Түркиялық әнші қазақтың әніне бейнебаян түсірді
Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Көзімнің қарасы» әні жаңа форматта шырқалды. Түркиялық танымал әнші Айбен Ерсой Ыстамбұлда арнайы бейнебаян түсірді.
Алматы, NEGE. Айбен Ерсой ұлы ақынның әнін шырқауды армандап келген. Енді алдағы уақытта қазақ еліне барып, шоқтығы биік туындыны тарту етпек ниетте. Алайда әлемге қауіп төндірген індетке байланысты бұл ойы кейінге қалып тұр.
«Бейнебаянымды Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай түсірдік. Көңіліңізден шығады деген үміттемін. Жариялаған күннен бастап тыңдаған жұрт маған ізгі ниеттерін жеткізіп отыр. Бұл да менің шығармашылық өміріме оң әсер еткендей. Бұл кезеңде үйден шықпасақ та, көптеген жұмысты атқаруға болатынына көзім жетті. Себебі ақпарат заманында әлем көз алдыңда. Кіші туындымыз сіздің де көңіліңізді көтереді деген ниеттемін. Бұл кезең өтеді. Жаңа кезеңде мықты Айбен, мықты Динара, мықты Руслан, мықты Шынар болып алдыңызға шыға келеміз. Түркиядан шын жүректен дұғай-дұғай сәлем жолдаймын», - дейді Айбен Ерсой.