23 Сәуір 12:49
...

«Мен кейіпкерді алыстан іздемеймін» – Қуат Адис

Ақын
Фото: Қ.Әдістің жеке мұрағатынан

Қуат Адис – поэзияға өзіндік стильмен келген ақындардың бірі. Оның айналасы жұмыр әрі тегіс өрілген өлең жолдары оқырманын сүйсінтпей қоймайды. Қаламгердің періште көңілді балаларға арнап жазған туындыларын сол кіршіксіз көңілінің көрінісі деп білеміз. Тілшіміз ақынмен тілдесіп көрген еді.

– Қуат мырза, әдетте мамандыққа бала күнімізден таңдау саламыз. Сіз ақын боламын деп ойладыңыз ба?

Өнер атаулының ішінде менің ең жаныма жақын болғаны бейнелеу өнері еді. Әліппені ашып, әріп танығаннан сурет салдым. Мүмкін, әліппе мен ана тілі оқулығындағы түрлі-түсті суреттердің әсері болар немесе әкенің қанымен келген өнердің қараңғыдан жарыққа ұмтылған бұлқынысы шығар, әйтеуір, бейнелеу өнеріне әуесім кетті. Тіпті сурет сабағы болатын күні сыныптағы балалардың көбі маған сеніп үй тапсырмасын орындамай келетін. Сені әжептәуір суретші санап, сенім артып қиылып тұрғанда қалай көңілін қалдырасың, үзілісте отыра қалып кезекпен солардың үй тапсырмасын орындап беретінмін.

Ал, негзігі сұрағыңызға оралсақ, мен ақын болуды армандаған емеспін. Тіпті бала күнімде өлең жазғаным да есімде жоқ. Ал, жоғары сыныптарда оқитын бозбала кезімде «ғашықтық» сезімнің әсерімен бірді-екілі өлең жазғаным бар. Бірақ, олардың бәрі де тиісті мекен-жайына жетпей жыртылды. Яғни ешкімге оқылмады, ешкім оқымады. Бірақ, ақын болуды армандамасам да, мен бала күнімнен жақсы оқырман болдым. Сүйікті журналымыз «Балдырғанды» асыға күтетінмін. Суретті, мазмұнды басылымның ішіндегі тақпақтарды жаттап, танымым кеңейді, жұмбақтарды шешіп қисынды ойлау қабілетім қалыптасты, жаңылтпаштарды айтып, тіл сындырдым. Сәл есейгенде «Ертегілердің» қалың 3 томын түгестім және оны бірнеше мәрте қайталап оқып шықтым. Соның әсерімен отабасылық кітапханамыздағы қазақ балалар әдебиетінің өкілдерін, шет ел классиктерінің балаларға арналған шығармаларын тауыстым. Одан соң үлкен әдебиеттегі көркем дүниелерге «ауыз сала» бастадым. Соның ішінде менің жаныма жақыны да, қабылдауыма жеңілі де – поэзия болды. Ең алғаш қолыма алғаным Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шаханов. Мұқағалидың өлеңдерінің көбі жұмбақ күйінде қорытылмай қалады. Сонда да оқи беремін. Менің өлеңге деген қызығушылғым осылай басталған шығар деп ойлаймын.

Ал, балалар әдебиетіне келуіңізге не себеп болды?

Балалар әдебиетіне келуіме себеп болған алдымен ол өзімнің жаратылысымдағы мінезім, яғни балажандылығым шығар. Екіншіден, мені балғын оқырмандарға арнап жазуыма «мәжбүрлеген» өзімнің ұл-қыздарым. Ол кезде балаларымның бірі балабақшада, бірі төменгі сыныптарда оқиды. Балабақшада, мектепте мерекелер мен атаулы күндерге байланысты өтетін ертеңгіліктер мен тәрбие сағаттарында балаларыма тәрбиешілері мен мұғалімдері бір парақ қағазға бір-екі шумақ тақпақ жазып беріп жібереді. Жабыла жаттаймыз. Бірақ, не ұйқасы жоқ, не мағынасы жоқ шатпақты бала тұрмақ, біз – ата-аналары жаттай алмаймыз. Әрине, бұны тәрбиешілердің, мұғалімдердің кінәсі деуге болмайды. Олар кәсіби білікті маман болғанымен, ақын емес. Бір шара өтуі үшін қаншама балаға өлең жаттату керек. Ал, тақырыпқа дөп келетін тақпақтарды ғаламтордан іздеп таппайды. Тапқанымен көбі бүгінгі заманның талабына сай емес, баланың түсінігіне томпақтау келеді. Ал, бірді-екілі табылған тақпақтар тобындағы немесе сыныбындағы барлық балаға беруге жетпейді. Сосын амалы жоқ, өздері қолына қалам алады.

