30 Қыркүйек 18:44
...

Назира Бердалы, ақын, журналист: «Иіссу аларсың» деп 100 доллар ұстатқандар болды

Ақын
Фото: Жеке мұрағаттан

Менің тұсауымды кескен – «Поэзия көктемі» жас ақындар мүшәйрасы. Сол кезден бастап Алматыдағы әртүрлі оқу орындарында оқитын, әдебиетсүйер жастарға танылдым.

«Жауын!
Жаудың ба?
Жып-жылысың.
Өзіңсің таңғы бағым, түнгі ырысым.
Көктемнің хабаршысы, қуанышы,
Тағы да сол көктемнің
бір мұңысың...», – деп сезімнің қылын шертетін лирикалық өлеңдері арқылы оқырманның жүрегіне жол тапқан ақын, журналист Назира Бердалы шығармашылыққа ерте араласты. Оның телеарнадағы авторлық жобалары да өміршеңдігімен құнды. Мәдениет пен өнер саласының марқасқаларынан сыр суыртпақтап жүрген әріптесімізбен біз де әңгіме өрбіттік. 

 – Назира, өзіңді сонау студент кезден білемін. Университетте жүріп-ақ еңбек жолына араласып, ақын әрі журналист ретінде елге ерте танылдың. Бұл сенің өміріңе қаншалықты әсер етті? Егер уақытты кері шегіндірсек, нені өзгертер едің?

 – Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде өткен студенттік жылдарымыз – өміріміздің ең бір ғажап, жарқын кезеңі деп ойлаймын. Еңбек жолымды 1999 жылы «Студент» газетінің тілшісі болып бастаған екенмін. Алғашында жай қызығушылықпен, қаламымды шыңдау үшін мақала апарып жүрдім. Кейін газеттің бас редакторы Есқұлы Қыдырұлы жарты ставкаға жұмысқа шақырды. Қазақша, орысша екі тілде материалдар дайындадым. Бір жылдан кейін тағы да ұстазымдарымның шақыртуымен қара шаңырақ – «Қазақ радиосына» орналастым. Ол кезде әлі студентпін, күндізгі бөлімде оқып жүргендіктен, сенбі-жексенбі күндері ғана тікелей эфир жүргізетінмін. Ал, өлеңге келсек, мектеп қабырғасында жүрген шағымнан ақындар айтысына қатыстым, қағаз бетіне түскен өлеңдерім де бар еді. Бірақ, оны көпшілікке ұсынуға жүрексінетінмін. Менің тұсауымды кескен – «Поэзия көктемі» жас ақындар мүшәйрасы. Сол кезден бастап Алматыдағы әртүрлі оқу орындарында оқитын, әдебиетсүйер жастарға танылдым. Менің оқырманым – өздерің, қасымда жүрген достарым, замандастарым болды. Уақытты кері шегіндіру мүмкін емес қой. Дегенмен, ештеңені өзгертпес едім. Ерте танылудың жүгі – ерте есею шығар.

  «Қазақстан» телеарнасында редактор боп, кейін «Таңшолпан» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі қызметін атқардың. Одан кейін «Риясыз әңгіме», «Меншікті мекен», «Сырласу» хабарын тізгіндедің. Сол кездегі журналистика мен бүгінгі журналистиканың арасы жер мен көктей деп айта аламыз ба? Егер бар болса, қандай?

 – Бүгін біраз ностальгияға шоматын секілдіміз. «Қазақстан» телеарнасына мені алғаш марқұм әкем жетектеп апарды. Бірінші курсқа енді түскен кезім. Алдымыздан күзетші шығып: «Кімге келдіңіздер?» деп сұрады. Әкем: «Мынау менің балам, Назира. ҚазМУ-дың журфагында оқиды. Болашақ телевизия маманы. Осы баланы сендерге табыстап кеткелі келдім» деді. Мен ұяттан өртеніп барамын.

Ішімнен «Ешкімді танымаймыз, неге келдік» деп тұрмын. Күзетші: «Ә, онда мен сіздерге Балалар мен жасөспірімдер редакциясының бас редакторын шақырып берейін» деді. Басына құндыз бөрік киген, көзәйнек таққан апай шықты. Есімі – Роза екен. Қазір еміс-еміс қана есімде, себебі кейін мен жұмысқа келгенде ол апай болған жоқ. Роза апайға да әкем жаңағы сөзін айтты.

Ол кісі «Әрине, келіп тұрсын, өндіріске аралассын» деді. Бірақ, мен «Қазақ радиосына» кіргенше телеарна жаққа аяғымды аттап баспадым. Енді өзім орта жасқа келіп, әкемнің сол әрекеті туралы ойланамын. «Жасқанба, адамдарға ашық бол, өзің қорықпасаң, саған да барлық есік ашық» дегенді ұғындыру үшін көрсеткен тәлімі екен. Әрі әкем менің қабілетіме сенді, үлкен үміт артты. Солайша, 20 жасымда Ұлттық арнаға жұмысқа тұрып, 25 жасымнан бастап бес жылдай Таңғы бағдарламалар бірлестігін басқардым.

Әрине, соңғы 20 жылда журналистика қатты өзгерді. Себебі, қоғамдық сана өзгерді. Ғасырлар бойы «табу» боп, жабық тұрған тақырыптар ашылды. Ештеңеден ұялмайтын, ештеңеге таңғалмайтын, тіпті ештеңеден қорықпайтын болдық. Бұрын «сенсация» деген сөз бар еді, қазір ол сөз сәннен шыққан тәрізді. Ештеңе де сенсация емес. «Е-е» дейміз де, қоямыз. Селт етпейміз. Сезімдер өлген. Мұның бәрі журналистиканың ықпалын азайтатын факторлар. 20 жыл бұрын «жаһандану дәуірі келе жатыр» дейтінбіз, қазір жаһанданудың қақ ортасында жүрміз. Ғылыми-техникалық прогресс осы жиырма жылда адамзаттың екі мың жылда қол жеткізген жетістіктерін он орап кетті. Өзің ойлашы, расында да 20 жыл бұрынғы өмір мен қазіргі өмірдің айырмашылығы жер мен көктей! Телевизияның, радионың техникалық жабдықталуы, хабар тарату тәсілдері де мүлдем басқа.

 – Қазір «Абай-TV» телеарнасында «Сарасөз» хабары арқылы елімізге белгілі, айтулы тұлғалармен өнегелі сұқбат жүргізіп жүрсің ғой. Талай жақсы мен жайсаңның өмірі мен тағдыры сөз болмай тұрмайды. Сондай кезде сені не мазалайды? Бәлкім, талантымызды тани алмай жүргеніміз, дәстүр мен өнерімізді насихаттауға келгенде тартынып қалатынымыз көңіліңді құлазыта ма?

 – «Абай-TV» арнасына келгеніме үш жылдан асты. Осы аралықта өзің айтқандай руханиятқа, мәдениетке еңбегі сіңген талай тұлғамен сұқбаттастым. Мен студияға келген әрбір кейіпкерімді жақсы көремін, өмірде сүрініп кеткен тұстарын емес, еңбегін, жетістігін өнеге етіп көрерменге ұсынуға тырысамын. Алдымен өзім жақсы танып алуға барымды саламын.

Жазушы келсе, кітабын оқып шығамын. Актер келсе, ғаламторда бәрі тұр – спектакльдерін қараймын. Бір қонақты ашу үшін бір аптадай дайындалатынымды әріптестерім біледі. Әр қонақтың әңгімесінен өзіме ой түйемін, жалпы, сұқбат – мен үшін ең қолайлы жанрлардың бірі. Көңілім құлазитын жайтқа келсек – осындай мазмұнды хабарлардың көрермені аз.

Ең көп қаралған – Димаштың анасы Света Айтбаевамен болған сұқбат шығар, оны Youtube-те 32 мың адам көріпті. Осы сұқбатта Света ханым Димаштай ұл тәрбиелеудің феномены туралы айтпайды, бір есімде қалған тұсы – өзінің құрақ көрпе құрауды ұнататынын айта отырып, «іс тігу әйел адамды сабырлылыққа тәрбиелейді ғой» дейді. Феноменнің жауабы өзі-ақ шығып тұр ма? Шығып тұр. Өкінішке қарай, көрермен қазір ойды дамытатын дүние емес, ойлантпайтын жеңіл, арзан нәрсе көруге құмар. Ондай контенттердің қаралымы миллионнан асып жығылады. Мұның бәрі рухани деградацияға ұшыратпағанда, қайтеді?

ақын
жеке мұрағаттан

– Көрермен өзіңді «Алтын қақпа» интеллектуалды ойыны, «Сөз мерген» сөз сайысынан кейін іздеп жүрді. Қазір осындай танымдық бағдарламалар неге жоқ? Әлде, бұрынғыдай сұраныс жоқ па, қалай? Дегенмен, былтыр осы жоба қайтадан қолға алынған сияқты еді.

– Иә, бұл жаңағы ойымыздың жалғасы тәрізді. Қазір танымдық бағдарламаға сұраныс жоқ. Сұраныс жоқ деп, рейтингтің ығына жығылып отыра беруге тағы болмас, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекетіміздің идеологиясы қалыптасады ғой. Былтыр «Алтын қақпа» жобасы жиырма жылдан кейін қайта эфирге шығып, 40 эпизод түсірдік. Биыл сол 40 эпизод «Абай-TV» телеарнасынан қайталап көрсетілді. Ары қарай жаңа эпизодтар түсіріле ме, жоқ па, ол жағын кесіп айта алмаймын.

 – Сеніңше, журналистика мамандық па, кәсіп пе? Бұл салада жүріп іздегеніңді тауып, жоғыңды түгендей алдың ба?

 – Журналистика менің жан-дүниемді толықтыратын мамандық. Оны қалай кәсіп деп атауға болады? Әңгіме барысында айтып өткенімдей, бұл мамандықтың артықшылығы – үнемі адамдармен араласасың. Әрқайсынан жаңа нәрсе үйренесің. Өзіңді, әлемді, адамды зерттейсің. Көптеген әріптестерім бұл салада нан табу үшін емес, өзінің жан қалауымен жүрген шығар.

 – Ең алғашқы өлеңдер жинағың «Жаңбырлы түн» деген атпен 2001 жылы жарық көрді. Одан кейін «Сүйген жүрек», «Ару-Әлем», «Ең жақын досым» атты үш кітабың оқырманға жол тартыпты. Қаламыңнан туған қаншама өлеңге жазылған әндер өмірге келді. Әншілер тарапынан әннің сөзін жазып беруге ұсыныс түсіп тұра ма? Мәселен, құпия болмаса, қаншаға жазып бересің?

 – Жақсы өлеңдер оқылады, жатталады. Қанша уақыт өтсе де. Дегенмен, өлеңнің ең бір мықты насихаты – ән екені ақиқат. Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың, Жұбан Молдағалиевтың, Тұманбай Молдағалиевтың өлеңдерін кезінде ән арқылы жаттадық. Ұлықбек Есдәулеттің поэзиясына өз басым ән арқылы келгенмін.

«Беу, балалық!

Бейкүнә шақтан нәр алып,

Отырмын ойға қамалып...», – деп, күні кеше дүниеден өткен Гүлнәр Сиқымбаева әпкеміз теледидардан шырқаса, үйдегілерге көрсетпей жылап алатынмын. Ол кезде балалық пен ересек өмірдің ортасында тұрған жасөспірім едім. Негізі өлеңді әнге лайықтап беру де бәрінің қолынан келмейді. Өйткені, қай әріптің қай нотаға жататынын сезіну үшін музыкалық «слух» керек. Өлеңін ән ғып айтқаннан ақынның бәсі кеміп қалмайды. Мысалы, Ақберен Елгезектің «Өзіңе мені шақырар, алдымнан ұшқан көбелек», Танакөз Толқынқызының «Армансыз күнім болмайды» деген туындылары қандай сәтті шыққан! Рахаттанып тыңдаймын.

ақын, журналист
жеке мұрағаттан

«Өлеңді сатуға болмайды» деген ұстаныммен, өзім ешқашан, ешкімнен қаламақы сұрамадым. Әнді орындайтын көбіне қыздар ғой, қыздармен құрбылық қарым-қатынастамын. «Иіссу аларсың» деп 100 доллар ұстатқандары болды, жасырмаймын, әншілер осыдан 20 жыл бұрын да ақынның еңбегін ары кетсе 100 долларға бағалайтын, бәрі қымбаттады, тек сол ақынның «қаламақысы» әлі бір өзгерген жоқ.

