Өтембаев бәрін мойындап, өз қолымен хат жазып берді.
Сенат аппаратының жетекшісі Өтембаев Ибрагимовпен қалай танысты? Бізді осы сұрақтың жауабы қызықтырды. Өтембаев өзінің түсініктемесінде Ибрагимовпен оны ұлты бурят әлде қалмақ, Ресей азаматы болса да ҚР Президенті әкімшілігінде бөлім бастығы лауазымын атқарған Алексей Кекшаев таныстырғанын айтады. Кекшаев Ибрагимовті мәселе шешетін «боевик» деп ұсынған.

– Ибрагимов алғаш рет тапсырыс беруші деп Өтембаевтың фотосын көрсеткен газеттің форматын, атауын айта аласыз ба?
– Есімде жоқ. Ол кезде істе жоғары лауазымды адамдардың болуына орай дүрбелең туды.
– Сіздің сөзіңізге қарағанда, Ибрагимовпен әңгіме барысы кезінде арнайы жедел-тергеу шарасы жүргізілген. Оның нәтижесі қайда?
– Білмеймін. Ол кассетаны мен алған жоқпын. Мүмкін тергеушілерге тапсырылып, іске қосылған шығар.
– Прокуратура ғимаратындағы әңгіме барысында Ибрагимов қандай да бір кепілдік сұрады ма?
– Иә, ондай болды. Алдымен қорқытқысы келді. Қорқыта алмаған соң қауіпсіздігіне кепілдік сұрады. Біз «ойын» ұйымдастырып, кепілдік береміз деп келістік. Құжатты кім дайындағаны, кімдер қол қойғаны есімде жоқ. Осыдан кейін Ибрагимов газеттен Өтембаевтың фотосын көрсетті.
– Тергеу кезінде Өтембаевпен жеке кездестіңіз бе?
– Алғашқыда онымен Түсіпбеков кездесті. Тергеу кезінде Түсіпбеков екеуміз Өтембаевқа бардық. Не үшін екені есімде жоқ.
– Рахат Әлиевпен қарым-қатынасыңыз қандай?
– Әлиевті білемін, бірақ жақын қарым-қатынасым жоқ. Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаевамен қарым-қатынасым жақсы, ал Әлиевті оның бұрынғы күйеуі ретінде танимын. Мен онымен араласқан жоқпын, бизнесім немесе достық қатынасым жоқ.
– Істе тапсырыс беруші ретінде Өтембаевтан басқалар аталды ма?
– Сотта Ибрагимов адам өлтіруге қатысы бар деп Дүтбаев пен Әбіқаевты атады.
– Ибрагимов қандай себеппен мұндай мәлімдеме жасады?
– Ибрагимов шені жоғары адамдарға сүйеніп, тергеу кезінде өзін асқақ ұстады.
– Түсініктемеңізде әлдебір Кекшаев туралы айттыңыз. Ол туралы не білесіз?
– Ол Ресей азаматы бола тұра, бас айналдырарлық карьера жасады. Менің ойымша, бұл істегі оның рөлі оңай-оспақ емес. Бәлкім, ол әдейі жіберген адам шығар, оған қатысты ҰҚҚ қарауы керек.

– А.Мақашовпен таныссыз ба? Қарым-қатынасыңыз қандай?
– Аман Мақашовпен таныспын. Университетте жұмыс істеп жүрген кезімде оны маған бауыры Камардин ертіп келген. Оқу бітірген соң ол кеденде жұмыс істеді, сол кезде Р.Әлиевтің ықпалына түскен. Соңғы рет Мақашовпен Дубайда кездестім. Ол аяқ астынан пайда бола кетеді. Мүмкін ақпарат беріп отыратын әлдебір байланыстары бар шығар. Ол маған Әлиевке қарсы түсініктеме бергісі келеді деп әлдебір Дербас Адонис туралы айтты. Кейін Адониспен кездесу болды, ол Әлиевке бәрін үйіп-төкті. Соның нәтижесінде Адонисті ҰҚК-ге бердік.
– А.Мақашовты Е.Өтембаевпен және Р.Түсіпбековпен таныстырдыңыз ба?
– Есімде жоқ.
– Ибрагимов газеттен Өтембаевтың суретін көрсеткенде сіз және Түсіпбековтен басқа кім болды? Газетті кім әкелді?
– Есімде жоқ».
Түйін: Бүгін Алматыда «Алаштың Алтынбегі» деп аталатын оқырмандар конференциясы өтті. Осы жиында А.Сәрсенбайұлының бауыры Рысбак Сәрсенбай: «Бұл қанқұйлы қылмыстық құпиясы әлі толық ашылған жоқ», – деді.
Расында да бұл істің құпиясы әлі де көп. Алексей Кекшаев деген кім? Оның бұл істегі рөлі қандай? Амангелді Мақашовтың қандай қатысы бар? Ал «Бек» деген лақап атпен танымал Сапабек Мұқышев деген кім? «Істі бұрмалаған» Қ.Қасымов кімге жұмыс істеді? Сол кездегі Бас прокурор Р.Түсіпбеков пен Ішкі істер министрі Б.Мұхамеджанов кімнің күйін күйттеді? Кім атқызды? Кім атты?..
Міне, осы сұрақтарға жауап табылған күні істің түйіні де шешілмек.