Бірде сондай кезекті «тіл сындырудан» отбасымызбен әбден қиналып кеткен соң балабақшадағы баламның тәрбиешісіне қоңырау шалып, тақпағын тілге жеңіл, баланың қабылдауына оңай етіп өзгертіп жазуға рұқсат сұрадым. Қуана келісті. Ғарышкерлер күніне арнап екі шумақ жазып бердім. Жұп-жұмыр боп шыққан сияқты. Қызым тез жаттап алды және тақылдап айтып берді. Содан кейін балабақша тәрбиешілерінен де, төменгі сынып мұғалімдерінен де өтініш айтатындар көбейді. Көңілдерін қалдырмай, өз жұмысымды ысырып қойып, жазып беретін болдым. Міне, содан бері он жылға жуық уақыт балалар әдебиетіне шама-шарқымша қалам тартып келемін.

Кейбіреулер балалар әдебиетіне бетбұрыстың аздығын одан түсетін табыстың аздығымен байланыстырады. Бұған не айтасыз?

– Ілгерідегі қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінен «Әдебиет – ардың ісі» деген қанатты сөз қалған. Рас, әдебиет сөзіңді саудаға салып, пұл табатын қанбазар емес. Алайда, шет елдерде ой еңбегі де, қол еңбегі де лайықты бағаланып жатады. Әсіресе, шығармашылық адамдарының еңбегіне қомақты қаржы төлейді және олар қоғамда үлкен құрметке ие. Танымал әншілер концерт берсе кіру билеті пәлен мың доллар, қылқалам шеберлерінің картиналары пәлен миллион доллар тұрады. Сол сияқты ақын-жазушылардың шығармалары дүниеге келмей жатып жарнамаланады және жарық көрген соң да кеңінен насихатталады. Әр жазушының әдеби агенттері бар. Солар тынымсыз жұмыс істейді. Жарнамасы мен насихаты жер жарған дүниелер қашанда жоғары сұранысқа ие болады. Ал, бізде көп кітаптардың насихаты жоқ. Кейбір кітапханалар жаңа түскен кітаптардың таныстырылымын да жасамайды. Кітапхана қызметкерлерінің жұмысы тек оқырманның сұраған кітабын тауып беріп, қабылдап алумен ғана шектеліп отыр. Жазушының әдеби агенті тұрмақ, кейбір өңірлерде әдеби орта да жоқ. Сондықтан бізде көптеген жаңа кітаптар оқырман назарынан тыс қалып қойып жатады.

Ал, балалар әдебиетіне деген бетбұрысқа келетін болсақ, оның негізгі себебі қаламақыда емес сияқты. Әрине, балаларға жазатын ақын-жазушыларға деген бүгінгі қоғамның көзқарасы қисықтау. Анығырақ айтсақ, шатпақтап тақпақ жазатын ақындар немесе қиялдап ертегі жазатын жазушылар деп қарайды. Ал, шын мәнінде балаларға арнап жазу қиынның қиыны. Оны әрине, балалар жазушылары жақсы біледі. Балаларға арнап жазатын қаламгер жазу үстеліне отырғанда ең алдымен өзі де бүкіл болмысымен, ой-санасымен балаға айналып, солардың мөлдір әлеміне енуі тиіс. Олай болмағанда, ол баланың жанын түсінбейді, түсінбеген соң оның қаламынан балалар тұщынып, түсініп оқитын сүбелі дүние шықпайды. Сосын да балалар әдебиетіне екінің бірі бара бермейді. Оның талабы мен жауапкершілігінен жүрексінеді. Өйткені, ең талғампаз, байқампаз оқырмандар – балалар. Десе де, үлкен әдебиет балалар әдебиетінен бастау алатынын ескерсек, біз бұл мәселеге мән беруіміз керек.

Алғашқы оқырмандарыңыз өз балаларыңыз болар?

– Әрине, алғашқы оқырмандарым – балаларым. Өйткені, менің балаларға арналған өлеңдерімдегі кейіпкерлердің көбі өзімнің ұл-қыздарым. Солардың әр тәтті қылықтары мен күлкілі іс-әрекеттері тақпақтарыма, өлеңдеріме арқау болады. Соншалықты әсермен жазылғаннан болар, кейде олар оқыған өлеңдерінен өздерін тауып, танып жатады. Ал, кейбір өлеңдерімнің кейіпкерлері достарымның балалары. Олардың отбасына барғанда ата-аналарымен қарым-қатынасын, өзара қызықты диалогын бақылап отырамын және есімдерін де өлеңге өзгертпей беремін. Қысқасы, мен кейіпкерді, оқиғаны алыстан іздемеймін, бәрі айналамда. Тек баламен бала болып ойнай алсаң болғаны.

