«Операға от болып келген жастар театрдан кетіп жатыр» – Майра Мұхамедқызы

Майра Мұхамедқызының жуырда әлеуметтік желіге жазған жазбасы әлеуметті шу еткізді. Оның сырын әркім сан-саққа жорып, өзінше жорамал жасады. Тіпті өнер иесін қаралағандар да табылды. Осыған орай тілшіміз даңқты опера әншісінің өзіне шығып, мән жайды сұрады. Шымкент опера және балет театрын басқарып отырған Халық әртісі өнерге қатысты біраз кілтипанды ақтарды.
– Майра, әлеуметтік желіде сатқын адамдардың арасында жұмыс істеудің машақаты туралы жазғаныңыз біраз адамның көңіліне күдік ұялатты. Сізді қапаландырған қандай жағдай?
– Негізі көңіл күйдің жетегімен жазған жазбам қоғамда осындай дүрбелең тудырады деп ойламаппын. Негізі мұның бәрі – жұмыс барысында болып жатқан келеңсіз жағдайларлар. Сатқындық па, әлде екіжүзділік пе, әйтеуір мансаптарын пайдаланып, мені жер-көкке жамандап, театрды қысып, «Майраға күн көрсетпеңдер» дейтіндер бар екен. Бұл еркектің істейтін тірлігі емес. «Егер театр мен өнердің мәселесін шеше алмасаңдар, мәдениеттің басшысы болып неге отырсыңдар?!» деп мен жүрмін.
Неміс философы Ницще «Мадениет мәжбүрлеуден басталады» дегендей, теардың қамы үшін ойымды бүкпесіз жылап та, күліп те айтып келемін. Біреудің жеке өмірі, мансабы, жиған байлығы мені ешқашан қызықтырған емес. Менің жан айқайым мен күйзелісім біреу ғана. Ол – қазақтың өнері, қазақтың мәдениеті, қазақ операсы мен балетінің болашағы.
Ал мәдениеттің тізгінін ұстап отырған мәдениеттісымақтардан қолдау сезіне алмағанда жүрегің сыздайды. Ел президентті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек», – деп жағдайды біліп, байқағаннан айтқан болар. Қазақстанда үш опера және балет театры бар болса, соның ішіндегі Шымкент қалалық опера және балет театры – тасада қалған, аты бар да, заты жоқ театр. Өнер ошағының осындай мүшкіл жағдайы жаныма батады. Біз осыған қарамастан, жоқтан бар жасап, әлемдік деңгейдегі топ операларды қойып жүрміз.

Шымкент опера балет театрын мемлекеттік бюджетке кіргізуді сұрадым. Жаңа ғимарат салдыруға ұсыныс та жасадым. Еш жерден хабар жоқ. Уайымым – уақыт өтіп барады. Операға от болып келген жастар театрдан жан-жаққа кетіп жатыр. Немесе үш төрт жерде жұмыс істеуге мәжбүр.
– Бұдан соң қара халықтан қалай мәдениетті болуды талап етеміз дейсіз ғой...
– Айтыңызшы, қазір мәдениетке жаны ашып, жан тәнімен беріліп жұмыс істеп жүрген адам бар ма? Баяғыда Уинстон Черчилльге бір министр: «Соғыс кезінде қайдағы мәдениет?!», – деп осқырыныпты. Сонда білікті қолбасшы: «Егер мәдениетті қорғап қала алмасақ, онда не үшін соғысып жатырмыз?!» деген екен.
«Идеология – қарусыз майдан» деп те босқа айтпаған. Елді ояту үшін, тарихты оятуымыз керек. Тарих оянса, мәдениет оянады. Мәдениет оянса, адамдар оянады. Ал қазіргі адамдар бағытын жоғалтқан кеме секілді. Қайда бара жатқанын өздері білмейді. Біресе дінге, біресе батысқа, біресе байлыққа елітеді. Рухани кедейлік орнағанда адамдардан ар-намыс жоғалады. Қоғам теңселеді, тыныштық кетеді. Ал театр адам баласын тәрбиелеп, өзін тануға мүмкіндік беретін алтын орда емес пе?!
– Біреулер «Майраның орыны басқа жер еді» десе, енді біреулер «Шымкент ұнамаса, кетіп қал» деген екен. Мұндай сын көңіліңізге қаяу түсіріп жатқан жоқ па?
– Жоқ, көңіліме алмаймын. Мен ондай адамдармен санаспаймын, керісінше, аяймын. Басшы болған адам, сыннан қорықса, елді, ұйымды басқармауы керек. Менің өз миссиям, бағытым мен арманым бар. Көлденең сөздің бәрін көңілге ала берсем, онда жүректен не қалады? Менің қайда тұратынымды ол адамдар шешпейді ғой. Кең байтақ қазақ жері – менің де Отаным. Өз басым жаратылысымда адамдарды ешқашан жақсы-жаман деп бөлмеймін. Оның үстіне Шымкент халқы өзім секілді өте еңбекқор, қарапайым. Шырайлы Шымкентті жақсы көремін.
– Жалпы басшылық жұмыс сізді шығармашылықтан алыстатып жіберген сияқты ма, қалай?
– Жоқ, олай ойламаймын. Себебі мен кеңседе емес, театр ішінде жүрмін. Әрине, өкінішке қарай бұрынғыдай үлкен жиын, концерттерге жиі шақырмайды. Мәдениеттің тізгінін ұстап отырған адамдардың түсінігі сондай болса, қайтемін енді? Ойлайтын болар, «Майра қазір басшы, басқаға мойын бұрмайды» деп. Бірақ мен ең әуелі әнші болып қалыптасқан тұлғамын. Әрқашанда өз биігімде әрі бабымдамын. Халық әртісімін, нағыз сахна майталманымын. Опера әншісінің нағыз профессионал болып, толып жетілген шағындамын. Бір жағынан опера әншілерінде «зейнеткер» деген ұғым жоқ. Денсаулық болса, мархабат! Бибігүл Төлегенова мен Майя Плисецкая апаларымыз бәрімізге үлгі.
– «Астана Опера» театрына қайта оралу ойыңызда бар ма?
– Опера орындауға шақырса қуана барып, ән айтып келер едім. Қазір бүкіл ойым Шымкентте. Опера театры тезірек бой көтерсе екен деп армандаумен жүрмін. Жаңа театр ашылғанда көресіздер, Шымкент опера балет театры әлемдік деңгейдегі өнер ошағы болады. Өйткені, Оңтүстік – өнер бесігі.

– Дегенмен, біздің қоғамда «опера мен балет батыстан келген» деп қырын қарайтын түсінік әлі бар сияқты. Сіз басқарған театрға келушілер санына көңіліңіз тола ма?
– Опера мен балет өнері қайдан келсе де, ғасырлар бойы уақыттың елегінен дін аман өтіп, шыңдалған мектеп дер едім. Оған қырын қарау – надандық. Классика – нағыз өнер шыңы, ән мен өмірді жырлаған жанр. Қазақ даласында да опера жанры түрлі сын сағаттан өтсе де, өміршең болып келе жатыр.
Ал Шымкент опера – 17 жылдан бері ғана жұмыс істеп келе жатқан жас театр. Мұнда тіпті опера және балет театры бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені, театрлар қалалық әкімдікке қарайды. Ал бөлінетін бюджетін айтуға намысым жібермейді. Солай бола тұра ешқандай жарнамасыз, еш қолдаусыз өз күнін өзі көріп келе жатыр. «Жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, төбесі тесік болса да жаны бар, берекесі ұйып тұрған талант пен мейірімге толы орта. Киелі шаңырақтың репертуарында қырыққа жуық опера балеті, тұрақты көрермені бар. Бұған бір айда жиырма рет сахнадан түспей қойылған «Домалақ Ана» операсы дәлел. Мұндай көрсеткіш еш театрда болмаған. Көрермені болмаса, осындай сұраныс болмас еді.
– Опера мен балет әртістерінің тойда өнер көрсете алмайтынын ескерсек, театрдағы өнерпаздарға күнкөріс қамын күйттеу қиынға соғып тұрған болар?
– Әрине, опера мен балет текті өнер болғандықтан, тек сахнада өнер көрсетсе екен деп армандаймыз. Дегенмен, қол қусырып отыратын емес, күнкөріс, бала-шаға қамы бар. Біреу кешкісін такси болса, біреу бармен, енді біреулер қолына аспабын алып, той-жиында өнер көрсетеді. Алды үш-төрт жерде жұмыс істейді.
Мәселен, «Домалақ Ана» операсын жазған жас композитор Тасқын Жармұхамет бизнеске кетті. Мұндай мысал көп. Бұл өте аянышты әрі әділетсіз жағдай. Айта берсең жүрек ауыртатын жәйттар аз емес.

– Қызыңыз анасына ұқсап әнші болғысы келе ме?
– Балаға білім беру, жан-жақты етіп тәрбиелеу ата-ананың міндеті ғой. Әзір өзіне ұнаған саланың қыр-сырын меңгеріп, арасында түрлі үйірмеге барады. Хоббилері де жетеді. Уақыт келгенде қай салаға барарын өзі таңдайды.