18 Қаңтар 14:16

Пәтер мен көлікті лизингке алу тиімді ме? – Экономист пікірі

Лизинг
Фото: Коллаж NEGE

Халықтың банктерге қарызға белшесінен батқаны билікті алаңдатып отырған сыңайы бар. Тығырықтан шығудың бір амалы ретінде жеке тұлғаларға баспана мен автокөлікті лизингке беруді ойластырып отыр. Парламент депутаттары осындай мәселе көтеріп, Ұлттық экономика министрлігі оны құп көрген. Депутаттар осы мақсатта заңға енгізген түзетулерді Үкімет мақұлдауы керек.

Расымен де, лизинг кредит қамытынан халықты құтқара ала ма? Орташа табысы бар адамдар үшін қаншалықты тиімді? Бұл сауалдарға экономист Арман БЕЙСЕНБАЕВ жауап берді.

Бейсенбаев
Фото: ғаламтордан

– Неге байқап көрмеске? Жұмыс істеп кетуі де мүмкін. Бірақ мұның барлық адамдарға арналмағаны анық.

Елімізде баспана мәселесінің түйіні тарқамай тұр. Тұрғын үй жетіспеушілігі айқын байқалады. Баспана саны мен құрылыс салу қарқыны мардымсыз. Мәселен, Алматы қаласын алып қарайық. Көп адамдар жалға берілетін пәтерлерде тұрып жатыр. Ал баспана бағасын ескерсек, оны ешқашан да сатып ала алмайды. Тіпті, ипотекаға. Өйткені, біздегі жалақының деңгейі оған жетпейді.

Алматы – экономикалық белсенді өңір. Ағылып келіп жатқан жастардың қарасы өте көп. Адамдар Алматы мен Астанаға келіп орнығып, мәнсап жасағысы келеді. Елордада да баға аспандап тұр. Жеңілдігі бар ипотека жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Бағаны шарықтатқаны соншалық, фундаменталды маңызын жоғалтты. Сондықтан лизинг тығырықтан шығатын жолдың бірі болуы ықтимал. Бар гәп – шарттарының қандай болатынында.

Лизинг дегеніміз – пәтерді жалға алып, белгілі бір бекітілген ақысын төлеу. Біртіндеп төлеп, түбінде сатып аласың. Десе де, лизинг барлық адам үшін тығырықтан шығар жол бола алмайды. Лизинг халықтың әлеуметтік жағынан осал бөлігі – баспасы жоқ көп балалы отбасылар, кедейлер үшін енгізілуі мүмкін. Бір жағынан қарағанда, мұндай қызмет түрі бізде қазір де бар. «Кейін сатып алуға болатын жалға алу» дегендей.

Бірақ өз басым автокөлік сатып алу үшін қандай да бір мүмкіндік беруге мүлде қарсымын. Еліміздің қандай климаттық белдеуде орналасқанын ескерсек, баспана – өмірлік маңызы бар игілік. Ал автокөліксіз өмір сүруге болады. Оны өмірлік маңызы бар игілік деп айта алмаймыз. Автокөлікті шамасы келетіндер сатып ала берсін. Сондықтан мұны басы артық нәрсе деп білемін.

Лизинг
Фото: ғаламтордан

Ал баспананы лизингке беру – жаман идея емес. Жеңілдігі бар ипотекалық кредиттің бір баламасы. 25 жыл бойы ай сайын ақысын төлеп сатып аласыз. Бұл да ипотеканы еске түсіреді. Бірақ көп адамдар 25 жыл бойы бір жерде тұра бермейді. Сіз басқа қалаға немесе сол қаланың басқа ауданына көшуді қаладыңыз дейік. Пәтерді өткізіп, оңай кете саласыз. Ешқандай қиындық тумайды. Бұған жағдайдың, мүдденің немесе жұмыс бабының өзгеруі түрткі болуы мүмкін. Сіз тұрып жатқан аудан сізге қолайсыз болып шығуы ғажап емес. Үйді лизингке алсаңыз, пәтеріңізді тапсырып, оңай көшіп кетесіз. Бірақ лизинг бойынша төлеген ақшаңыз күйіп кетеді. Өйткені, сіз ақысын толық төлемегенсіз. Лизингтің шарты осындай.

Жаңа қонысқа көшіп келсеңіз, бәрін басынан бастайсыз. Жиі көшіп-қонып жүрсеңіз, үйді өмір бойы сатып ала алмауыңыз мүмкін. Ал 25 жыл бойы бір жерде тұрсаңыз, онда пәтер сіздің меншігіңізде қалады.

Ал ипотекамен олай болмайды. Өйткені, борышыңыз бар. Ол үйді ешқайда тастап кете алмайсыз. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, 20-25 жыл бойы ипотеканы жапқанша сол үйде тұрасыз. Әрине, үйіңізді сатып, ипотеканы жабуыңызға болады. Бұл – күрделі үдеріс. Сатып алушы залогтағы үйді сатып алуға, сату-сатып алу шартын сіз ипотеканы жапқаннан кейін жасауға және басқа да көп талаптармен келісуі керек. Қалай десек те, пәтерді оңай өткізіп кете алмайсыз. Ал лизингте бәрі оңайырақ. Пәтерді өткіземін деп хабарласаңыз, сол да жеткілікті болуы ықтимал.