Жарайды, бұл табыс деуге келмейді ғой, «ырымы», «жолы» дегеніміз жөн болар. Онда да бәрі жөн біле бермейді ғой. Менің негізгі талап-шағымым авторлар қоғамына болып отыр. Тойда шырқалған, ресторанда, караокеде айтылған әндерді есептемегенде, телеарна мен радио тұрақты түрде авторлар қоғамына ақша аударады. Оны өзім сол жерде жұмыс істегендіктен білемін.

Бір ғана «Балапан» телеарнасының гимніне айналған «Ұйықтасын тыныш сәбилер» үшін телеарнамен жеке келісім-шартқа отырсам, қанша алар едім деп ойлаймын. Бірақ телевидение, радио авторлық құқық үшін авторлар қоғамына, яғни ортадағы делдалға төлеп отыр. Өзім «Абырой» авторлық қоғамының мүшесімін. Тұлыпқа мөңіреген сиырдай қаламақы дәметіп келе жатқанымызға 6-7 жылдың жүзі болды. Қоғам басшысы Марс Сүлеевпен бірнеше рет сөйлестік, ол жаңа жұмыс жүйесін түсіндірмек болды, алайда еш түсіне алмай-ақ қойдым.

 Неге «Абыройдың» қазіргі төлемі мен «Қазақстан авторлар қоғамының» 10-15 жыл бұрынғы төлемінің арасы жер мен көктей? Жақында осы мәселе Парламентте көтеріліп, депутаттар «Авторлық құқықты мемлекетке бағынатындай етіп орталықтандыру керек» депті. Өз кезегінде «Абырой» монополияға қарсы. Шынын айтқанда, қайсысы тиімді болатынын білмеймін, бастысы – ақын мен композитордың, жазушы мен драматургтің құқы тапталмауы керек. Бетке ұстар ақын-композиторларымыздың коуч болып, курс сатып, массаж жасап кеткені шығармашылықтың құны көк тиын болғандықтан шығар, бәлкім? Заң жұмыс істейтін мемлекеттерде шығармашылық өкілдері миллионер ғой. Тым құрығанда заң шығарушы органда отырған ақындар – Жанарбек Әшімжан, Ринат Зайытов осы мәселені реттеуге атсалысар деген үміттемін!

Соңғы кезде әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүргеніңді байқадық. Арасында өлеңіңді оқып, бейнежазба жариялап жүрсің. Бұл қажеттіліктен бе, әлде оқырманыңа бар екеніңді білдіру ме?

– Мақсатым – поэзияны, әдемілікті насихаттау. Шығармашылығыммен де таныстыру. Мысалы, сен менің «Жауын» деген өлеңімді білесің, көбі біледі деп ойлап жүрдім, ал енді әлеуметтік желіге салып: «бұрын бұл өлеңді оқып па едіңіз» деп сауалнама жүргізсем, оқырмандарымның 80 пайызы оқымаған болып шықты. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан 2000 кітап кімге жетеді? Әлеуметтік желі бүгінгі таңда мықты насихат құралы боп тұр. Инстаграмдағы профиліме: «Тек қана ізгілік парақшасы» деп жазып қойғанмын. Өзің де байқаған боларсың, мен парақшама даулы мәселелер, адам өлімі, қылмыс секілді негатив жарияламаймын. Менің парақшам – ақпараттық абьюз әлеміндегі өзімнің шағын ғана оазисім.

Біраз уақыт отбасыңмен АҚШ-та тұрып, білім жетілдіріп келдің ғой. АҚШ саған не берді? Салыстырмалы түрде екі түрлі қоғамнан түйгенің не?

– Бұл ұзақ әңгіме. Қысқартып айтқанда, бізде қазіргі таңда қоғамдық мәдениет ақсап тұр. «Сарасөзде» Мәдениет вице-министрі Нұрғиса Дәуешевке «қоғамдық мәдениетті қалай дамытамыз» деп сұрақ қойдым. Бұл сұрақ АҚШ-тан оралғалы бері менің көкейімнен кетпейді. Ол кісі «Мәдениет ошақтарын көбейту керек, өзіміздің ұлтымызға ғана тән мәдениетке оралуымыз керек» деді. Толық құптаймын! Өзгеге еліктеудің қажеті жоқ, барымызды сақтайық, өзімізге оралайық! Әрбір азаматтың санасы өзгермей, қоғам да, мемлекет те өзгермейді.

– Сұқбатыңа рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!