25 Мамыр 14:36
...

ҚҰРСАУДА қалған ҚАЗАҚСТАН немесе әсіреинтеграцияның үш қаупі

Фото:
Сонау 2010 жылы Астанада өткен ЕЫҚҰ (ОБСЕ) саммитінен кейін «саммит» сөзінің өзі біртүрлі, теріс сипаттағы реңкке ие болып, ел арасында

түрлі жағымсыз пікірлер айтылды. Бірақ...

Бірақ саммит дегеніміз, халықаралық деңгейде өтетін іс-шаралардың төресі екені рас. Яғни, бұл кездесуге не форумға негізінен мемлекеттің бірінші басшылары қатысады, сондықтан мұндай жүздесудің мәні де, мағынасы да, мәртебесі де зор, салмағы да бөлек. Сол себепті «саммит» десе, көзі ашық жұрт елең ете қалып, сол жаққа құлағын түріп жүреді.

Байқасаңыз, соңғы кезде әлемдік сыртқы саясат алаңында саммиттер көбейіп кетті. КОВИД пандемиясы кезіндегі шектеулер мен тыйымдардан әбден зәрезап боп, әзер құтылған дипломаттар офлайн өтетін осындай шараларды көптеп ұйымдастыруының себебі де жоқ емес: әр елдің, әр аймақтың, әр блоктың, әр одақтың өз мүддесі бар, оның бәрін тізбелей берудің қажеті жоқ.

Менің айтпағым – таяуда ғана өткен Қазақстан мен Орталық Азия аумағына тікелей  және жанама қатысы бар саммиттер туралы. Өткен күнтізбекке қарайық. Алдымен бізге тікелей қатысы бар самиттер хақында.

17-19 мамыр – Қытайдағы «Орталық Азия – Қытай» саммиті. Дәл осы күндері өткен Қазақстандағы «Еуроодақ – Орталық Азия» экономикалық форумы. 24 мамырда Мәскеудегі ел президенттерінің қатысуымен өткен Еуразиялық экономикалық форум өтті.

Жанама қатысы бар іс-шараларға келсек.

«Орталық Азия – Қытай» саммитінен кейін Қытайға РФ Премьері бастаған, құрамында 1200 бизнесмен бар аса ірі делегация келе қалды. Дәл осы күндері Жапонияда «G7» саммиті өтті.

Мемлекет басшылары қатысатын мұндай шаралар тыңғылықты әзірлікті талап етіп, аяқ астынан ұйымдастырылмайтыны белгілі, сондықтан да өз басым осыншама маңызды форумдардың бір-бірімен жарыса, бір мезгілде өтуінің өзінен дүниежүзілік саясаттағы геосаяси ықпал үшін талас-тартыстың көрнекті көрінісін байқауға болады. Қарапайым тілге салсақ, «ә» десең, «мә» деген сияқты.

Әр саммиттің өз мақсаты, өз мүддесі бар деп айттым. Біз болсақ, осынау аса күрделі жағдайда шақырған жерден қалмай, далақтап  жүріп, өз ұпайымыздан айырылып қалмауымыз керек деп санаймын.

Бір нәрсе анық: «Ұжымдық Батыс» пен Ресей арасындағы «қырғиқабақ» соғыс пен оған қатысты Қытайдың бейтарап ұстанымы осы үш жақ тікелей ықпал ете алатын Қазақстан үшін күтпеген кедергілермен қатар жаңаша мүмкіндіктер ашып отыр. Бұған әзірше әлемдік алаңға шыға қоймаған, солай бола тұра әлеуеті сұмдық басқа да аймақтық бірлестіктердің де самиттік белсенділігін қосыңыз.

Яғни, осы күнге дейін (шынын айтайықшы!) әлемдік саясаттың перифериясында боп келген Қазақстан және тұтас Орталық Азия аймағы шешуші демесек те, маңызды роль атқара бастады. Оның бір себебі логистика мен транзиттік мүмкіндіктерде жатса, екінші бір себебі Қазақстанның және басқа елдердің қазба байлықтары, соның ішінде мұнайы мен газында деп білемін.

Орталық Азиядағы көршілеріміз транзиттік мәселе бойынша бізге бәсекелес бола алса (мәселен, Жібек жолын Қазақстан мен Ресейден аулақ алып кету жобалары), қуат тасығыштар жағынан біз, әрине, алдамыз. Құдайдың өзі бере салған осы екі ұлы мүмкіндігіміз, екі ерекшелігіміз Орталық Азияға қатысты геосаяси ойындардағы біздің басты «көзіріміз» болса керек (басқа «көзірлерді» Жаңа Қазақстан қалыптастырып, әлемдік саясаттағы әлеуетімізді арттырғанша солай болатын сияқты).

Бір сөзбен айтқанда, әлемдік архитектура түбегейлі өзгеріп, интеграция мен ынтымақтасудың жаңа формалары дүниеге келгелі жатыр. Әрине, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ адам саны, экономикалық әлеуеті әлемдік алпауыттардан анағұрлым аз әрі төмен, оның үстіне «ашулы аю» мен «аузынан от шашқан айдаһармен» құдайы көрші боп отырған біздің елге төнер үш қауіп бар екенін айтпаса болмас.

Біріншіден, бізге Қазақстанның кіммен жақын, ал кімнен алыстан сыйласуы керек деген сұраққа қатысты терең де ұзақ мерзімді стратегия жетіспейтін сияқты. Бәрі де күнделікті күйбең тіршіліктің қамы ғана секілді көрінеді, шахмат емес, шашка ойнаған секілді.

Мәселен, «еліміздің солтүстік аумағында орыс халқының өкілдері көп болып тұр, сол себепті Ресейдің айтқанына шыға алмаймыз» деген уақытша ғана маңызы бар түсінік біздің сыртқы саясатымызға қатты әсер етіп отыр. Осы түсініктің негізінде ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді ұйымдарға мүше боп, солардың талаптарынан шыға алмай келеміз. Бірақ уақыт және демография деген бар емес пе?! Келе-келе ол жақтағы ахуал да өзгереді, өзгергенде біздің пайдамызға шешіледі. Сол өзгерістерге дайынбыз ба? Әлде бүгінгі жағдайды ғана ескерген конъюнктуралық келісім-шарттардың құрбаны боп қала береміз бе?

Ел ішіндегі оппозицияны жойып, өзінің бауырлас еліне қарсы соғыс ашқан, неоимпериялық пиғылдағы Путин ерте ме, кеш пе, кетеді, біздің стратегиямыз соған дайын ба? Оның орнына кім келеді: либерал ма, әлде одан да өткен автократ па? Сол жағдайларда Казақстан қандай ұстанымда болуы тиіс? ЕАЭО, ҰҚШҰ тағдыры не болмақ? Әр сценарийдің бізге тигізер қандай зияны не пайдасы бар?

Қытай мен Орталық Азиядағы көршілермізге де қатысты болашақта өзгеретін жайттар бар. Солар стратегиямызда ескерілді ме?

Екіншіден, бірлесе тірлік жасау белгілі бір дәрежеде келісілген ортақ саясат жүргізуді қажет етеді. Ол – бөлек қауіп.

Мәселен, кеше ғана Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумда қырғыз президенті «ұлттық деңгейден жоғары органдардың өкілеттігін күшейту керектігін» ашық айтты. Бұл дегеніңіз – өзін тәуелсіз деп санайтын, тек қана өзінің ұлттық мүддесіне сай шешім қабылдауға тиіс кез келген мемлекеттің құқын шектеу!

Ортақ транзит, ортақ логистика, ортақ экономикалық және бизнес жобаларды ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ, оның бірі де елдің дербес қадамдарына тежеу болмауы тис: ұлттық мүддеге мысқалдай болса да зиян келтіретін кез келген жоба жоққа шығарылуы тиіс!

Басқа елмен не елдермен белгілі бір деңгейде бірлесу ешқашан да елдің ішкі экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, құқықтық, қоғамдық-саяси, рухани жағдайына теріс әсер етпеуі шарт. Саясаттануда «протекционизм» («қолдаушылық») деген ұғым бар, яғни, мемлекет тарапынан жоғары аталған отандық салаларды қолдау. «Сыртқы әлемге жағамыз не екеуара ынтымақтастықтан бір пайда табамыз» деп жүріп, өзіміздің ішкі ахуалды нашарлатып алмайық.

Және де мұндай жағдайда ешкімнің, соның ішінде аса ірі көршілер не әріптестердің қас-қабағына қараудың еш қажеті жоқ.

Үшіншіден, саясат экономиканың шоғырландырылған түрі екенін ескерсек, интеграциялық құрылымдардың ортақ саяси ұстанымы болуы да ғажап емес. Мәселен, Қытайда өткен саммитте Қытай көшбасшысы «үш жауыздық – сепаратизм, терроризм және экстремизммен» – күресу қажеттігін айта отырып, «алты ел ішкі істеріне басқа елдердің қол сұғуына төтеп беру мен «түрлі-түсті революцияларды» сырттан әкеліп тануға қарсы шығу керектігін» атап өтті.

Бұл да өзі екіұшты қағидаттар, мұндай бір жақты түсінік кез келген елде болуы ықтимал наразылықтың себебі тек қана сыртта жатыр деген қате тұжырымға жетелейді. Оның өзі ел ішіндегі сөз бостандығы мен оппозициялық көзқарастарға өз зиянын тигізері хақ, ал постсоветтік кеңістікте мұндай ұстаным Батысқа қарсы көңіл-күйді қалыптастырады, мұның өзі ел дамуының басты бағытын анықтауда біржақтылыққа жол ашады. Әр елдің саяси дамуының өз жолы бар.

Бір өкініштісі – Қазақстан объективті түрде тату-тәтті өмір сүріп, мейлінше тығыз ынтымақтасуы тиіс айналамыз – шетінен авторитарлы режимдер басқарған мемлекеттер. Ресей мен Қытайың да сол, Орталық Азиядағы ағайын да сол. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», кей жағдайда биліктен айрылғысы келмейтін тақ иелері демократиялық қағидаттарды, сөз бостандығын, адам құқын жаншып тастау жағынан бір-бірінен үйренетін сықылды. Оның өзі тұтас аймақтың ғана емес, әр елдің өркениетті жолмен дамуына кесірін тигізіп отыр.

Сол себепті шынайы демократия, халық билігі секілді құндылықтарды басшылыққа алған, дамыған елдермен (соның ішінде G-7) экономикалық, саяси, мәдени ынтымақтастықты арттыру керек деп санаймын. Ол елдермен стратегиялық әріптестік маңайымыздағы алпауыттардың қолбаласы боп қалмауымыздың кепілі боп, халықаралық байланыстарды белгілі бір баланс сақтауымызға өз септігін тигізер еді.

Түйін: Әрине, қазіргідей алмағайып заман қиындықтарынан қай жолмен шығамыз: дара немесе басқалармен бірлесе ме деген сұрақтың әлі де басы ашық. Менікі екінші жолда күтіп тұруы ықтимал қауіп-қатерлер туралы әңгіме ғана...

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.

Тегтер: