6 Желтоқсан 14:50
...

Мақым Қисамединовтің көрмесі қойылды

Фото:

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде 2019 жылдың 6 желтоқсанынан 2020 жылдың 5 қаңтарына дейін музей қорынан график-суретші Мақым Қисамединовтің туғанына 80-жыл толуына арналған көрмесі өтеді.

Алматы, NEGE. Мақым Қисамединовтың шығармашылық мұрасы Қазақстан бейнелеу өнері тарихында елеулі орын алады. Ол жиырмасыншы ғасырдың 1960-70-ші жылдарында белсенді жұмыс жасаған С. Айтбаев, Ш. Сариев, Т. Тоғысбаев, Б. Табиев, Ә. Сыдыханов, И. Исабаев, Е. Мергенов сынды «алпысыншы жылғылар» буынының өкілі. Суретші қысқа ғана жиырма жылдық шығармашылық ғұмырында артына өзінің құнды графикалық парақтарын қалдырып кетті.

«Ботасын жоқтаған түйе»

Ботасын жоқтаған түйе

Суретші әр топтамадағы кейіпкерлерін осы кеңістіктегі басқа дүниелермен салыстырғанда анағұрлым ауқымды, қонымды ірі етіп көрсеткен. «Бір өмірдің бейнелері» (1974) топтамасы Мақым шығармашылығындағы ерекше туындының бірі, туған-туыстарының портреттері:

«Ана портреті»

«Ләйлә»

«Махмұт»

Үш туынды да Сенеждегі тамаша графика шеберханасы бар суретшілер одағының шығармашылық базасында автолитография тәсілінде орындалған.

Әр бөлікте суретші тастың қаттылығына қарамастан кейіпкерлерінің мінез-құлқын, көңіл-күйін шебер оя білген. 1973 жылы орындалған «Махамбет» (1973) топтамасы – суретшінің графикалық шығармаларының ең шоқтығы биігі.

«Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» – деп жырлаған ақын, батыр Махамбеттің шынайы портретін жасауда суретші үлкен жетістікке қол жеткізіп, батыр бейнесін ұтымды кескіндеген.

Ал, немістің ұлы ақыны И.В. Гете (1749-1832) шығармашылығының ең биік шыңы «Фауст» (1980) атты философиялық драмасына арналған жеке дара шығарма.

Кітабын безендіруге арналған аталмыш еңбегінде Гетені бейнелеуден бастап, кейінгі бөліктерде оқиға желісі бойынша әр образды өзіндік ерекшеліктерімен сомдаған.

«Асан қайғының әні»

Суретші шығармашылығының толық жинағы Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорында сақтаулы. Олардың саны 110 астам болса, ал көрмеге автордың 70 жуық баспа графиканың тәсілдерінде орындалған кітап иллюстрациялары, қондырғылы туындылары, үлкен тақырыптық топтамалары хронологиялық тәртіпте қойылған. 

Тегтер: