20 Наурыз 20:05
...

Өнер жұлдыздары Наурыз мейрамын қалай қарсы алады?

Фото:

«Ай – ат басын бұрғанша, жыл – жылқы аунап тұрғанша»​ демекші, Ұлыстың Ұлы күні де келіп жетті. NEGE тілшісі үнемі халыққа әннен шашу шашып жүретін өнер иелері төл мерекемізді қайда және қалай қарсы алатынын сұрап көрген еді.

Қарақат Әбілдина, әнші:

   Балаларыма ұлттық нақыштағы сыйлықтар жасаймын

Шымкент қаласында мереке жоғары деңгейде тойланғалы жатыр. Бұйырса, ертең Қыдекең екеуміз әннен шашу шашпаққа сол жаққа жол тартамыз. Халықтың арасында жүрген соң шақырған жерден қалмай, қуанышқа ортақтасып жатқан жайымыз бар.

Ал, 22-сі  күні үйімізге оралып, наурыз көже пісіріп, отбасымызбен бір дастархан басына жиналамыз. Өз басым осы күні арайлап атқан таңды көзбен көріп, іштей жақсылық тілеп, дұға жасаймын. Мысалы, Жаңа жылды атап өтерде славян халықтарының арасында қалыптасқан үрдіс бар ғой. Балалар шыршаны жағалай айналып, ән айтып, Аяз ата келіп, сыйлық таратып жатады.

Біз төл мерекемізді осындай деңгейде атап өтуге жете алмай жатырмыз, десе де бұрынғымен салыстырғанда көңіл қуантарлық дәрежеде тойлап жүрміз. Сондықтан балаларыма мейрамды барынша сезіндіру мақсатында түрлі кәде сыйлықтар жасап, ұлттық киімдерімізді кидіріп, әдемі дастархан жайып, үйге ет жақындарымызды шақырып, өзіміз де оларға қыдырыстап барып, мәре-сәре боламыз.

Ел арасында түрлі концерттік бағдарламаларға қатысатын болғандықтан, арасында ұл-қыздарымызды ертіп барамыз. Мұның барлығы ұлттық құндылықтарымызды көріп, көздері сүйсініп өссін деген ниет қой.

Әз Наурыз әр шаңыраққа құт берекесімен, жақсылығымен келсін!

Қобыланды Болат, актер:

        Үйдің ішін ою-өрнекпен безендіріп, ұлттық киім киеміз

 – Ұлыстың ұлы күнін шамам келгенше отбасыммен қарсы алуға тырысамын. Салт-дәстүрімізге сай келіндерге шелпек пісіртіп, майдың исін шығартып, үлкен қазанға наурыз көже пісіртеміз.

Төл мерекеміз болғандықтан үйдің ішін түрлі ою-өрнекпен безендіріп, өзіміз ұлттық киім киіп жүреміз. Сосын кішкентай қызыма ыдысқа түрлі тәттілер салып беріп, айналадағы көршілерімізге дәмнен ауыз тигіземіз. Арасында сәті келіп жатса ата-анам мен жақындарыма көңілдерін көтермек ниетте демалыс ұйымдастыруға тырысамын.

Менің тілегім – үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетіп, алыс пен жақынға жомарттық танытып жүрейік. Одан кеңімесек, кем болмайтынымыз анық. Ұлыс оң болсын!

Қорлан Кәртенбаева, жетігенші: 

 Халықтың арасында жүремін

Біз жалпы Наурыз мейрамында концерттен-концертке жүгіріп, халықтың арасында жүреміз ғой. Ал үйде болған жағдайда үлкен дастархан жайып, ағайын-туыс пен көрші-қолаңды қонаққа шақырамын. Бәріміз бас қосқан соң түрлі ұлттық ойындар ойнап, арқа-жарқа болып қаламыз. Негізі отбасымызбен наурыз айы басталған бетте ұлттық киім киіп жүруді әдетке айналдырғанбыз.

Мысалы, балаларым мектепке комзол мен бөрік киіп барса, өзім жұмысқа ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен бедерлеп тігілген көйлектерімді киіп аламын. Жалпы, бұл үрдіс мерекеде ғана емес, күнделікті көрініс беретін әдетімізге айналса деген тілегім бар.

Өзбек ұлтын қарасақ, өздерінің ұлттық шапандары мен тақиясын үнемі тастамай киіп жүреді. Сырт көзге сондай үйлесімді әрі әдемі көрінеді. Біз де солай құндылықтарымызды әр уақытта ұлықтап жүрсек игі болар еді.  

Құрмаш Махан, әнші:

Дос-жарандар бас қосамыз

Енді наурыз көже жасап, ағайын-туыстың бір-бірін қонаққа шақыруы дағдымызға айналған ғой. Біз де сол әдеттен жаңылмай, жақындарымыздың басын қосуға тырысамыз. Егер сәті түссе аралас-құралас дос-жарандар арнайы  бас қосып, ақ дастархан басында ән-күйге саламыз.

Мойындауымыз керек, бұрын 90 жылдары Наурыз мейрамы тамаша тойланатын еді. Бала кезімізде тіпті бір ауыл бір үйдің баласындай берек-бірлікке жұмылып, Ұлыстың ұлы күнін үлкен дайындықпен қарсы алатын. Қазір бәрі дамыған сайын, адамдар бір-бірінен алшақтап бара жатқандай көрінеді. Атап айтар болсам, бір-бірін құттықтап, кіріп шығатын адамдар аз. Осы жағына қарыным ашады.

Гүлшат Тұтова, актриса:

Қызым мен жиенімді перзентханадан шығарып аламын

Төл мерекеміз маған үлкен қуанышымен келе жатыр. Үлкен қызым өмірге сәби әкеліп, жиенді болып, әже атанып жатқан жайым бар. Сондықтан биыл Наурыз мейрамын қызымның отбасында қарсы алайын деп отырмын. Оның үстіне қызымның өтініші бойынша нәрестені суға түсіріп, сәл ширағанша қасында болмақпын.

Мен Наурыз мейрамы күні міндетті түрде үйді жақсылап жинап, «тазарайық» деген ниетпен адыраспанмен аластап шығамын. Бұдан соң шелпек пен бауырсақ пісіріп, иіс шығарамын. Бұл енді біздің ертеден келе жатқан наным-сеніміміз ғой. Ал көжеге қосатын қазымды қыста соғым сойған кезде арнайы сүрлеп, алдын-ала даярлап қоятыным бар.

Бұрын Кеңес заманында ауылдағылар наурыз көже ішерде «тасаттық» деп айтатын еді. Сонда «неге олай дейді?» деп іштей  таң болатынмын. Қазір Құдайға шүкір, ашық аспан аясында ешкімнен тайсалмай, емін-еркін тойлайтын болдық. Бұл – бізге бұйырған бақ. Сондықтан баршаңызға амандық, саулық, тоқтық тілеймін.

Тәңіріміз берген несібе таусылмай, ұрпағымызбен мың жасайық. Асықтарыңыз әрдайым алшысынан түссін!

Айбар Серкебаев, әнші:

Мәдениет үйін ашамыз

Алматы қаласының іргесіндегі Бесағаш ауылдық округінде Мәдениет үйі ашылып жатыр. Сол игі жобаның басы-қасында жүргендіктен мені сол мекемеге басшы етіп бекіткен еді.

Бұйырса, 22-сі күні Алматы облысы әкімінің қатысуымен ашылу салтанаты өтеді. Осыған орай жергілікті тұрғындарды қуанту мақсатында концерттік бағдарлама әзірлеп жатырмыз.

Мәдениет үйінің алдына киіз үй тігіп, келуші қонақтарымызды наурыз көже, ақ дастарханмен қарсы алып, көптің көңілін көтермекпіз. Осылайша қос қуанышты қатар атап өтсек дейміз.

Тегтер: