26 Наурыз 12:55
...

Ойын баласы қалай құмар ойыншыға айналады?

ойын
Фото: freepik.com

Ел президенті Қасым Жомарт-Тоқаев жуырда өткен Құрылтайда төрт мыңға жуық азаматтың букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екенін тілге тиек ете отырып, лудоманияның қоғам дертіне айналғанын алға тартты.

Бұл мәселенің жас ұрпаққа тигізер зиянын алға тартқан мемлекет басшысы онлайн-ойындардың балалардың күнделікті ермегіне айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осы орайда құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу мақсатында білім ошақтары қандай жұмыстар жүргізіп жатыр деген орынды сұрақ туындайды. Көкейдегі сауалға тиісті жауап алу үшін тілшіміз Алматы қаласындағы №33 мектеп лицейдің психолог маманы Гүлжазира Есенбайқызымен тілдескен еді. 

– Баланың компьютерлік ойындарға тәуелді болуын ата-анасының назарынан тыс қалғандығымен байланыстыратындар бар. Мәселе, мейір-махаббатытың жетіспеуінде ме, әлде шектеудің жоқтығынан туындай ма?

– Біріншіден, шектеудің жоқтығы тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда смартфон да, ғаламтор да қолжетімді. Содан кейін жасөспірімдер құмар ойындарға қасындағы жора-жолдастарына еліктеу арқылы да баруы мүмкін. Алғашында қызығушылықпен ойнап көреді. Одан кейін қайталана берсе, тәуелділікке ұласады. Әлбетте оған психологиялық тұрғыда әсер ететін жағдай – отбасында балаға көңіл бөлмеу. Үйде жақсы эмоция алмаған бала оны сырттан іздейді. Сондықтан ата-аналар, балаларыңызға мейілінше назар аударып, мейірімге бөлеуге тырысыңыздар.

ойын
Г.Есенбайқызының жеке архивінен

– Сонымен баланың құмар ойыншыға айналуына әсер ететін негізгі факторлар қандай? 

Ортасына еліктеу, күйзеліс, эмоцияның жетіспеуі, құмар ойынға елітетін негізгі себептер болып табылады.

Зорлық-зомбылық бар отбасындағы балалар құмар ойынға құштар келеді дегенді естіп жатамыз. Мұнымен келісуге бола ма?

– Бұл теріс түсінік. Өйткені толыққанды отбасынан шықса да шылым шегіп, нашақор болып, қалаберді лудоман болып кететін азаматтар бар. Шектен тыс ерекелетіп, әлпештегеннен де бала психологиясы өзгеріске ұшырайды. Азарт ойынға еліктеушілікке материалдық жағдайдың төмендігі тікелей әсер етуі мүмкін. Себебі, кейбір жастар бірден ауқатты өмір сүруге ұмтылады. Жалпы лудомандарға ортақ сипат беру қиын. Әр адам түрлі себептермен тәуелділікке бой алдырады.

– Мектепте қалта телефонды пайдалануға шектеу қойылды. Бұл бабалардың гаджеттен бас алуына септігін тигізіп жатыр ма?

Айтарлықтай септігін тигізіп жатыр деп айта алмаймын. Өйткені балалар сабақ үстінде, қоңырау барысында әлі де телефонға көп қарайды. Қарап отырсақ, бұл да тәуелділіктің бір түрі болып табылады.

Жалпы мектеп қабырғасында жасөспірімдер арасында құмар ойындардың алдын алу мақсатында арнайы жұмыстар жүргізіле ме?

