Құрылтайдың құбыласы қайда?

Бурабайда Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Оған президент Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол қоғам мен мемлекет өміріндегі көптеген өзекті мәселеге тоқталып, кейбір даулы, тіпті қоғамды қақ жарған проблемалар мен таңдаулар хақында өз позициясын білдірді. Тіпті сол шешімімен нақты мәселені – бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді – талқылауды, оны одан әрі «саясиландыруды тоқтатуды» талап етті.
Өз басым президенттің сөзіндегі бес новацияны атар едім.
Біріншіден, ол экономика жағдайы. Өз басым бұрын ҰҚ тек қана рухани мәселелерді талқылай ма десем, олай емес екен. Әдетте экономикалық мәселелерге қатысты басты ұйғарымдары мен ұсыныстарын мемлекет басшысы не Парламенттің, не үкіметтің отырысында жария ететін. Бұл жолы ҰҚ-да экономика басты тақырыптың бірі болып, күн тәртібінде маңызды орын алды.
Мұның өзі ҰҚ-ның мемлекеттің саяси жүйесінде орнын ойып алғанының бір нышаны деп білейік.
Бұл саладағы ең ушығып тұрған мәселе қосымша құн салығының (НДС) мөлшерлемесін көтеру екені белгілі. Оның үстіне, президент «салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетін», және «мұндай жағдай жаппай белең алғанын» баса атады.
Алайда ҚҚС мәселесіне қатысты үкімет әлі де нақты ұсыныс бере алмай жатқан көрінеді. Президенттің «Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс», – деуі де содан болар. Мұның өзі осы үкіметтің құрамында ел алдына шығып: «Осы шешім үшін саяси және жеке жауапкершілікті өз басыма аламын!», – деп мінез танытатын тұлғалардың жоқ екенін көрсетсе керек. Мұндай енжар әрі мінезсіз, тек қана президенттің шешімін күтіп, жауапкершіліктен жалтаратын үкіметпен алысқа бара алмайтын сықылдымыз ба, қалай?
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу тақырыбы да қоғамда қызу талқылау тудырып, жұртты қақ жарды деуге болады. Президент бұл аса өткір, өзіне сын айтылуы мүмкін шешімді өз жауапкершілігіне алған секілді. Алайда мемлекет басшысының кесімді шешімін жұртқа түсіндіріп, ұғындырып, бұл таңдауға қарсы топтармен пікір таластырып, өз уәжі мен дәлелін айтып жатқан шенділерді әлі де көре алмай отырмын.
Екіншіден, президент ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы айтты. Соның ішінде: «Мен үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады» деген сөзі, шын мәнінде, халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Дәл осы бағыттағы жолдың зардабын сол жақтағы ағайын және сонда барған барша жұрт тартып келеді. Енді, міне, сол өңір тұрғындарының талай жылғы арманы орындалайын деп жатыр.

Жалпы алғанда, Жаңа Қазақстан тұсында ескі Қазақстанның солақай саясатының кесірінен кенжелеп қалған өңірлерге баса назар аударылып, сол жақта ірі жобалардың жүзеге асырылуын өз басым оң үрдіс деп санаймын.
Үшіншіден, және бұл өте-мөте маңызды мәселе, саяси новация тұрғысынан президенттің «Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады» деген шешімін қолдамасқа болмас. Қазақстан демократиялық күштерінің ежелден бері айтып келе жатқан талабының Жаңа Қазақстан тұсында толық мәнінде жүзеге асуын жақсылыққа жориық.
Десек те, ел ішінде әкімдерді сайлауға деген біртүрлі сенімсіздік те бар екенін жасыра алмаймын. Кейбір жерлерде әкімдер, билік партиясы белден басып, тәуелсіз, жергілікті халықтың қолдауына ие үміткерлерді додаға қатыстырмай, қатысса, дауысын дұрыс санамай жататын фактілер әлі де аз емес. Сол себепті әкімдер сайлауын өткізетін әртүрлі деңгейдегі сайлау комиссиялары әкімдікке, билік партиясына жалтақтамай, тәуелсіз жұмыс жүргізе алатындай жағдай жасамай, ол сайлаулар толық легитимді бола алады, басқару органдарына жаңа, қолынан іс келетін, талантты да тегеурінді күштер мен тұлғаларды сайланады деу артықтау болар.
Төртіншіден, президент: «ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек» екенін бас айтып, Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берді.
Сонда біз осы күнге дейін ондай тұжырымдамасыз өмір сүріп келгенбіз бе? Әйтеуір, ескі Қазақстан тұсында ішкі саясат әрбір ықпалды кланның не саяси топтың қолында кетіп, мызғымас әрі түпкілікті жалпыұлттық, жалпымемлекеттік құндылықтарды жоғалтып алған сияқты едік. Ішкі саясатта бірізділік болмады, әркім ойына келгенін істеді, ең бастысы – саясаттың бұл саласында мінез бен халықтың ой-пікірін ескеру деген болмады! Осының бәрін өзгертетін уақыт келді.
Десек те, қоғам мен мемлекеттің өміріндегі осындай аса маңызды құжат тек қана шенеуіктердің қолына шықпауы тиіс. Оны әзірлеуге қоғам өкілдері, соның ішінде, билікке балама ой айта алтын күштер мен жеке тұлғалар қатыстыруы тиіс деп санаймын. Әйтпесе, тек қана биліктің сойылын соғып, ішкі саясатты мүлдем бюрократияландырып жіберіп, азаматтардың конституциялық құқтары мен бостандықтарына кедергі жасайтын, шенеуніктік құжат дүниеге келуі ғажап емес.

