«Ұстазға уәде емес, ақша керек» – Qazbilim мектебінің мұғалімдері НЕГЕ айлап жалақысын ала алмай жүр?

Qazbilim мектебінің мұғалімдері айлап жалақысын ала алмай жүр. Бірі – жалдамалы пәтерде, бірі – несиеге белшесінен батып отыр. Жұмыс істейді, күнде бала оқытады, бірақ ай соңында «ақша жоқ» деген сылтаумен құр уәде алады.
Бұл мектептің басшысы – Аятжан Ахметжан. Ол кінәні біресе министрлікке, біресе қаржы орталығына аударып жүр. Бірақ ата-анадан ақшаны кім жинады? Мұғаліммен келісімшартты кім жасады? Бүкіл ұжым айлап ақшасыз отырғанда, басшылық «мен кінәлі емеспін» деп жайбарақат отыра ма? Оқу орнының басшысы мұғалімнің жалақысын төлеудің орнына, «соттасамын» деп ұстаздарды қорқытатын көрінеді.

Шымкент қаласының Qazbilim орталығының мұғалімідері ашынып жүр. Олар «Аятжан Ахметжан жалақымызды төлемегенімен қоймай, өзінің қандай басшы екенін көрсетті» дейді. Мұғалімдер еңбекақысын ала алмай, әр есікті бір қағып жүр. Ал мектептің қожайыны елге «мен мықтымын, бәрін өзім істеп жүрмін» деп мақтанады екен.
Ата-ана тарапынанда төленетін жылдық ақысы Қаржы оратылығының төлемінен екі есеге көп. Бұл дегеніміз мұғалім жалақысын төлемеуге негіз емес екендігі көрініп тұр. Мұғалімді анық шеттеу. Мұғалімнің еңбегін бағаламау. Қорлау.
Бұл жағдай туралы желі қолданушы Жасұлан Жақыпов былай деп жазды: «Қазір несиесіз жүрген адам бар ма өзі? Әсіресе жас отбасылар үшін өмір сүру шын мәнінде оңай болмай тұр. Пәтер ақысы, жүріп-тұру, азық-түлік, жарық пен су, баланың киімі мен мектебі, несиесі бар… Ай сайын бәрі жиналып, бір жалақыға қарап отыратын жағдайға жеттік.
Енді көз алдыңызға елестетіңізші: сіз үш ай жұмыс істеп, бірақ еңбекақыңызды ала алмай жүрсіз. Басшылыққа айтасыз – «күтіңіз» дейді. Есеп-қисап, жоспар жоқ. Сонда сіз не істеуіңіз керек? Үйдегі шығынды қалай жаппақсыз? Балаңыздың киімін ше, тамағын ше?
Мұндай жағдайда үндемей жүре беру – қиынның қиыны. Бірақ көп мұғалім үндейді деп ойлайсыз ба? Жоқ. Олар әлі де үмітін үзбей отыр. Ал үн қатқандар – шыдамы таусылғандар. Олар да адам. Олар да күн көргісі келеді.
Тағы бір байқағаным – кей кәсіпкерлер «ұлтым» деп сөз бастап, ұпай жинауға тырысады. Бірақ шын жанашырлықты тек сөзбен емес, іспен көрсететін уақыт келді. Бұл – рөл ойнайтын емес, адал болуды талап ететін кезең.
Үш ай айлық алмай көрмейінше, біреудің жанайқайын түсіну қиын. Сондықтан үнсіз қалмайық. Жағдайы нашарды түсініп, әділдік жағында болайық…»
Оның жазуынша, Qazbilim орталығының кейбір мұғалімдері әлеуметтік желіде ашық сөйлей алмайды екен. Себебі жұмысқа қабылданар кезде «теріс пікір жазуға болмайды» деген пункті бар келісімшартқа қол қойдырып алатын көрінеді. «Бұл дегеніміз, Мемлекетке, президентке деген, еліміздің мұғалімдеріне қарсы жұмыс жасау деп білеміз» дейді.

Сондай-ақ Ж.Жақыпов Qazbilim орталығы басшысының сотпен қорқытып отырғанын да хабарлады.
«Аятжан Ахметжанұлы енді мен үшін ұлтшыл ұстаз емес. Менің көзім жетті: бұл азамат – мемлекеттің қаржысын алып, жеке пайдасын күйттеп отырған кәсіпкер ғана. Ұстаздарға жаны ашитын адам емес, беделіне сын келсе, ашуға булығып, жеке басыма угроза жасаудан тайынбайтын тұлға…
Менімен соттасқысы келетінін айтып, жеке хатпен қорқытып жатыр. Мына скриншоттағы жазбасы – соның айғағы. Ашық диалогтан қашып, жеке хатқа жасырынып, қысым көрсетуге көшті», – деп жазды ол.

Әлеуметтік желіде Ж.Жақыповты қолдап жазып жатқандар аз емес екен. Олардың арасында орталықтың мұғалімдері де бар. Ал Ж.Жақыпов «угроза жасады» деген Qazbilim орталығының жетекшісі А.Ахметжан: «Міндетті түрде, сотта кездесеміз! Қорқыту емес, азаматтық ескерту! Құқықтық мемлекеттің азаматтарымыз, бәрі заң жүзінде шешіледі!», – деген жазба қалдырыпты...