«Сый қылсаң, сыпыра қыл»: Әншілер 8 НАУРЫЗҒА не сыйлық дайындап жатыр?
Әйелдердің халықаралық мерекесіне орай шоу-бизнестегі серілерге сұрау салдық. Сонымен, нәзік жан иелерін әніне қосқан ер азаматтар үйдегі аналары мен жұбайларына нендей сыйлық әзірлеп жатыр?
Асылбек ЕҢСЕПОВ, күйші:
Сыйлық көлігімнің жүксалғышында жатыр
– Жадыраған көктеммен қатар келетін 8 наурыз тамаша мейрам ғой, шіркін! Сондықтан дайындалмасқа болмайды. Өзімнің ертеден қалыптасқан дәстүрім бар. Мәселен, таңертең ертемен гүл әкеліп, келіншегім мен екі қызымды құттықтаймын. Содан кейін шешем мен жарымның анасын отбасымызбен барып құттықтап қайтамыз.
Ал сыйлық тұрғысынан айтар болсам, гүл міндетті түрде сыйланады. Келіншегіме көбіне өзінің қалаған затын алып беруге тырысамын.
Шынын айтсам, осыдан бірер күн бұрын отандық брендтердің бірінен ұлттық нақыштағы зергерлік алқа алып қойған едім.
Соны 8 наурызда беремін деп, көлігімнің жүксалғышына жасырып қойғанмын. Ертең соны табыстаймын. Негізі мен жұбайымды мерекеден тыс уақытта да қуантып тырысуға тырысамын. Әйел-ана жүрген жерде мейірім жүреді ғой, сондықтан оларды үнемі алақанда аялап, қуантып тұрғанымыз жөн.
Айдар ТҰРҒАМБЕК, «Жігіттер» квартетінің солисі:
Бір күнді ғана күтпейік
– Біз дәл қазіргі уақытта «Жігіттер» тобының жиырма жылдық кешін өткізу мақсатында еліміздің Батыс өңірінде жүрміз. Сапарда болғандықтан, анам мен келіншегімді телефон арқылы құттықтауыма тура келеді. Биыл тыңдармандарымызды мерекелік концертпен қуантпақпыз.
Мен жалпы ақ жаулықты аналарымыз бен жұбайларымыз жалғыз 8 наурыз кезінде ғана емес, жылдың әр күнінде сыйлық пен сыйға лайық деп ойлаймын.
Арнайы бір күнді ғана күтіп жүрмей, қолымнан келсе үнемі қуантуға тырысамын. «Ана бір қолымен бесігін тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ғой. Әлемдегі барлық қыз-келіншектердің амандығы мен саулығын тілеймін.
Нұржан ҚАЛЖАН, әнші:
Ханшайымның алдында шығынға бататын сияқтымын
– Біз екі күн бұрын Алматы қаласы, Наурызбай ауданында тұратын алтын құрсақты аналарымыз бен ұстаздарымызды құттықтауды бастап кеттік. Жергілікті тұрғындардың алдында ән шырқап, ізгі тілектерімізі жаудырып жатырмыз. Дәл қазір жолдан келе жатырмын.
Үйдегі жұбайыма гүл мен сыйлық табыстаймын. Өзі алдында бір иіссуды ұнатып жүр еді. Соны алып берсем деп отырмын.
Ал аналарымызды мейрам атаулыда қалдырмай құттықтап, қуантуға тырысу – әдетімізге айналған. Мәселен, шешеме өзіңізге ұнаған дүниені сатып аларсыз деп, қаржылай сыйлық жасаймын. Ал қызымды ерекше қуантуға тырысамын. Көктем шыққалы «велосипед», «пәленше көйлек», «түгенше көзілдірік» деп тізімі де көбейген көрінеді. Бәрінен бұрын сол кішкентай ханшайымның алдында шығынға бататын сияқтымын.
Өктем АЛТАЕВ, әнші:
Қолым тимей жатыр
– Әйел ананы Құдайдың құтты күні құттықтап аяласаң да, көптік етпейді деп ойлаймын. Оның ішінде 8 наурыздың орны бөлек деп санаймын. Себебі, бұл күні қыз-келіншектеріміздің ерекше құттықтаулар күтетіні анық.
Ауылдағы анама телефон шалып, жедел жеткізетін қызмет түрлерін ұсынатын дүкендер арқылы сыйлығын жіберемін.
Дәл қазіргі кезде концерттен қолым тимей жатыр. Сондықтан келіншегім мен қызыма сыйлықты кешке таяу қарастырамын деп отырмын.
Ерболат БЕДЕЛХАН, «Орда» тобының солисі, продюсер:
Бірдеңе алып беретін шығармын...
– Шынымды айтсам, дайын емеспін. Бірдеңе алып беретін шығармын. Қазір жұмыстың жайымен қолым босамай жатыр. Жоқ дегенде бір гүл сыйлатын шығармын, көреміз енді. Неге десеңіз, менің келіншегім көп нәрсені қаламайды.
Екіншіден, мен өзімді әйел адамға ерекше назар аударатын азаматпын деп айта аламаймын.
Бірақ гүл атаулыны 8 наурызды күтпей-ақ үнемі сыйлап тұруға тырысамын. Әрбір әкеге тән міндетпен қыздарымды құттықтауды да қалыс қалдырмаймын.