Бесіншіден, президент цифрландыру мен жасанды интеллект (ЖИ) жайындағы ойларын ортаға салды. Бұл заманауи салаға қатысты біраз жоспар бар екен. Басқасын білмеймін, өз басым Қазақстанды бұрын мұнай мен газ ерекшелендірсе, ендігі жерде ел экономикасын дәл осы цифрландыру алға жетелейді деп ойлаймын. Ол үшін қазақта тиісті кадрлар (амбициясы арнадан асып, армандары асқақтаған жастар!) мен ресурстар бар. Тек бөлінген қаржыны ашкөз шенділер жеп қоймаса болды да...
Өз сөзінде президент атқарушы билікке қатысты біраз сын да айтты. Бірақ көп жағдайда ол ескертулер жалпылама сипат алып тұрды. Мен, мәселен, президенттің: «Біз ғалымдарды шетелде тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік. Бірақ ғылымға мүлде қатысы жоқ ғалымдар шетел асты. Мен 78 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған кісіні білемін. 78 жаста қайдағы «Болашақ»? Көп істің соңы осындай түсініксіз жағдайларға ұласып кетеді» деген сөзінен кейін сол 78 жастағы «болашақерді» және оны мемлекет есебінен оқуға жіберген жауапты шенеунікті білгім, көргім келеді...
Сөз соңында айтарым мынау.
Біз өте бір қызық кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Кім билікке қатысты негативті неғұрлым көп айтады, сол соғұрлым көп лайкқа (қолдауға) ие болады да, сол биліктің жақсы бастамасын (орынды болса да!) қолдаған адам міндетті түрде «билікшіл», «халыққа қарсы» боп шыға келеді.
Осынау ой-сана радикализмінен құтылу керек деп мен бұдан бұрын жазған да едім. Өйткені, философияға салсақ, өмір тек қана ақ пен қарадан тұрмайды, осы екі түстен басқа да, тірліктің қыр-сырын, мың бояулы тереңдігін анықтайтын түстер бар, өмір, болмыс, сонысымен қызық әрі құнды.
Мәне, осынау көзқарас Ұлттық құрылтайға баға бергенде де сезіліп жатады, оны, әсіресе, әлеуметтік желілерде ап-анық байқап отырмыз.
Бәлкім, мұндай әсіре сыншылдық кешегі, осындай жиындар мезі еткен отыз жыл бойына елді басыбайлы басқарған елбасының тұсында жарасар ма еді? «Аузы күйген үріп ішеді», сол кезде де қоғам өкілдерінің басын қосып, диалог жасамақ болған бас билік әртүрлі форумдар өткізді емес пе? Бірақ олардан ешқандай пайда болмады, өйткені ол жиындарда шындық айтылмады. Оны жұрт ұмыта қойған жоқ. Сол себепті мына Ұлттық құрылтайға да қоғамның аса сыншыл бөлігінде біртүрлі сенімсіздік һәм күдік жоқ емес.

Бұгін болса, жағдай өзгеше: әлемдік авторитарлар мен демократтардың өсуі мен өшуінен хабардар президент Тоқаев көпшіліктің көңілінде жүрген жайттарды айтып жатыр: «Жаңа, Әділетті Қазақстан құрайық» дейді, «алуан түрлі пікір – біртұтас ұлт» деп, «сын мен балама пікірге төзімді болу керек» дейді.
Президент осының бәрін айтпаса не деп сынар едік? Немесе «Парламент бар, Ұлттық құрылтай керек емес», – деп, осындай жиын өткізбесе не істер едік? «Неге ондай ұйым құрмайды?», - деп тағы да сын астына алар ма едік?
Менінше, ҰҚ-қа қатысты сынның үш негізі бар.
Біріншіден, оның құрамына «алуан түрлі пікірлі» жұртшылықтың көңілі толмайтыны рас. Елде билікке сын айтып, балама ой-пікір білдірсе де, мемлекеттік, ұлттық мүддені жақтайтын кұштер мен тұлғалар аз емес, жұртшылық соларды ҰҚ қатарынан көргісі келеді. Сонла ғана «Құрылтайдың құбыласы қай жақта?» деген сұраққа жауап табылар еді.
Айтпақшы, онсыз да ресми мінбесі бар депутаттардың онда не керегі бар, соны түсіне алмадым, бар мәселенні Парламентте айтпай ма?
Екіншіден, ҰҚ жұмысы жартылай жария өтіп жүр. Неге көпшілік онда болып жатқан қызу пікірталасты, әртүрлі позициялардың жанды бәсекесін тікелей эфирден көре алмайды? ҮҚ деген бір партияның жиыны емес қой?
Үшіншіден, президентіміздің: «Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосты. Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды» деген сөзімен келісе алмаймын.
Өз басым әзірше ондай ҰҚ-ның сондай «ұйыстырушы», «жұмылдырушы» мүшелерін көріп отырған жоқпын. Міне, ҰҚ отырысы өткеніне бірнеше күн болды, біз болсақ сонда қабылданған шешімдерді жан-тәнімен қолдап, негіздеп, қалың елге насихаттап жатқан екі-ақ адамды көріп отырмын. Олар -президенттің өзі мен мемлкеттік кеңесші.
Мұның өзі көп нәрсені аңғартса керек...