«Жолдауды Жанболаттан естіп аламын...» – Сахна адамдары саясатқа НЕГЕ сүлесоқ қарайды?
2 қыркүйек күні президент жыл сайынғы кезекті жолдауын жасады. Үнемі қапылып жүретін әртістер қауымы осы саяси оқиғадан қаншалықты хабардар? Әнші мен актерлер үшін мінберде айтылып жатқан мәселелердің мәні бар ма? Жолдауда өнер мен мәдениет туралы айтылды ма?
Қуандық Шәкіржанов, актер:
Уақыт жоқ...
– Ол қандай жолдау? Жоқ, тыңдамадым. Шынымды айтсам, жаңалық тыңдайтын уақыт жоқ.
– Ендеше, хабардар бола отырыңыз. АЭС салу-салмау жөнінде референдум болатыны айтылды. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұл мәселе осы уақытқа дейін талқыланып келді ғой. Он жылда саламыз деді ме, салады. Өз басым қазір саясатқа қызықпаймын, тіпті тыңдамайтын да болдым. Біздің саясаттың жайы түсінікті ғой. Әйтеуір еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеп отырмын.
Жазира Байырбекова, әнші:
Жолдауды Жанболаттан естіп аламын
– Жалпы үйде жаңалықтармен Жанболат құлақтандырып отырады. Өз басым Қаңтар оқиғасынан күйін күйзеліске түскен едім, содан бері жаңалық қарамауға тырысып жүрмін. Сол себепті саяси ортада не болып жатқанынан хабардармын деп айта алмаймын. Қазір жұмыстан тыс уақытымды бала тәрбиесіне арнайтын болдым.
Қоғамдағы дүниеге аралассаң отбасы, бала-шаға, туған туыс деген қалыс қалады екен. Дегенмен, өнермен мәдениетке бетбұрыс бар сияқты. Мәселен, сахнада бейәдеп сөз айтып, қалаберді жартылай жалаңаштанып жүретіндерді әкімшілік жазаға тартып еді, олардың саны біраз азайған сыңайлы.
Ұлтымыздың болмысынан ажырап кетпеу мақсатында мәдениет пен өнерде сын тезіне салып отыратын темірдей тәртіп керек деп ойлаймын. Әлбетте, бұған Мәдениет министрлігі араласу керек.
Балғымбек Имашев, айтыскер ақын:
Халықты қыста тоңдырмасын, көктемде суға батырмасын
– Мен сапарда жүргендіктен жолдауды бастан-аяқ тыңдай алмадым. Дегенмен, арасында әлеуметтік желі арқылы көз жүгіртіп отырдым. Борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі деген тұсы көңіліме қонды. Мемлекеттен субсидия алып отырған банктерге салықты өсіру жағы жөніде айтқанын да мақұлдаймын. Себебі қазір көптеген қаржы мекемелерінің халыққа несие беріп, одан қыруар пайда көріп отырғаны белгілі. Осы ретте Үкімет пен Парламент өздеріне тапсырылған жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізеді деп сенемін.
Одан соң мемлекет басшысының еңбек адамына деген құрметті арттыру жолында инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады дегеніне риза болдым. Жалпы әлеуметтік әл ауқаты аз қамтылған топтың назардан қалыс қалмағаны абзал. Бұл қатардан еліміздің дамуы жолында білім, ғылым халықтың денсаулығы да тыс қалмауға тиіс. Осы ретте мемлекет басшысының колледжді жақсы бағаға тәмамдаған студенттерді мемлекеттік жұмысқа алу қажеттігін айтқаны ұнады.
Бізде көктемде су тасып, қыста жылу жүйелері жарылып, күзде жанар-жағар майдың қымбаттауы күннің басты мәселесіне айналған. Осыған жауапты органдар алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізіп, халықты әуре-сарсаңға салмаудың қамын ойластырса екен. Жаңа Қазақстан дегенімізбен, ескі-құсқы жылу жүйелері әлі өзгермеді. Халықты қыста тоңдырмасын, көктемде суға батырмасын. Егер ауылдағы шаруаларға өнімін мемлекет сатып алатындай жағдай жасалса, халық өз күнін өзі көреді ғой. Осы айтылғандар оңтайлы жүзеге асса, өнер мен білімнің жағдайы жағада қалмайды деп ойлаймын.
Жұлдызай Дүйсенбиева, актриса:
Кейін танысып аламын...
– Жолдауды толық тыңдамадым. Өйткені білім күнімен тұспа-тұс келгендіктен баламды мектепке апаруыма тура келді. Кейінірек толық танысып аламын.
Мақсат Базарбаев, әнші:
Біздің пікірімізбен санаспайды
– Біз өнер адамдары саясатқа араласа бермейміз ғой. Өйткені біздің пікірімізбен санаспайды. Оның үстіне әр саланың басы-қасында отырған өзіндік мамандары бар дегендей. Бірақ құлағымыз естіп, көзіміз көретін болғандықтан, әрине, мінберде айтылған мәселелерден хабардармын.
«Адамның емес, Алланың айтқаны болады» деген. Сондықтан тек жақсы болса екен деп тілейміз. Жолдауда өнер мен мәдениеттің қалыс қалғаны қынжылтады, әрине. Бірақ «сабақты ине сәтімен» дегендей, уақыт көрсетеді деп сенемін. Біз асыққанмен ештеңе өзгеріп кете қоймайды. Өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың болашағы жақсы да жарқын болса екен деймін. Ел тізгігін ұстаған азаматтар әрдайым халықтың жағдайын жақсы жағынан шешсе екен деген тілегім бар.