Навальныйды өлтірмек болған кім?

Ресейдің көрнекті қоғам қайраткері, оппозиционер Алексей Навальный ес-түссіз жан-сақтау бөлімінде жатыр. Оны у беріп өлтірмек болған. «Қылмыстың артына кім тұр?» деген сұрақтың басы ашық.
Сөз жоқ, нөмірі бірінші күдіктінің аты-жөні күллі әлемге мәшһүр. Екінші, үшінші күдіктілер туралы да сөз қозғалып жатыр. Десе де, саяси қайраткерлерге жасалған қастандықтың, өлімінің жұмбағын шеше алатын «Шерлок Холмстар» авторитарлық мемлекеттерде өмір сүрмейтіні заңдылық.
Әйтеуір, онсызда санкциялардан көз ашпай тұрған Ресейге Батыс тарапынан тағы бір саяси қысым жасауға жақсы ілік. АҚШ, Франция, Германия Кремльдің қытығына тиетін мәлімдемелерден тартынып жатқан жоқ. Вашингтон «Кремльдің қатысы болса, бұл екі елдің қарым-қатынасына ықпал етеді» деп ашық айтып отыр.
Батыстың олай ойлауына түрткі болған жайттар аз емес. Өйткені, Еуропаға қашқан орыс диссиденттері шетінен жұмбақ жағдайда уланып өліп жатыр. Марқұмның үйінің маңынан өткен бірлі-жарым отандастарының сұлбасы ұдайы бейнебақылауда қылаң береді.
Бір байқағанымыз, Ресей БАҚ-тары қасаң ақпараттармен шектеліп, Ресей қоғамын елеңдетіп отырған оқиғаны елеусіз қалдыруға ұмтылғаны байқалады. Мән бергендерінің өздері: «биліктің бұған қатысы жоқ» дегенді алға тартудан аса алмаған. Ал оппозицияның сөзін сөйлейтін баспасөздің жөні бір басқа.
Сауал көп. Кісі өліміне, қастандыққа қатысты сұрақтар, әдетте, қысқа болады:
Кім? Неге?
Осы сұрақтарға саясаттың төңірегінде жүрген қайраткерлердің бірсыпырасы NEGE-ге тура жауап беруден жалтарған жоқ.
Ермұрат Бапи, журналист: Ресейді үлкен дүмпу күтіп тұр
– Меніңше, бұл – ФСБ-ның шаруасы. Путиннің жеке бұйрығы, нұсқауы болуы да ғажап емес. Немесе, оған жағынғысы келген жандайшаптарының ісі боп шығуы да мүмкін. Соңғы бір айдың ішінде Хабаровскіде басталған толқу, наразылық акциялары бүкіл Ресейді қамтып барады. Осындай кезде наразылық қозғалысын бастап, ту көтеріп кететін көшбасшылар пайда болады. Путин бе, арнайы қызмет пе, Навальный сияқты Ресейдің наразылық қозғалысын бастайтын серкелердің көзін құртқысы келген шығар деп ойлаймын. Қалай болғанда да, бір Навальныйға қастандық жасаумен Ресейдегі диктатуралық билік жан сақтап қала алмайды. Бұл – наразылықтың басы ғана. Күзде жиын-теріп бітіп, халық арқаны кеңге салған кезде, қарсылық қозғалысы одан әрі күшейеді. Келесі жылы көктемде одан әрі асқына түседі. Ресейді үлкен дүмпу күтіп тұр. Мұндай қозғалыстар Қазақстанға да ықпал етеді. Өз басым Ресейдегі наразылық акцияларын қолдаймын.
Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы: Кремль бұған мүдделі емес
– Навальныйдың кім екенін бәрі біледі. Кремльдің қазір проблемасы жеткілікті. Сондықтан мұндайға барса, не болатынын жақсы түсінеді. Өз басым, «у берген – Ресей билігі» деп кесіп айта алмаймын. Олар миғұла емес шығар. Қисынға салса, Кремль Навальныйды өлтіруге мүдделі емес. Мұның өз басына таяқ болып тиетінін түсінуі тиіс. Ресей ішінде халықтың билікке наразылығын күшейтуді көздейтін кейбір күштер бар. Макрон мен Меркель Навальныйге көмектесу үшін арнайы ұшық жіберуге дайын екенін мәлімдеді. «Беларусьтегі толқу Ресейде де болсын, Кремль оппозиционерлерді өлтіріп жатыр» деген сөз біреулерге керек болып тұрған секілді. Олар үшінші күштер ме, бір шағын саяси топ па, ел ішінде ме, сыртында ма, кім білсін? Қазір Беларусьтегі жағдай Кремльдің басын қатырып тұр. Бұл кімге, неге керек? Әйтеуір, қазір бір үлкен саяси ойындар жүріп жатыр.
Тоғжан Қожалиева, саясаткер: Ашылмаған көп қылмыстың бірі болып қалады
– Саяси кісі өлтіру, саяси қуғын-сүргін – ТМД елдерінде кең тарап тұр. Бұл Ресейге де қатысты. Листьев, Боровик, Немцов, Новодворская және басқалардың өлімі – осыған дәлел. Кезек Навальныйға келіп отырған секілді. Мұны жасаған кім? Бұл – үлкен мәселе. Ең алдымен «бұл – саяси тапсырыс-ау» деген ой қылаң береді.
Ашылмаған көп қылмыстың бірі болып қалатын тәрізді. Өйткені, кісі қолынан қаза болған саяси қайраткерлерге қатысты қылмыстық істің ешқайсысы ашылған емес. Негізі, жұрттың көбі Навальныйға қастандық жасалатынын күткен. Өйткені, ол Ресейдегі көп адамдар үшін көзге шыққан сүйелдей еді. Көп лауазымды тұлғаларға кедергі болды. Қастандық жасалуы – уақыт еншісіндегі іс болатын. Елдегі саяси шиеленіс күшейген тұсты ұрымтал сәт деп білген секілді. Бұл демократиялық мемлекеттерге тән емес жағдай. Бұл Ресейде жүгенсіз авторитаризмнің салтанат құрғанын көрсетеді.