Мерзімінен бұрын сайлау өткізу ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ да «фишкасына» айналып барады
Әміржан ҚОСАН, саясаткер
Сонымен, тағы да сайлау: Мәжіліс тағы таратылып, екі айдан соң тағы да сайлау өтеді. Меніңше, бұл сайлаудың өзіндік ерекшеліктері бар.
Құптарлығы сол – Тәуелсіздік алған жылдары елді бір серпілтіп тастап, заң шығарушы органға «сен тұр, мен атайын» тұлғалардың көптеп келуіне бірден-бір себеп болған мажоритарлық жүйе (бір мандаттық округтер бойынша депутат сайлау) қайтадан енгізілді.
Енді Мәжіліс депутаттарының үштен бірі осы тәртіп бойынша, яғни жергілікті халықтың тікелей қалауымен сайланады. 100% партиялық негізде сайланған парламент тұсында ұмыт бола бастаған «халық қалаулылары» деген асқақ та абыройлы атақ-дәреже саяси өмірімізге қайта оралмақ. Оған да шүкір делік.
Фото: ғаламтордан
Сөйтіп, көп жылдар бойына саяси өмірден тыс қалып келген «партиясыздар» қауымы сайлану құқына ие болды. Ендігі жерде «депутат» деген қоғамдық құбылыс «партиялық тізім» тұрғысынан емес, жеке адамның болмысы, берген уәдесі мен атқарған ісі арқылы қабылданатын болды. Оның үстіне әр өңірден сайланған олар өз сайлаушыларының, яғни, нақты аудан, қала, облыстың мүддесін қорғай алады, өз округіндегі сайлаушылардың сөзін сөйлейді, талаптарын парламент мінбесінен билікке жеткізеді. Оның өзі аумақтардың дамуына қосымша қарқын берері сөзсіз.
Ол да дұрыс. Билікті қанша сынасақ та, дәл осы қадамның әбден орынды екенін мойындауымыз керек.
Өкінішке қарай, осы сайлауға қатысты оң пікірім осымен тәмам деуге болады. Өйткені көңіл күпті біраз жайттар әлі де өз шешімін тапқан жоқ.
Біріншіден, Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлауға қатысуға рұқсат алған партиялар тізімінде халық санасында «оппозициялық» боп бекіген бірде-бір партия жоқ. Ал кез келген сайлаудың легитимді болуы әрі қоғам мен халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуы оның шынайы бәсекелестігімен өлшенетіні барша аян. Бәсекелесетіндер кімдер? Әрине, билік пен оның идеялық қарсыластары. Осы тұрғыдан алғанда, бұл сайлаудың басты кемшілігі осы: бәсекесіз бәйге баянды бола ма?
Фото: ғаламтордан
Әрине, бәріне тек билікті айыптай берудің реті жоқ болар. Өйткені өзін оппозиция санайтын ұйымдардың да кінәсі бар деп санаймын. Осы уақытқа дейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзара ырду-дырдуды доғарып, халықтың көпшілігі қолдауға лайық бір мықты партияны тіркеуді қолға алғанда, қазір олардың мұртын балта шаппас еді. Өкінішке қарай, баяғы жартас – сол жартас, өзін билік қарсыластары санайтын қауым ескі сырқаттарынан, яғни сыншылдықтың балалық ауруынан – басқаларды мойындамайтын жекебас амбиция, менменшілдік, өз әріптестерін қаралау, күйелеу әдетінен арыла алмай-ақ қойды.
Енді ресми түрде оппозициялық партиялар алдағы бес жылда парламенттен тыс қызмет атқаруға мәжбүр болады. Өте өкінішті-ақ, өйткені, ашығын айту керек, көпшілік қауым Жаңа Қазақстанның бір белгісі парламентке оппозиция өкілдерінің ену мүмкіндігі болар деп қабылдап еді. Ол үміті де үзілген сыңайлы.
Екіншіден, билік бөркін аспанға лақтырып, қанша «реформалап жатырмыз» дегенмен, сайлау заңнамасы әлі де сол қалпында, «ешкімді жолатпаймын» деп сріесіп һәм қасарысып тұр, яғни партия не кандидатты тіркеу не тіркемеуді, сайлау науқанына ықпал етуді, дауыс санауды және қорытынды хаттаманы реттеуді билік өз уысынан шығара қойған жоқ: өйткені барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын билік партиясы толықтай (басқаларын тырп еткізбей) бақылап, реттеп отыр.
Фото: ғаламтордан
Осыдан біраз уақыт бұрын президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ билік партиясы қатарынан шығып, «барлық партияларға бірдей қарайтынын» айтқан болатын. Дұрыс ниет! Бірақ әзірше ол ниеттің жүзеге асуына дәл сол билік партиясы мықты кедергі болып отырған сияқты. Өйткені 30 жыл бойы ұйықтап жатқан қоғамдық сана оянған тұста ескі Қазақстан секілді ескірген партия жеңіске жетуі неғайбыл. Сол себепті ол әкімшілік ресурсқа сүйеніп қана «жеңе алады».
Үшіншіден, өкінішке қарай, «кезектен тыс сайлау өткізу Жаңа Қазақстанның «фишкасына» айналып бара жатқан сияқты. Жалпыдемократиялық қағидаттар тұрғысынан алғанда бұл дұрыс деп ойламаймын.
Әлекең, Әлихан БӨКЕЙХАНОВ (әрине, өз заманына қаратып): «Қазақ сайлауы – жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады», – деп еді. Бізде жұт болмаса да, құт қонып жатқан жоқ. Өткен үш сайлауда барша шенеуніктер өзінің тікелей міндеттерін ұмытып, «тиісті цифрлар» үшін алашапқын боп жүрді. Қаншама уақыт, күш-қайрат, қуат-жігер, қаржы мен басқа да мүмкіндік зая кетті десеңізші! Әр сайлау өз мерзімінде өткенде ше?
Фото: ғаламтордан
Жалпы, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ дәуірімен байланыстыратын осы құбыжық әрі әр науқан сайын елдің берекесін қашыратын, оған қоса ешбір басшыға абырой бермейтін дәстүрді доғару керек: әр сайлау өзінің мызғымайтын, еш өзгермейтін уақытында өткізілуі тиіс. Жаңа Қазақстанның бір белгісі осы саяси шарт болуы тиіс.
P.S. Мақаламда реті келгесін Әлихан Бөкейхановтың сөзін келтіріп едім. Сондай бір сөзбен мына жазбамды тәмамдайын: «Сайлау бюллетені оқтан да күшті». Оны айтқан – АҚШ-та құлдықты жойған, сол елдің 16-президенті Авраам Линкольн. Өйткені, тіркелмеген әрі парламент секілді легитимді органға енбеген, билікке қатысты пікірін сол мінбеден айту мүмкіндігіне қолы жетпеген наразы топтар не істейді? Әрине, заңдастырылмаған олар заңнан тыс қимыл-әрекет етуге мәжбүр болады, өз жақтастарын көшеге шақырады. Мұның өзі елдегі тұрақтылыққа қалай әсер ететінін кешегі Қанды қаңтар ап-анық көрсетті емес пе?..