Мансұр Закирұлы: Еткен еңбек, төккен тер түбі бағаланады

Соңғы жылдары Үкімет мүшелерінен бастап, Парламент қабырғасындағы депутаттар, лауазымды қызметте отырған басшылар ашықтық саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып жүр. Бұл тұрғыдан келгенде ҚР ТЖМ Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мансур Шайкрамов та қалыс қалған жоқ. Мекеме бастығы Nege.kz тілшісінің қойған сауалдарына жауап берді.
– Мансұр Зәкірұлы, өз жайыңызды өз аузыңыздан естісек.
– Біздің мекеменің есігі халық үшін, әсіресе сол халықтың мұң-мұқтажын арқалап жүрген, ұлттың үнжариясына айналған бұқаралық құралдары үшін әрдайым ашық. Біз ғана емес, біздің мемлекет осы саясатты ұстаным отыр.
Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да жиі айтады. ҚР Президентінің «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына жолауында халықпен тиімді кері байланыс орнату жайына ерекше тоқталған-ды. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады», – деген еді Мемлекет басшысы. Президентіміз айтқандай, біз халық үшін еңбек етіп жүргесін, әрдайым осы ұстанымдамыз.
– Жоғарыда ақын Қасым Аманжолдың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деген өлеңіне сілтеп, өзіңіз жайлы сұрап едік.
– Өзім жайлы айтар болсам 1976 жылы 9 қазан күні Жамбыл облысының Жамбыл қаласында, яғни, қазіргі Тараз қаласында тудым. Толық аты жөнім – Мансұр Зәкірұлы Шайкрамов.
1998 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін өрт қауіпсіздігі инженері мамандығы бойынша тәмамдап шықтым. Қазіргі таңда азаматтық қорғау полковнигімін. Азаматтық қорғау органдарында 1993 жылдың қыркүйек айынан бері қызмет атқарып келемін. Осы жылдар ішінде түрлі лауазымдарда жұмыс істедім.
2006 жылдың қыркүйек айынан бастап Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Тараз қалалық №2 ӨСБ бастығы лауазымында, 2013 жылдың 18 ақпанынан бастап ҚР ІІМ ТЖК Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқардым.
– Сіз жайында әріптестеріңізден сұрағанымызда «Шайкрамов Мансұр қызметінің бүкіл кезеңі ішінде облыс аумағында орын алған ірі өрттерді сөндіруге жетекшілік етіп келеді. Оның батыл және білікті іс-әрекеттерінің арқасында, өрттер мен төтенше жағдайлар қысқа мерзім ішінде жойылды», «Гарнизонның жедел-қызметтік қызметін ұйымдастыру мәселелерін тиісті деңгейде шешуде», «Қызметтік міндерттерді адал орындап, жұмыста табандық танытады», «Жас қызметкерлерге жақсы тәлімгер» деген сөздерді естідік. Ешкім сын айтпады. Мұның мәнісі неде?
– Жоғарыда Мемлекет басшысының сөзін текке мысалға алмадым. Атқарған жұмысымыз бен еткен еңбегіміздің бәрі халықтың, әріптестердің көз алдында. Ашықпыз. Ешкімнен ешнәрсені жасырып қалмаймыз. Бастысы, «мамандыққа адалдық» деген қағидаға сүйенеміз.
Батыл жандарға «жүрегінің түгі бар екен» деп жатады ғой, төтенше жағдайлар қызметіне сондай азаматтар ғана келеді. От пен судың ортасында жүріп, талай мәрте жан қиналған, өмір мен өлім таразыға түскен сәттер болды. Тіпті, күн сайын өміріміз қыл ұшында тұрады. Безбеннің қай жағы басым түсерін ешкім алдын-ала біле бермейді. Ал, ондай жолға түскен жігіттердің адал болмауға хақы жоқ.
Төтенше жағдайлар саласы жағаға соққан толқын іспетті немесе жерге түскен тамшы жаңбырға келіңкірейді. Бір толқынның екінші рет жағаға соқпайтыны, жаңбырдың әр тамшысы екінші рет жерге құламайтыны секілді бір күніміз бен екінші күніміздің арасында айырмашылық өте көп. Былайша айтқанда, әр күніміз жаңа оқиғалармен толысып жатады.
Әңгімені алыстан тартуымының себебі, сұхбатты оқып отырған оқырман мамандықтың маңызын түсінсе екен дегенім. Соны ұққанда ғана біз жайында айтылатын әңгіменің ақ-қарасын көзі қарақты халық ажыратар еді.
– Қазір еңбек етіп жүрген қызметтік орныңыз, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі жайлы аз-кем әңгімелеп өтсеңіз.
– «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі – Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің салалық бөлімшесі. Және бұл мекемеде Жамбыл облысындағы азаматтар мен үй-жайларды, ғимараттар мен түрлі сипаттағы нысандарды, өндірістерді өрт немесе түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған 19 өрт сөндіру бөлімі мен бекеттер бар. Ал мұнда қызмет ететін жеке құрам саны 753 адамды құрайды. Олардың әрбірінің өмірі жоғарыда айтып өткенімдей, арпалысқа толы.
– Сұхбатымызды оқыған жан «Төтенше жағдай саласында қызмет еткім келеді» десе, нені білгені жөн?
– Мемлекеттік мекеме болғасын барлығы конкурс талаптарына сай болуы керек. Аранйы іріктеу өтеді. Конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар: білімі орта, жасы 18-ге толған және 35 жастан аспаған, тиісті білімі бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери даярлықтан өткен азаматтар, сондай-ақ ҚР заңнамасына сәйкес оңды себеппен мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.
Жүргізуші лауазымына үміткерлерде міндетті түрде жүргізуші ретінде «В,С» категориясы бойынша жүргізуші кәуілігінің КамАЗ, Урал, ЗиЛ маркалы автокөліктерінде 3 жыл жұмыс өтілі болуы міндетті. Біз ара-тұра қызметкерлерді қабылдау туралы хабарламалар жариялап тұрамыз. Құжаттарды қабылдау хабарлама жарияланған күннен кейін келесі жұмыс күнінен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
– Нарықтық заман болған соң жалақы мәселесі көптің көкейіндегі дүние ғой. Қызметкерлердің айлық жалақысы қандай?
– Лауазымдық жалақысы еңбек сіңірген жылдарына байланысты 94 316 теңгеден 127 407 теңгеге дейін.
– Бос уақытыңызда не істейсіз? Жеке өміріңіз жайлы айта кетсеңіз.
– Хакім Абай «Өмірдің бір қызығы бала деген» дейді ғой. Сол айтқандай бос уақытымда балаларымы көңіл бөлуге тырысамын. Қазіргі таңда үш бала тәрбиелеп отырмын. «Солар болашақта адал азамат болсын, халықтың қамын ойлайтын жан болсын» деп бар білгенімді, көргенімді үйретуге тырысамын. Қазақстанның болашағы – осы жастар. Бала тәрбиесі мен білімін мектеп пен балабақшаға ысырып қоймай өзіміз қатар айналыссақ, ол баладан жарқын болашақ күтуге болады.
– Өміріңізді осы салаға арнапсыз. Соңыңыздан ерген жас мамандарға мотивация болсын, қандай жетістіктерге жеттіңіз, нендей марапат алдыңыз?
– Марапат жетістіктің өлшемі емес. Десе де қажет болса айтайын. Төтенше жағдайлардың алдың алу мен жою бойынша мемлекеттің жүйесін дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін және қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін ҚР ТЖМ «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін» медальдарымен марапатталдым.
«Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін», «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» І, ІІ, ІІІдәрежелі медальдарымен марапатталғаным тағы бар. «Азаматтық қорғау полковнигі – Мансұр Зәкірұлы Шайкрамов» деген шеннің өзі мен үшін өте қымбат. Өйткені қорғау жұмыстары менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен.
Айтпақшы, өткен жылы ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 3 желтоқсандағы «Мемлекеттік наградамен марапаттау туралы» Жарлығымен «ІІ дәрежелі Айбын» орденімен марапатталдым. Соңымнан ерген жас мамандарға, әріптестеріме айтарым өмірде марапат үшін емес, халық алғысын алу үшін әрі мамандыққа адалдық танытып жұмыс істесең, еткен еңбек пен төккен тер күндердің-күнінде бәрібір бағаланады.