Әрине бұл күннің басты тәртібіне айналған мәселе. Мектеп инспекторы, тәрбие ісінің меңгерушісі, әлеуметтік педагог және психолог мамандар бірлесе отырып жоспар құрып, сол бойынша оқу жылы барысында қызу жұмыс жасайды. Анығын айтқанда, әрқайсысы өзіне тиесілі міндетті атқарады.Әр тоқсан басында ұл балалар мен қыздарға бөлек жиналыс өткіземіз. Сол кезде балаларға нақты түсінікті болу үшін арнайы слайдтар мен бейнежазбалар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Алдын алу шаралары барысында қандайда бір меселе төңірегінде тренингтер өткіземіз.Дәстүрлі түрде тоқсан сайын әр оқушыдан психологиялық сауалнама аламыз.Берген жауаптары арқылы құмар ойынға әуестігі бар-жоқтығын және қаншалықты кибербулингке ұшырап жүргенін анықтаймыз. Сәйкесінше, күмәнді көрінген сыныптың оқушыларымен жеке дара жұмыс жасауды қолға аламыз. Мәселен, ұстаздарына сынып сағатында қандайда бір туындаған мәселе төңірегінде талқылауға тиіс тақырыптарды ұсынамыз. Одан соң психолог тарапынан жеке дара жиналыстар өтікізіп, жалпылама тақырып есебінде айтар ойымызды ортаға саламыз.

Бойында мазасыздық белгісі бар баланың өзімен тікелей жұмыс жасауға тыйым салынады. Егер оқушының өзі, ата-анасы немесе сынып жетекшісінің тарапынан мінез-құлқына қатысты қандайда бір ұсыныс түсіп жатса, онда онымен жеке дара жұмыс жасауды қолға аламыз. Егер сіз көтеріп отырған тақырып төңірегінде айтар болсам, кейбір ата-ана кешке дейін жұмыста болғандықтан баласының смартфонға немесе компьютерлік ойынға тәуелді екенін білмеуі мүмкін. Бірақ тұрпатынан қандайда бір агрессияны, байқаса, бізге тікелей байланысқа шығады. Біз әлбетте ол оқушымен жеке дара сөйлесіп, жұмыс жасаймыз.

Психолог
Г. Есенбайқызының жеке архивінен

– Кеңес жұмысын жүргізудің де өзіндік тәртібі бар болар? 

Алдымен баланы сыныптан тыс уақытта жеке алып қалып, неге шақырғанымды түсіндіремін. Содан кейін сауалнама барысында салған суреттері мен жауаптарына қатысты сұрақтар қоямын. Осы кезде мінезіндегі өзгеріске не себеп болғаны анық бола түседі. Кей бала бірден ашылып құпиясын жайып салса, ендібіреулері томаға тұйық болғандықтан, біраз жұмыс жасауды талап етеді. Осылайша жұмыстарын талдай отырып, қорытынды шығарамын. Одан соң туындаған мәселеге қатысты терапиялық жұмыстар жүргізіледі.

– Компьютерлік ойындар жас жеткіншектің тұлға болып қалыптасуына кеселін тигізеді деуге келе ме?

Негізі ересектермен салыстырғандабала психологиясы өте иілгіш болады. Көп нәрсе ұстаз бен ата-ананың бала тілін тауып, шектеу қоя білуіне байланысты. Бірақ шектеу салғанның жөні осы екен деп, жеке шекарасына кіріп кетпеу керек. Ұрысып, дауыс пен қол көтеруге мүлде болмайды. Сөзіңіз өту үшін алдымен құмар ойынның зияның түсіндіріп айту керек. Ал себебін ұғындыра алмасақ, онда бала үшін шектеудің маңызы болмай қалады. Олай болмаған жағдайда әуестігінен қол үзбей, ойнауын жалғастыра береді. Мысалы, баланың көңіл күйін, ойыннан алатын эмоциясын өзге дүниемен алмастыру арқылы тығырықтан шығуға болады. Осы ретте маман ретінде балаларды смартфоннан алшақтату мақсатында бір жобаны қолға алдым. Мектеп басшылығының қолдауымен бұйырса осы бастаманы алдағы оқу жылынан бастап қолданысқа енгізбек ойым бар. Мәселен, қазіргі таңда ұлттық құндылықтаға көп көңіл бөліп жатырмыз ғой. Осыны – бала тәрбиесіне де ұтымды пайдалансақ, ұтылмасымыз анық. Осы ретте сабақтан тыс уақытта аптасына екі рет оқушыларға үйірме өткізек деген жоспардамыз. Онда қатысушы балаларға ертегілер мен аңыз әңгімелер айтып, салт-дәстүрді тереңінен түсіндірсек дейміз. Мұны өскелең ұрпақты компьютерлік ойындардан құтқарудың бір жолы деп білем. Осы ретте бесінші сыныптар арасында арнайы эксперимент те жасап көрдік. Балалар сурет сала отырып, менің тарапымнан оқылған қызықты әңгімелерді тыңдады. Соңында мәтінді талқылай отырып, өз ойларын ортаға салды. Алғашында қаланың балалары болғандықтан қызығушылық жағы кемшін болар деген қорқынышым болған. Бірақ, шәкірттердің қисса-дастандарды ықыласпен тыңдап, белсене қатысқанын көргенде нәтижелі жоба боларына көз жеткіздім. Анығын айтқанда, ұрпағымыздың ұлттық кодтан ажырамағанына қуандым.