«Сәпен мен планшет» атты ертегіңіз бүгінгі балалардың бейнесін береді. Біздің ұрпақ үшін ақпараттық технологияның пайдасынан зияны басым болып тұрған жоқ па?

– Иә, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды мәселе – заманауи технологияның жас өскіндерге идеологиялық тұрғыдан зияны және денсаулығына да кері әсері болып отыр. Бүгінгі баланы ғаламтордан, смартфондар мен гаджеттерден шектеу оңай емес. Тіпті бесікте жатқан бөбектің өзін смартфонмен жұбатып, әлдилейтін жағдайға жеттік. Мамандардың айтуынша, біз қазірде «Альфа» ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Бұл ұрпақтың өкілдері цифрлық кеңістікте дүниеге келген балалар екен. Демек, қазіргі балаларды ақпараттық технологиядан ажырата алмаймыз. Тек олар түбегейлі тәуелді болып қалмау үшін жаңа технологияны тиімді пайдалануды үйретуміз керек. Бұл орайда оларға өздері тәулік бойы қолынан тастамайтын смартфондардың денсаулықтарына зиянды тұстарын түсіндіруге тиіспіз және бұл ата-ана мен мұғалімнің ғана міндеті емес, бүкіл қоғам осы жауапкершілікті мойынына алуы керек. «Сәпен мен планшет» ертегісі де осындай қауіп-қатердің алдын алу мақсатында жазылған десе болады.

– Балаларыңызға жиі кітап оқытады екенсіз. Ата-аналарға кеңес ретінде өзіндік әдіс-тәсіліңізді бөлісе отырсаңыз?

– Балаға кітап оқытудың белгілі бір формуласы жоқ шығар. Оны әр ата-ана ыңғайына қарай өзі жасауы керек. Мен балаларыма қинап, жекіп кітап оқытуды емес, оларды оқуға қызықтыруды ойластырамын. Мәселен, отбасында танымдық, логикалық командалық ойындарды көп ойнаймыз. Әке-шеше бір команда, балалар бір команда болады. Жеңімпаз командаларға арнайы «Мақтау қағазы» мен тәттілер мен ойыншықтардан сыйлық тағайындаймыз. Көбіне балаларым жеңіс мәресінен бой көрсете алмайды. Сосын мен оларға: «Сендер көп оқымайсыңдар. Сосын көп білмейсіңдер» деймін қайрап. Содан соң кітапханадан, кітап дүкендерінен бірнеше ғылыми-танымдық кітаптар әкеліп беріп жүрдім. Одан кейін әдеби көркем шығармалар оқыта бастадым. Содан соң ынталандыру сыйлықтарын көбейттім. Олар да кітаптарының астын сызып оқып, түсінігі толықты, танымы кеңейді. Командалық ойындарда кейде қатар, кейде озып келетін болды. Міне, менің балаларымды кітаппен достастырудағы әдіс-тәсілім әзірге осы...

– Сіздің өлеңдеріңізді еліміздегі белгілі баспалар өзге ақындардың атымен жариялап жіберіп, екі тараптың арасында дау туғанын білеміз. Осы мәселе қалай шешімін тапты?

– Иә, қазірде мектеп оқулықтарындағы олқылықтар жиі көтеріліп жүр. Әсіресе, ата-аналар тарапынан көп сын айтылады. Ал, менің шығармаларыма қатысты бір емес, бірнеше мәрте осындай келеңсіз жағдай орын алды. Бұл жерде баспа ғана емес, оқулық құрастырушылар да кінәлі. Әрине, оқулық авторларының құрамын министрлік жанындағы арнайы комиссия бекітетін шығар. Десе де, ақылары төленген соң оқулық авторлары өз ісіне аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мәселен, мен әлеуметтік желідегі жеке парақшама жазба жариялағанның өзінде екі шұқып бір қараймын. Жарияламай тұрып жазбамдағы мәліметтің өтірік-расына әбден көзімді жеткізу үшін жан-жақты ізденемін, салыстырамын, талдау жасаймын. Өйткені, менің қаншама оқырманым бар. Бұл соларға деген құрмет.

Ақын үшін әр өлеңі өбектеп отырған сәбиі іспетті. Сондықтан оның меншігіндегі дүниеге рұқсатсыз қол сұғу – қылмыс. Мен бұл орайда авторлық құқымды бұзған баспаға және оқулық авторларынан жіберген қателерін тез арада түзетуді талап еттім. Қалай айтсақ та, баспадан үлкен қателік кеткен және оны өздері мойындап, ресми түрде кешірім сұрады. Көп ұзамай өзгенің атынан оқулыққа енген өлеңдерімнің авторы өзімнің аты-жөніммен өзгертілетін болып, екі тарап ымыраға келдік.

– Асқар Жұмаділдаев «қазаққа ақын керек емес, технократ керек» деп еді. Атақты математиктің бұл сөзімен келісесіз бе?

– Менің ғалым ретінде де, «толық адам» ретінде де Асқар Жұмаділдаевқа деген құрметім ерекше. Көп ісін, сөзін үлгі тұтам. Ол кісі кейде маған біздің қоғамнан тыс, тіпті басқа әлемде өмір сүріп жатқан сияқты болып көрінеді. Өйткені, Асқар ағамыз өзі технократ бола тұра жаңа технологияларды күнделікті тұрмыста пайдаланбайды. Мәселен, бұрынырақта бір журналистпен сұхбатында ұялы телефон ұстамайтынын айтты. Әлгі журналистің «Сонда сізді іздеген адамдар қалай табады?» деген сұрағына «Мені іздеген адам сен сияқты тауып алады. Ал, менің біреуді іздеуге уақытым жоқ, күні бойы жұмыс істеймін» деп жауап берді. Міне, осы жауабынан-ақ бұл кісінің денсаулығына зиянды нәрседен аулақ жүретінін және одан бөлек, технологияға тәуелді болмай, миындағы жүзеге асырсам деген жоспарлы жұмыстарының барлығын миы арқылы орындап, табиғи түйсігін сақтап қалғысы келетінін және уақытты өте қатты бағалайтынын аңғардым.

Ал, бүгінгі қоғамға ақындар емес, технократтар керек деп отырғаны ақындарға деген қыжылы емес, отыз жыл бойы ғылымды дамыта алмаған қоғамға, мемлекетке деген өкпесі сияқты. Әйтпесе, басқа емес, дәл осы кісі ақындар жайында олай айтпайды. Өйткені, біріншіден, бұл кісінің өзі де бала күнінде өлең жазған. Оны да бір сұқбатында айтты және журналистің «Егер сіз ғалым болмағанда кім болар едіңіз?» деген сұраққа «ақын болар едім» деп жауап берді. Екіншіден, бұл кісі қазақтың аяулы ақыны Тұманбай Молдағалиевтің қызын өзіне жар еткен үлкен жүректің иесі. Үшіншіден, қазақ балалар әдебиетінің атасы ақын, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өзі ел болу үшін технократ ұрпақ тәрбиелеу керек екенімізді осыдан бір жарым ғасыр бұрын қазақ балаларын білім алуға шақырған әйгілі өлеңі арқылы айтып кетті ғой. Ендеше, Асқар ағамыздың бұл сөзіне мен аса шамдана қоймаймын. Мен де балаларымның ғылым үйренуін қалаймын. Содан да шығар, оларға әлемдегі ғылыми жаңалықтарды айтып, қызықтырып отырамын. Ғылыми-танымдық кітаптар әкеп беремін, олармен бірге отырып телеарнадан табиғаттың құбылыстары, аспан әлемінің құпиялары, ғарыштық кеңістік туралы қызықты деректі фильмдер тамашалаймын.

– Ал, өлеңсүйер оқырманға қандай тартуыңыз бар?

– Осы уақытқа дейін мемлекеттік тапсырыспен кітабым жарық көрген жоқ. Оның бір себебі, шығармашылық ортадан шалғай жүргесін шығар деп ойлаймын. Ал, демеушілікпен шыққан «Көңіл керуені», «Қоңырбек пен Содырбек», «Кемпірқосақ», «Дәрумендер дауасы» атты авторлық еңбектерім бар. Үлкен поэзиядағы біршама өлеңдерім «Жыр маржаны» деп аталатын қазақ поэзиясының он томдық антологиясына, «Тәтті алма», «Бәсіре» жинақтарына және балаларға арналған шығармаларым қазақ балалар әдебиетінің антологиясына енді. Одан бөлек, былтыр Мәскеуден орыс тіліне аударылып шыққан антологиядан да бірнеше өлеңдерімді көріп, қуанып қалдым.

Әзірге оқырмандарымды қуанта қоятын тартуым жоқ. Бірақ, жазып жүрмін. Алдағы уақытта сүйіншілейтін жаңалықтарым болады деген үмітім бар.

– Әнші, сазгерлер ақындармен арадағы байланысты үзгелі мағынасыз әндер көбейді. Сізге әніме сөз жазып бер деп қолқа салатындар бар ма?

– Иә, маған әнге сөз жазып бер деп қолқа салғандар болды. Бірақ, әнге сөз жазу үлкен жауапкершілік. Сондықтан ол өтініштерін орындай алмадым. Бірді-екілі әуезқой сазгерлердің өлеңдеріме жазған әндері бар. Олар тыңдарманын таппады ма әлде сазы мен сөзі үйлесім таппады ма, үлкен сахнадан орындалмады. Алайда, алдағы уақытта балаларға арнап ән жазатын сазгерлер тарапынан өтініш айтылса, өлеңін жазып беруге дайынмын.