Мамин көктемнен көтерем болып шықпаудың жолын таба ма?

2019 жылы инфляциямен күресте әкімдер мен министрлер ойсырай жеңілді. Нәтижесінде Қазақстанның инфляция бойынша "чемпион" екенін Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаевтың өзі мойындауға мәжбүр болды. Инфляция асау аттай ауыздықтауға неге көнбей қойды? Қазақы инфляцияның құпиясы неде? Оның себебін Nege.kz зерттеп көрді.
Маминнің соңғы "соғысы"
2019 жылдың қортындысы бойынша, Қазақстандағы инфляция деңгейі 5,4 пайызға жетті. Әрине, өткен жылдармен салыстырғанда жаман емес. Бірақ, көршілерге қарағанда, Қазақстан көштің соңында қалған ақсақ қойға ұқсайды. Біз тіпті масқара болғанда, соңғы жылдары мазасы қашқан Украинадан қалып қойдық. Украинада 2019 жылдың басында инфляция 14 пайыз болып, өршіп тұрған. Жылдың аяғына таман олар тіпті дефляцияға қол жеткізіп, қортындысында 4,1%-бен тоқтады. Көрші Ресейде инфляция - 3%, Қырғызстанда - 2,8%, Арменияда - 1%, Беларусьте - 5%. Бізбен қосқанда, осы бес мемлекет бір экономикалық одаққа кіреді. Соның ішінде қымбатшылықты жеңе алмай, мысымыз құрып отырған біз ғана.
Фото: sauap.org
2019 жылдың инфляциясына түгелдей дерлік қазіргі Премьер-министр Асқар Мамин жауапты. Себебі, ол министрлер кабинетін басқаруға өткен жылдың басында тағайындалды. 2010 жылдан бері алсақ, ең жоғарғы инфляция Кәрім Мәсімов премьерліктен кететін жылы, 2016 жылдың қортындысы бойынша болған. Онда инфляция 8,5 пайызға бір-ақ шарықтады. Мәсімовтен кейін Бақытжан Сағынтаев инфляциямен екі жыл күресіп (2017-2018), оның көрсеткішін 8,5-тен 5,3-ке дейін түсіріп берді. Маминнің Сағынтаев қалдырып кеткен 5,3 пайызды ұстай алмай, 0,1 пайызға өсіріп алғанын көріп отырмыз. Асқар Маминның нағыз премьерлік әлеуеті 2020 жылдың қортындысы бойынша толық сараланатын болады. Әрине, егер Президент Тоқаев шекті мерзім етіп белгілеп берген көктемнен көтерем болмай шықса...
Қазақы инфляцияның құпиялары
"Халық тамақты аз жегенде, инфляция да азаяр еді". Инфляцияның бой бермеу себебін сұрағанда, сарапшының бірі әзілдесе де, ақиқатты айтты. Шынында да, бір жылдың ішінде тамақ ең кем дегенде 10 пайызға қымбаттаған. Инфляцияны өрге сүйреп отырған басты фактор - тағамның құны. Демек, егер азық-түлік сатушылардың аранын ауыздықтай алсақ, инфляцияны да жеңуге болар еді.
Бүгін президент Тоқаев "Өкінішке қарай, министрлер де, әкімдер де бұл міндетті орындай алмады. Мен біздің экономикамыздың жағдайымен, сыртқы нарықтардағы бағамен байланысты объективті қиындықтар бар екенін түсінемін" - деді.
Фото: Nege.kz
Экономист Расул Рысмамбетов "азық-түлік бағасын ауыздықтаудың жалғыз жолы - импорт үлесін азайтып, отандық тауарлар үлесін арттыру" дейді. Бірақ импортерлерге қарағанда, отандық азық-түлік өндірушілері өз өнімін дүкен сөрелеріне қоюда әлсіздік танытып жататыны бар. Оған қоса, біздің ауыл шаруашылығындағы экспорттық стратегиямыз ішкі өнімді барынша толтыруға кедергі болып отыр. Үкімет осындай ішкі қарама-қайшылықтарды жеңе алмай отырғанда, бағаны кері қайтару тіпті мүмкін емес. Өткенде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкімет қабырғасында тамақ бағасы шарықтап өскен өңірлерді атады. Азық-түлік бағасы экономиканың өсуі, жалақының көтерілуі, әлеуметтік төлемдер арқылы халықтың әл-ауқатының жақсаруы сынды көрсеткіштерді кемінде 2-3 рет орап кеткен. Бұл - жалақы өскен сайын халықтың күйі нашарлап барады деген парадокс. Мысалы, азық-түлік бағасының өсуі Алматыда – 15,2%, Атырауда – 14,9%, Нұр-Сұлтанда – 14,2%-ға жеткен. Бұған дейін біз қазақстандықтардың еттен амалсыздан бас тарта бастағаны туралы жазғанбыз. Оның да басты себебі - баға.
Тақырыпқа орай: Ет пен қазақтың арасы алыстап барады
Енді Премьер-министр Мамин үшін келесі қортынды емтихан көктемге қойылып отыр. Президент тапсырманың орындалу нәтижесін көктемде тексеретін айтты. Бүгін сөгіс берілмеді. Демек, үкіметке "не жұмыс істейсіздер, не босатамын" деген салмақты сигнал жіберіліп отыр.