Құтқару қызметінің көзге көрінбейтін жауынгерлері

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметінің кезекші ауысымы тұрғындардан хабарламалар қабылдаумен айналысады. Біз құтқару қызметінің көзге көрінбейтін жауынгерлері деп дәл осы салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар жайлы айтып отырмыз. Nege.kz тілшісі Шымкент қаласы ТЖ департаменті Құтқару қызметіндегі кезекші ауысымның кезекшісі Нұржігіт Сейдуллаевтың ерлігі жайлы баяндайды.
Тұрғынның әрбір өтінішін диспетчер тіркейді. Ол өтініш берушінің мекенжайы мен телефонын, оның өтінішінің мәнін жазады. Жағдайға сүйене отырып, жауапты қызметтерді анықтайды, алынған хабарламаны іс-қимыл алгоритміне сәйкес жібереді. Хабарламаның қаншалықты нақты қабылданғанына байланысты, оған ден қою да тез болады, төтенше жағдайлар қызметі сол жерге жедел келеді. Адамдардың өмірін және денсаулығын сақтау туралы мәселе туындаған кезде жедел кезекшінің өзін-өзі ұстауы – оның басты қаруына айналады.
Бүгінгі кейіпкеріміз Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Құтқару қызметінің жедел кезекшісі Нұржігіт Сейдуллаев ұстамдылығы мен байсалдылығының арқасында адам өміріне төнген қауіп сейілді. Нақтылап айтсақ, Нұржігіт қаланың екі кішкентай тұрғынының өмірін сақтап қалды.
«Қоңырау келіп түскенде бастысы сабыр сақтау керегін ескерттім. Өйткені, төтенше жағдай кезінде адамдардың дені дүрбелеңге бой алдырады. Дүрбелең болған жерде қателікке ұрыну жиі кездесетінін тәжірибеде байқап жүрміз. Олар да айтқанымызды бұлжытпай орындады», – деді Нұржігіт Сейдуллаев.
2022 жылғы 10 мамырда «112» Құтқару қызметіне құрылысы аяқталмаған ғимараттың жертөлесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Отпен ойнау өртке әкеліп соқты, нәтижесінде балалар жертөледен сыртқа шыға алмай қалған.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, жедел кезекші Нұржігіт Сейдуллаев тұншығып, қорыққан балалармен өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін үнемі байланыс жасап, іс-қимыл тәртібі туралы нұсқау берді. Жедел кезекшінің нұсқауы бойынша балалар киімнің көмегімен тыныс алу жолдарын түтіннен қорғап, өрт сөндірушілерге оларды таба алатындай дауыс берді. Өйткені, жертөледе қалың тұншықтырғыш түтін болды. Нұржігіттің сауатты нұсқаулары балаларды құтқарудың кепілі болды.
«Жертөледе қалып қойған балалар екенін білгенімде солар секілді ойлауыма тура келді. Ең әуелі түтіннен қорғану керегін ескерттім. Олар үстіндегі киімдерін шешіп тыныс алулары керек болды. Құтқарушыларға тез табу үшін өздерінің қай жерде екенін білдіретін дыбыс шығару да маңызды екенін айттым. Балалар мұның бәрін бұлжытпай орындап, аман-сау отбасы мүшелеріне қауышты. Бұндай жағдайға түспеу үшін отбасында балаларға төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі жайлы әңгімелерді жиі айтып тұрған жөн», – дейді Нұржігіт Сейдуллаев.
Қазір қалада төтенше жағдайлардың алдын алу үшін төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше, барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, олар туындаған жағдайда материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені әзірленген. Мамандар да осы бағытта нәтижелі жұмыс атқарып жүр.