Қожа феномені көрерменге қайта оралды

Күні кеше «Қожа. Жаңа саяхат» фильмінің түсаукесері өтті. Абдолла Қарсақбаев таспалаған туынды араға 62 жыл салып, жаңа нұсқамен көрерменге қайта жол тартты.
Жас режиссер Қуат Ибрагимов таспалаған шығарылым біз білетін Қожаны қайталайды дей алмаймыз. Көрермен жүрегінде жатталған кейбір кадрлардың көрініс бергені болмаса, бұл жолғы шығарылым тентек емес, алды-артын тануға тырысқан жасөспірім Қожаны суреттейді. Бірақ сыныптасы Жанарға деген сезіміне селкеу түспеген, оған деген кіршіксіз бала махаббаты саф күйінде сақталған.
Түпнұсқа туындыда Қожа соғыста ерлікпен қаза тапқан әкесін есінде сақтамаған болса, бұл жолғы кейіпкер асқар тауын майданға құшақтай шығарып салып, соңында әке орынын басқан Қаратайды қабылдау жолында қиналады. Мұны баланың анаға деген қызғанышы деп қабылдамасқа ләж жоқ. Себебі әке орынын басқан азамат еш өгейлік танытпай, керісінше, Қожаның көңілінен шығу үшін бар еркелігін көтеріп бағады.

Мұның сырын сценарий авторларының бірі Садық Шерімбек былай деп тарқатты: «Біз жалғызбасты әйелдің тағдырын ескеруге тырыстық. Сол себепті Милатты шынжырға байлап қоймай, уақыты келгенде бақытты болуға қақысы бар екенін жеткізгіміз келді. Ал оны Қожаның жанына ең жақын адам саналатын әжесінің аузына салдық», – дейді. Осы ретте анасы Милатты Гүлшарат Жұбаева, ал Қаратайды Кенжебек Башаров сәтті сомдап шыққанын айта кеткеніміз жөн болар.

Жобадағы тағы бір өзгеріс – Қарсақбаевтың Қожасы ғарышкер болуды армандаса, жаңа Қожа Бердібек Соқпақбаев жазғандай, ұлы жазушы болуды армандайды. Ал ол мақсатына деген алғашқы қадамы Жанарға арнап жазған жыр жолдарынан бастау алады.
Басты кейіпкерлердің партиясына келсек, Қожаны – Айқын Елубай есімді Шымкенттің іргесіндегі Ақбұлақ ауылының тумасы ойнаған. Ал Сұлтанды – Олжас Қалғаппар, Жантасты – Ильяр Егінбай кейіптеген. Жас әртістердің түр-әлпеттері ескі кейіпкерлеріне айна қатесіз ұқсайды. Осы ретте іріктеу талабының жоғары болғанын анық аңғаруға болады.

Бір қызығы, кино әлеміне алаш қадам басып отырған Айқын Елубай түсірілім жұмыстарының машақатына шыдамастан, сегізінші күні «үйге қайтамын» деп әлек салыпты. Ал партия белсендісін сәтті сомдаған Жантастың кейіпкерін ойнаған Ильяр есімді жеткіншек түсірілім арқылы «ң» әріпіне тілін сындырғанын қуана жеткізді.
Сотқар Сұлтанды образға алған Олжастың да суреткерлігіне тамсанбасқа болмас, фильмге түсу үшін талапқа толы бірнеше іріктеуден өткенін айтқан бозбала бұған дейін бірнеше эпизодқа түсіп үлгеріпті. Сондықтан қомақты жобаға қатысуға мүмкіндік алғанын қуана қабылдап, камерадан қымсынбауға тырысқан. Жаңа Сұлтан Қожаны тентектік жасап, өзіне елітуге тырысқанымен, кейін оны көпшілік алдындағы сын тезінде ақтап алады. Мұны киногерлер «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп, Абай тілімен түсіндірді.
Кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың бар көрінісі Жантастың бойынан табылады. Дегенмен, тағынған комсомол төсбелгісін биік бедел санап, әрі Қожаны қағыта сөйлеп, оны жұрт алдында масқаралауға тырысқаны өзіне абырой әпермейді. Мұны жиынға келген кейуаналардың бірінің «мына коммунисің нағыз екіжүзді ғой» деген сөзінен анық аңғаруға болады.
Сценарий авторларының айтуынша, Қарсақбаевтың Қожасы экранға шығу жолында аз цензура көрмеген. Бұл жолы киногерлер соның есесін қайтаруға тырысқанға ұқсайды. Оған кейіпкерлер аузынан сап ете түсетін «Баланың партияға адалдығын жағамыз деп, адамдығын сөндіріп алмайық», «Онсыз да итжеккенге айдалған жазушылар аз емес», «Масқара! Ұрлықты кешіруге» болмайды деген сынды тіркестерден түйсінуге болады.

Ескінің жұрнағындай болған жаңа туындыға сын айтқандар да аз емес. Мәселен, келгендер арасында аты-жөнін атамауды жөн көрген бір көрермен «кеңес үкіметінің символикасы саналған қызыл галстукті мадақтады» деп айыптады. Мұны сценарий авторланың біріне сауал етіп қойғанымызда: «Шығармашылық арқылы сол замандағы майданды көрсете тұра, неден азат болуды аңғартуға тырыстық», – деп астарлы ой тастады.
Туындының ұтқыр тұсына комсомол белсендісі Жантастың соңында жерде қалып, ал Қожаның асқақ арманына қол жеткізгені көңіл қуантты. Бұл көзі қарақты көрерменге басты кейіпкердің трагедисын ұғындырады.

«Кеңес үкіметі адамға индивидуал есебінде қарамады, әрбір жанды жүйенің бір бөлігі ретінде санады. Сондықтан жеке бастың проблемасы сол жүйенің жетегінде жұтылып кетті. Бірақ ол жүйе өзінің өміршең еместігін көрсетті. Яғни, адамдар еркіндікке ұмтылды. Біз осы мінезді Қожаның бойынан көрсетуге бекіндік.
Мысалы, кейіпкердің сабағы жақсы болғанымен, бұзықтық жасайды. Неге? Шынтуайтында, оның әкеден ала алмаған жылулықты қоғамнан іздеп жүргенін ешкім түсінбейді. Сондықтан оның мәселесін шешуді пионерлерге тапсырды. Біздің Қожаны ақтап алудағы себебіміз – осы. Өйткені, қазіргі таңда әкесіз өсіп жатқан қаншама тірі жетім бала бар. Фильмді көрген әрбір әке сол баласының ішкі трагедиясын түсінуі керек. Осыны жеткізуге тырыстық», – дейді Садық Шерімбек.