8 Қаңтар 01:54
...

Метапневмовирус: Қытаймен қарым-қатынасты уақытша тоқтатқан жөн бе?

Қытай
Фото: globallookpress.com

2019 жылы Қытайдың Ухань қаласынан шығып, бүкіл әлемге тараған коронавирус эпидемиясының зардабын ешкім ұмыта қойған жоқ. Бұл індет жер-жаһандағы қаншама адамның өмірін жалмады, денсаулығына ақау қалдырды. Ең бастысы, бұл вирус денсаулық сақтау саласындағы былықтарды әшкерелеп, еліміздің медицинасының қауқарсыздығын көрсетті. 

Қауіп қайдан?

Сонымен, COVID-19 пандемиясынан бес жыл өткен соң, Қытайда жаңа індет – метапневмовирусын (HMPV) жұқтырушылардың тіркелгені хабарланды. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттардан жергілікті ауруханаларында ұзын-сонар кезекте тұрған науқастарды көруге болады. Алайда, қытай билігі «қорқынышты ештеңе жоқ» деп сендірсе де, кейбір ресми емес ақпарат көздері жаңа вирустан қайтыс болғандардың қатары артып жатқанын жариялады. Әсіресе, метапневмовирус солтүстік провинцияларда кеңінен тарап, 14 жастан кіші балалар арасында айтарлықтай өскен. Тәуекел тобына бес жасқа дейінгі балалар, нәрестелер, егде жастағы адамдар, әсіресе, 65 жастан асқандар және иммундық жүйесі әлсіреген немесе демікпе, обструктивті өкпе ауруы сияқты созылмалы тыныс алу аурулары бар адамдар жатады.

Көрші елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми есебінде халықты кезекті әбігерге салған адам метапневмовирусының шығуына (HMPV) кәдімгі тұмау себеп болған. Мамандардың айтуынша, метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және кей жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы беріледі екен.

Пандемия
Фото: Keystone Press Agency/Global Look Press

Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы, жоғары температура, тыныс алудың қиындауы. Әдетте ауру жеңіл өтеді, бірақ әлсіреген науқастарда пневмонияға айналуы және өлімге әкелуі мүмкін. Әзірге мұның нақты емдеу процедурасы жоқ, симптоматикалық емдеу түрі ғана қолданылады. Вирустың инкубациялық кезеңі – үш-бес күн. Алдын алу шараларына бетперде кию, қолды жиі жуу және иммундық жүйені нығайту кіреді.

Қытайда ғана емес...

Қытайда таралған вирус әп-сәтте басқа елдерден де анықталып жатыр. Күні кеше ғана Денсаулық сақтау министрлігі респираторлық вирустық инфекциялардың қатарына жататын метапневмовирус Қазақстанда да анықталғанын мәлімдеді. Ресми деректе 30 науқастың тіркелгені айтылды. Бірақ бұл екі күн бұрынғы мәлімет. Көрші Ресей де дабыл қағып, Қытайдағы метапневмовирус жағдайын қадағалауға кірісті. Роспотребнадзор мәліметі бойынша, Ресейде ауруды жедел диагностикалауға арналған ЖРВИ-скринингтік реагенттер жиынтығы іске қосылған. Ал Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны артып, HMPV барлық тексерілген пациенттердің 4,5 пайызынан анықталған.

Сондай-ақ, Қытай мен Камбоджаға жақын жерде орналасқан елдердің билік органдары да жағдайды бақылауға көшті. Олар вирустың COVID-19 және тұмауға ұқсастығын атап, алдын ала HMPV туралы ескерту жасады. Ал Үндістан «HMPV кез келген басқа респираторлық вирусқа ұқсайды, үрейленуге негіз жоқ» деп атап өткен.

Пандемия
Фото: ғаламтордан

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қытай билігі әлі ресми түрде төтенше жағдай жариялаған жоқ. Алайда, тайваньдық Money UDN басылымы «Метапневмовирустан болатын өлім көрсеткіші 43 пайызға жетуі ықтимал» десе, британдық The Independent басылымы: «Қытай бұл мәселенің ауқымын кішірейтіп отыр», – деп жазды. Десе де, бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин вирустар қыс мезгілінде жиі тарайтынын және бұл жиі кездесетін құбылыс екенін тілге тиек етіп: «Қытай үкіметі өз азаматтары мен бізге келетін шетелдіктердің денсаулығына алаңдайды. Бірақ Қытай ішінде саяхаттау қауіпсіз», – деп сендірді.

«Екпе де, дәрі де жоқ»

Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы адам метапневмовирусының өршуін мәлімдеген соң, бұл ақпаратты Ресейдің Роспотребнадзоры растап, елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстағанын хабарлады. Себебі, бұл вирустың жедел респираторлық инфекцияларды, соның ішінде бронхиолит пен пневмонияны тудыратыны алдын ала ескертілген. Әсіресе, вирус нәрестелер, қарт адамдар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін қауіпті екенін жоғарыда айттық. Метапневмовирус туралы не белгілі және вирусологтар одан келетін қауіп-қатер туралы не дейді?

Гамалея эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Анатолий Альштейн метапневмовирусқа қарсы вакцина жоқ екенін алға тартты. Себебі, бұл вирус 2001 жылдан бері болса да, қауіпті саналмаған. Ал одан бергі 2023 жылы HMPV жұқтыру жағдайлары Нидерланды, Ұлыбритания, Финляндия, Австралия, Канада, АҚШ және Қытайда тіркелді.

«Бұл топта тағы бір вирус бар, ол – респираторлық синцитиальды вирус. Алайда, оған қарсы вакцина бар, ал метапневмовирусқа қарсы әлі жасалмады. Егер мұның таралым ауқымы кеңейсе, екпе әзірленетіні сөзсіз. Дегенмен, әзірге бұл вирусқа вакцина қабылдауға негіз жоқ», – деді ғалым.

Қытай
Фото: ғаламтордан

Мамандар респираторлық вирустар тудыратын тұмауға қарсы дәрі-дәрмек те жоқ екенін айтып отыр. Мәскеу мемлекеттік университетінің биология факультеті вирусология кафедрасының меңгерушісі Ольга Карпова метапневмовирус төңірегіндегі дүрбелеңнің себептерін түсінбейтінін айтады.

«Бұл вирус бұрыннан белгілі және онымен сәтті күресіп келдік. Метапневмовирустың тұмауға қарағанда қауіптілігі төмен. Бұл РНҚ молекулаларының санына байланысты, оның ішінде тұмау вирусында сегіз, ал метапневмовируста біреу ғана. Нәтижесінде тұмау молекулалары араласып, жаңа штамдар түзеді, бұл эпидемияға, ал әртүрлі геномдар араласқан жағдайдағы пандемияға әкеледі», – деді ресейлік ғалым.

Серік Тұрсын, Швейцариядағы қазақ дәрігері:

Қытаймен қарым-қатынасты 1-2 аптаға тоқтатқан жөн

Дәрігер
Фото: NEGE

– Метапневмовирусы (HMPV) коронавирус сияқты емес. Бұл көбінесе кішкентай балалардың мұрнынан су ағып, тұмауратып қалған кезде жұғатын вирусқа ұқсайды. Қысқасы, осы вирустың «туысы».

Метапневмовирусы әу баста 2001 жылы Қытайда анықталған. Бір деректерде сол кезде 5 жасқа дейінгі балалардың көбі осы вируспен ауырған деген ақпарат бар. Бірақ қанша бала ауырғаны туралы айтылмаған. Егер вирус бұған дейін адамнан бір рет анықталса, онда өлімге әкелетін жағдай өте төмен болады. Өйткені, оларда антидене бар. Қазір елдің солтүстік жағында кеңінен тарап жатыр. Біз коронавирус індеті кезінде нені үйрендік? Бір-бірімізбен жиі араласпауды, бір жерде шоғырланбауды, үйде отырып, қолымызды жиі жуып тұруды әдетке айналдырдық. Дәл осы сынды шектеулерді 2 жыл ұстандық. Ал қазір Қытайға қарасақ, бәрі топырлап ауруханада, емханада жүріп, вирусты әрі қарай дамытып жатыр. Жағдай осылай кете берсе, одан мутация пайда болады. Бұл екі жағдайға әкеп соғады. Бірінші – ауру өршіп кетеді, екінші – коронавирус сияқты өзін-өзі жояды. Бірақ қашан жойылатыны тағы белгісіз.

Тағы бір жайт – әзірге өлім туралы статистика жоқ. Қанша адам ауырды, қанша пайызы бақилық болғаны туралы ақпарат шықпады. Сондықтан қорқып-үркудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Яғни, эпидемия болса да, пандемияға ұласа қоймас. Лажы болса, вирус тіркелген елдердегі жағдайды қайта қарап, Қытаймен қарым-қатынасты 1-2 аптаға тоқтатқан жөн. Өйткені, екі ел арасында шекара ашық, сауда-саттықпен баратындар көп, алыс-беріс бар. Егер вирус өршіп кетсе, Қазақстанда да көбейіп кетуі ықтимал. Бүгінде Ұлыбритания да жағдайға алаңдап отыр. Неге десеңіз, Гонконг Ұлыбританияның қарамағында болды. Бұл жер де түгел ашық. Қытайлар анда-мұнда жүре береді.

Жалпы, бұл вирусқа қарсы ем жоқ, бірақ оны коронавирусқа қолданған дәрі-дәрмек арқылы емдеуге болады. Айта кету керек, Respiratorische Synzytial Virus-қа (RSV) қарсы вакцина бар. Егер логикалық тұрғыдан алсақ, бұл екпе осы вирусқа да көмектесуі мүмкін. Вакцина жасайтын елдер екпе алған елдерде вирус көтеріле ме, жоқ па, соны зерттеуі тиіс. Егер вирус жұқтырушылар саны артпаса, вакцина көмектесуі мүмкін деген сөз.

Ержан Нұрмұхан, терапевт-дәрігер:

Вирус бізде де көбеюі мүмкін

Терапевт
Фото: NEGE

– Бұл вирустың негізгі симптомына тоқталсам, біріншісі – құрғақ жөтел, екіншісі – дем жетіспеу, үшінші – дәм сезу жоғалып, адам шаршаңқы күйде болады. Сондай-ақ, ас қорыту жүйесі бойынша іші ауырып, жүрегі айнып, құсады. Адамның дене қызуы көтеріліп, тоңады. 

Қазір вирус Қытайдың солтүстігінен бөлек, оңтүстік аймағында көбірек тіркелуде. Ал Қазақстаннан баратындардың бәрі Қытайдың оңтүстігіне табан тірейді. Бұл – аурудың ошағы. Сондықтан сақ болмасақ, инфекция бізде де көбеюі мүмкін.

P.S. Қасым-Жомарт Тоқаев жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы ойын айтты. «Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек, – деген еді президент...