Табысымен бірге қарызы да өсті. «Самұрық-Қазынаны» жабу НЕГЕ қиын?

Истиблишмент пен сол жағалаудағы кулуарларда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын тарату туралы әңгімелер қайтадан бой көтере бастаған сәтте, қор 2024 жылдың қаржылық қорытындысын шығарып, біраз сұраққа жауап бергендей болды. Бірақ қосымша сұрақтар туындатып алды.
Бір жылда қор өз «выручкасын» да, таза пайдасын да 1 триллион теңгеге арттырған. Жалпы түсімі 16,43 триллион теңгені көрсетсе, ал таза кірісі 3,3 триллион теңге болды. 2023 жылғы нәтижеге қарағанда, бұл әрине, өте жақсы.
Қор табысының негізін мұнай-газ секторы мен тау-кен өндірісі алып келген. Тау-кен өндірісінде алтын мен уранның үлесі зор. Одан бөлек, «КЕГОК» арқылы электр қуатын тасымалдау, телекоммуникация бағыты біршама кіріс кіргізді. Темір жолмен жүк тасымалының ортақ түсімі үлкен болғанымен, таза пайдасы аз болып шықты. Ал пошта өзін-өзі әрең асырап отыр.

Алайда, алаңдататын үлкен мәселе бар. Ол – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қарызы. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қордың қарызы 6,9 триллион теңгеге жеткен. Бір жылда қарыз 700 миллиард теңгеге ұлғайған. Сонда таза пайда 1 триллионға өссе, қарыз көлемі де одан қалмай үздіксіз өсіп барады деген сөз.
Осы қарыздың бір пайызы басшылардың қалтасында кетті деуге болады. Себебі Қордың және оның портфельді компанияларының топ менеджерлеріне 2024 жылы 7,7 миллиард теңге төленген екен. Жалпы әлемдік корпоративті басқару стандарттары бойынша және батыстың деңгейімен алсақ бұл көп емес. Бірақ еліміздегі орташа жалақы деңгейімен салыстырғанда бұл әрине аз да емес.

Қаржылық есепке қарап отырып, «Самұрық-Қазына» қорын тарату немесе жабу үрдісінің үлкен түйткілдерге соқтыратынын байқаймыз. Себебі портфельді компаниялар, бірқатар компаниялардағы үлестер, жер қойнауын пайдалану келісімшарттары, шетелдік міндеттемелер, қарыздар, депозиттердің барлығы бір-бірімен мидай араласып кеткен.
Мұндай жағдайда тіпті қорды жабудың өзіне кемінде үш жыл, бірнеше шетелдік консультант компания керек болатын сияқты. Қазақстанда қазіргі кезде ондай мүмкіндік жоқ.