– Құмар ойынға құмар отағасы бар отбасындағы бала да лудоманияға бейім келе ме? Мәселе, «бала көргенін жасайды» деген ғой

Өмірде көріп жүргеніміздей, отағасы шылым мен ащы суға құмар болса да баласы байсаналы болып қалыптасқан отбасылар бар. Сондықтан жүз пайыз әсерін тигізеді деп айта алмаймын. Әр бала жеке тұлға болғандықтан, оның қандай жолды таңдайтыны өз психологиясына байланысты. Дегенмен, психикасы әлсіз балалардың отбасындағы жағдайды санасына сіңіріп алатыны сөзсіз. Кейбіреулер уақыт өте келе басына қиын іс түскенде көріп өскен әрекетін қайталауы мүмкін.

– Өткен Құрылтайда ел президенті онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып бара жатқанына тоқталып, осы ретте Үкіметке лудоманияға қарсы күресті кешенді түрде жүргізу мақсатында бірқатар тапсырмалар берді. Бұл біраз мәселені шешеді деп ойлайсыз ба?

– Қазір қаламызда ұлттық лагерлер жұмысын жандандырып жатыр. Онда балалар смартфонсыз тәрбиеленеді. Яғни, ұлттық ойындар ойнатылып, халық ауыз әдебиетінің жауһар шығармалары дәріптеледі. Бірақ олардың саны аз әрі жеке тұлғаларға тиесілі болғандықтан ақылы болады. Егер мемлекет қолдауымен тегін жүретін осындай орталықтар ашылып, белсенді жұмыс жасаса, бала тәрбиесіне қатысты мәселе өздігінен шешімін табар еді. Әрі бұл оқушылардың демалысты тиімді өткізуіне септігін тигізеді. Осы мақсатта ауыз әдебиетін бір кісідей білетін арнайы педагогтарды тартып, әдістемелік туындылар әзірлесе, тіптен тамаша болады. Ондай үйірмелерге қатысқан балалардың қызығушылығы артып, ойын жайлы ойлауға да уақыттары болмайды деп санаймын.

Әдетте жастардың дені жеңіл ақша табудың жолына түскендіктен құмар ойынға тәуелдене түсетін көрінеді. Мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

–Кейбір ата-аналар баласын асырап, бағып-қағып жатқанын міндетсінеді. Әсіресе, студент балалар осындай мәселеге жиі тап болады. Ал әсілінде баланы өмірге әкелген соң оның асырау ата-ананың міндеті болып табылады. Балалар қажетін сырттан іздемеу керек. Егер керек затын алып бере алмаса, жағдайды түсіндіріп айтқан абзал. Сонда балалар «тауып берге» салып, ата-анасына талап қоймайды. Ақылға тоқтата білген бала есейген шақта әке-шешесінің жағдайын түсініп, адал еңбекпен ақша табуға ұмтылады. Ол үшін мейілінше баламен жиі диалог орнатып отыру керек.

Әсілінде смартфонға құмар бала көзін кеш ілетін болғандықтан, үнемі ұйқысы қанбай жүреді. Сондай-ақ сабақтан жиі қалады немесе екінші немесе үшінші сабаққа келеді. Осындай әдеттегі оқушыға уақытты оздырмай, жіті мән беру керек. Өйткені миы демалмаған балаға білім қонбайтыны анық. Ал білімді ұрпақ – біздің жарқын болашағымыз.