25 Ақпан 17:20
...

Мұнай дәуірі бітсе де, мұнай бітпейді. Манғыстаудағы жаңа кен орны НЕГЕ облыс экономикасына жұмыс істейтін болады?

Фото:

Бүгін Маңғыстау облысынан жағымды хабар жетіп, облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Тепке учаскесіндегі ТЗ бірінші барлау ұңғымасынан мұнай бұрқағы атқылағанын хабарлады. Бұл – жаңа кен орны ашылды деген сөз.

Жаңалық отандық геологияның өз деңгейін сақтап қалғанын байқатады. Шын мәнінде Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы ескі кен орындары түгесіліп, орнына геологтар біраз уақыт бойы жаңасын аша алмай жүрген болатын.

Тепке кен орнының картасы. Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз-қызметі

Жаңа кен орны ашылған Тепке учаскесі Бейнеу және Маңғыстау аудандарының аумағында орналасқан. Алынған сынамалар бойынша мұнай сапасы өте жоғары, жеңіл, күкірті жоқ.

Бұл қуанышты хабарды облыс әкімі Серікбай Трұмовпен кездескен «Меридиан Петролеум» компаниясының президенті Балтабек Қуандықов жеткізді. Қуандықов – минерал-геология ғылымдарының докторы, өте тәжірибелі геолог.

«Меридиан Петролеум» компаниясының президенті Балтабек Қуандықов (ортада) пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов (оң жақта). Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз-қызметі

Оның айтуынша Тепке – соңғы 30 жылда Маңғыстау облысында ашылған алғашқы ең ірі кен орны. «2018 жылы басталған геологиялық барлау жұмысы нәтижесін берді», – дейді Балтабек Қуандықов.

«Алынған мұнайдың қысымы, дебиті, газдық факторы және басқа да параметрлері бойынша ірі кен орны болады деп жоспарлап отырмыз. Қазір кен орнындағы мұнай қорын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Оның жанында «Қарақұдық», «Арыстан» және «Комсомольское» кеніштері орналасқан»

«Геологтар үшін қуаныштымын», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов. Оның айтуынша, соңғы жылдары жаңа кен орындарының ашылуы сиреп кеткен. «Әлемдік тұрғыда Тепкедегі кен орны ешқандай балансты өзгерте алмайтыны түсінікті».

«Бірақ аймақтық деңгейде бұл Маңғыстау үшін жақсы серпін бере алады. Жаңа мұнай қоры перспективалар береді, инвесторлардың да қызығушылығын арттырады»

«Тепкедегі мұнайдың сапасы елде өндірілетін мұнайдың орташа сапасына қарағанда сәл жақсырақ. Бірақ бар әңгіме оның көлемінде болып тұр», – дейді осы істің айналасында жүрген, бірақ қазір аты-жөнін атамауды өтінген Nege.kz дереккөзі. «Ол Қашаған сияқты шельф емес. Резерві «Арыстан» және «Комсомольское» кеніштерінен асып кетеді деп кесіп айта алмаймын»

«Сондықтан одан өндірілген мұнай ішкі нарыққа, мұнай өндеу зауыттарына бағытталуы тиіс. Ол – кеніште қандай инфрақұрылым болатынына байланысты»

Маңғыстау Қазақстандағы 4 донор өңірдің біріне жатады. Қалған 14 өңір орталық бюджеттен дотация алады.

Nege.kz есебінше, жаңа кен орны облыстың экономикалық позициясын одан әрі күшейтуге мүмкіндік бермек. Облыстың биылғы бюджеті 234 миллиард теңгеге жеткен.

Тегтер: