Отбасылық құндылықтарды нығайту – қоғамның рухани тірегі

Қазіргі заман – қарқынды өзгерістер мен технологиялық даму дәуірі. Мұндай кезеңде қоғамның рухани тұғыры мен ұлттық негізі ретінде отбасының алатын орны ерекше. Отбасы – тек туыстық байланыс емес, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты, мейірімділікті, құрмет пен жауапкершілікті тәрбиелейтін негізгі әлеуметтік орта. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту ұлттың болашағын бекемдеудің ең маңызды алғышарты екенін ұмытпауымыз керек.
Қазақ халқы ежелден отбасыға үлкен мән берген. «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөздің астарында терең мағына жатыр. Ұл-қызына әдеп пен ибаны, үлкенді сыйлау мен кішіні құрметтеуді үйреткен халық бүгінде де осы қағидаларды сақтауға тиіс деп ойлаймыз. Алайда соңғы жылдары қоғамда отбасылық тәлім тәрбие беруде белгілі бір өзгерістер байқалып отыр.Мысалы: некенің тұрақсыздығы, ажырасу деңгейінің артуы, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі. Мұндай жағдайлар рухани құндылықтардың әлсіреуіне, әлеуметтік мәселелердің көбеюіне алып келуі мүмкін.
Одан бөлек, отбасылық құндылықтардың әлсіреуіне әсер ететін факторлар сан алуан. Ең алдымен, жаһандану мен ақпараттық технологиялардың ықпалы ерекше. Әлеуметтік желілер, шетелдік өмір салтын насихаттайтын контенттер, материалдық құндылықтардың басымдыққа ие болуы жастардың көзқарасын өзгертіп, кейде ұлттық тәрбие мен дәстүрді екінші орынға ысырып жібереді. Сонымен қатар экономикалық қиындықтар, тұрғын үй мәселесі, жұмысбастылық – отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты әлсіретіп, олардың бір-біріне арналған уақыты мен тәрбиеге көңіл бөлуін азайтады.
Дегенмен, мемлекет тарапынан бұл мәселені шешуге бағытталған бірқатар нақты қадамдар жасалуда. Қазақстанда отбасы институтын қолдауға арналған арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы үлгілі жанұяларды дәріптеп, қоғамда отбасылық құндылықтардың мәртебесін көтеруге бағытталған. Сонымен қатар ана мен балаға әлеуметтік қолдау көрсету, жас отбасыларға арналған тұрғын үй жобалары мен несиелер де мемлекеттің бұл салаға басымдық беріп отырғанын көрсетеді.

Алайда, тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір азаматтың да бұл мәселеге жеке жауапкершілікпен қарауы маңызды. Отбасындағы тәрбиенің сапасы, өзара құрмет пен түсіністік, балаға уақыт бөлу, ұлттық дәстүрлерді күнделікті өмірде қолдану – бұлар қоғамдағы жалпы мәдениеттің, тұрақтылықтың және рухани үйлесімділіктің көрсеткіші болмақ. Ұрпақ тәрбиесінде ата-әже мектебінің орны да ерекше. Ата-бабамыздың өмірлік тәжірибесі мен тағылымы арқылы жас буын ұлттық болмысқа, тарихи сана мен адамгершілік құндылықтарға жақындай түседі.
Отбасылық тәрбие тақырыбымызға қатысты, төрт баланың анасы, алматылық Әсел Сыбанқұлова бүй деп өз пікірін білдірген еді:
«Қазіргі заманның балалары өзгеше. Үлкен балаларыма қарағанда, кішкентай балаларыма тәрбие беру мен үшін қиын болды. Zet ұрпақтарын ұрып-соғып, ұрсып тәрбиелей алмайсың. Міндетті түрде олармен үлкен адамдар сияқты сөйлесіп, еркелетіп отырып қана айтқаныңды істетесің. Сонымен қатар, балаларға кішкентай кезінен бастап көңіл бөліп, пікір алмасқан маңызды. Себебі, ата-аналар өз балаларына телефонды ұстатып қойып, сап-сау балалардың біреуі мылқауға, біреуін саңырауға айналдырып жатыр. Сол үшін, болашақ ұрпақ сау болып өсуі үшін олардың денсаулығын бірінші орынға қойыңыздар, бала тәрбиесіне селқос қарамаңыздар дегім келеді».
Отбасылық құндылықтарды нығайту тек бір отбасының мәселесі емес, бұл – тұтас ұлттың, мемлекеттің болашағына әсер ететін фактор. Егер әр отбасы ішіндегі қарым-қатынас мейірімге, жауапкершілікке және сыйластыққа құрылған болса, онда қоғам да тұрақты әрі бейбіт болмақ. Осы орайда отбасылық құндылықтарды мектеп қабырғасынан бастап дәріптеу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оң үлгілерді көрсету, мәдениет пен әдебиетте отбасы тақырыбын кеңінен қозғау сияқты жұмыстар болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды қадамдар болып қала береді.
Қорытындылай келе, отбасылық құндылықтарды нығайту – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да басты талабы. Бұл бағытта бірлесіп әрекет еткенде ғана біз жарқын, тәрбиелі, рухани бай ұрпақ тәрбиелеп, болашағы берік Қазақстанды қалыптастыра аламыз.