«Орыстан досың болса...» немесе «жоғары мәртебелі одақтас» пен оның «Орешнигі» туралы бірер сөз
Қоғамда, мемлекетте, әлемде болып жатқан оқиғаларға қатысты ақпаратты жан-жақты, яғни жақсы жағын да, жаман жағын да бірдей қабылдап, ой елегінен өткізуде бізге бір нәрсе жетпей ме деп қалдым. Көп жағдайда мәселенің байыбына бармай, елең еткізер бір оқыс тұсына қадалып қаламыз да, содан асығыс-үсігіс түйін түйіп, тиісті қорытынды жасай саламыз...
Сол тенденцияның жарқын мысалы солтүстіктегі көршіміз – Ресей президенті Путиннің Қазақстанға күні кеше ғана болған сапарына қатысты қоғамдық пікірдің сан-сақтан табылуы деп санаймын.
Алдымен айтарым: Қазақстанға кім келіп кетпей жатыр, мұндай сапарлар – кез келген мемлекет дипломатиясының ажырамас бөлігі. Ал мына сапарға, оның жеке тұстарына біраз жұрттың соншама шүйлігуінің саяси себебі сол: Путин басқарып отырған Ресей деген мемлекет – XXI ғасырда өзінің көршісі әрі бауырласына қарсы соғыс ашып, жаһан жұртына жеккөрінішті болған агрессор, басқыншы.
Меніңше, сапарды ұйымдастырушылар (екі жақты да айтып отырмын) дәл осы саяси, моральдық-психологиялық жайтты мейлінше ескеруі керек еді. Плюралистік қоғамның реакциясы қандай боларын, тіпті қарсы алып, шығарып салудағы детальдар қалай қабылдануы мүмкін екенін де алдын-ала болжауға болар еді. Бәлкім, сол кезде біраз адамның наразылығын туғызған кейбір жағымсыз жайттар болмас па еді, кім біледі.
Иә, дипломатиялық протокол деген бар, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мемлекеттік сапар – сапарлардың төресі, оның өзіне ғана тән мәртебесі мен «Қош келдіңіз!» деген транспаранттары болады. Иә, әлеуметтік желілерде трендке айналған «Жоғары мәртебелі» деген атақ шетел президенттерінің бәріне қатысты қолданылады. Онысы рас. Бірақ бәрін де ретімен, орынды, ағымдағы саяси жағдайды, елдегі ахуалды ескеріп, құда да, құдағи да тыныш болатындай қолға алуға болатын еді.
Тағы бір нәрсе айқын: президенттер, соның ішінде, басқа елге соғыс ашқан Путин келеді-кетеді, ал қазақ және орыс халық мәңгі көрші боп қала бермек. Бір басшыны жек көремін деп, тұтас бір халыққа тіл тигізуге болмайды. Меніңше, осы күндері боп жатқан аса қызу пікірталасқа қатысушылар дәл осы объективті шындықты ескергенде, бәлкім, көп нәрсе басқаша айтылуы мүмкін еді.
Жә, біз де желідегі хайп соңына түсе бермей, бұл сапардың мән-мазмұнына үңілейік (ресми есептерде бәрі баяндалған, ол ақпаратты қайталамай-ақ, кейбір тұсына ғана тоқталайын).
Кез келген сапардың ең маңызды құжаты – екі жақ келісіп қол қоятын бірлескен мәлімдеме. Танысып шықтым, басым бөлігі – бір-бірімен көрші әрі одақтас елдерге жарасатын және осындай сапарлар тұсында жазылуға тиіс байламдар.
Құжатта «Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарда дәйекті түрде нығайып келе жатқан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының одақтастық қарым-қатынастарының орнықтылығын атап көрсетіп, екі елдің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу негізінде (астын сызып отырған – мен) мемлекетаралық диалогты дамытуға уағдаласты».
«Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық» секілді бүгінгі геосаяси жағдайда аса өзекті құндылықтардың баса аталуы да – «мына көрші тағы не бүлдіріп қояды» деп алаңдаған көңілге демеу. Алайда, Ресей жағының Біріккен ұлттар ұйымының жарғысы мен Будапешт келісімшартына қарамастан Украинаға баса-көктеп кіргенін де ұмытпайық. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді мұндайда атам қазақ.
Ең бастысы сол: мәлімдемеде Украина мен Ресей арасындағы соғыс аталмаған, дәлірек айтқанда, проресейлік позиция қолданылмаған және де ресейлік дипломатиясының антибатыстық риторикасы атымен жоқ. Өз басым мұны қазақ дипломатиясының жеңісі деп санаймын.
Мәлімдеменің «Саяси диалог» атты тарауының 9-бабындағы «Тараптар екі елдің өзара сенімі мен егемендігін құрметтеу рухына қайшы келетін қоғамдық және ресми тұлғалардың жауапсыз мәлімдемелерін айыптайды» деген қағиадты ауық-ауық антиқазақтық мәлімдеме жасап қоятын ресейлік саясаткерлер мен журналистердің «құлағына алтын сырға» дерліктей екен. Әрине, бұл талап тек қана «соловьевтердің» аузын жабуға арналмағаны белгілі: біз жақтың да әсіре антиресейлік, шамадан тыс қызу қанды «қайраткерлеріне» шектеу қоятыны да түсінікті.
Путин Қазақстанды БРИКС-әріптес болуға шақыруында да үлкен мән жатыр: халықаралық оқшаулануға душар болған Ресей Қазақстан секілді көршісінің өзінің сыртқы саясаттағы бастамаларын қолдауға итремелегісі келетіні түсінікті. БРИКС қатарына кіруден бас тартқан Астананың жауабы Мәскеуді қанағаттандыра қоймағаны сезіліп-ақ тұр.
Содан болса керек, Путин өзінің милитаристік, антибатыстық ұстанымын өз елінде емес – Астанада, яғни сол күндері өткен ҰҚШҰ (ОДКБ) секілді ортақ ұйымның мінбесін пайдаланғысы келетін ап-анық көрініп тұрды. Бәлкім, ол да өз қарсыластарына көрсеткен бір сес болар: «Көрдіңдер ме, мен жалғыз емеспін, менің әріптестерім бар!».
Міне, бұл жолы да өзінің орта қашықтыққа ұшатын жаңа «Орешник» зымыраны туралы ойды ол дәл осы жерде, ҰШҚҰ саммитінде тағы да айтып қалды және жай айтқан жоқ, Ресей әскери-өнеркәсіп кешенінің басқалардан озық екенін жарнамалағысы келгендей болды.
Өзі ядролық қару санатына жатпаса да, «бірнеше «Орешникті» топтап ұшырса, оның күші ядролық қару қолданғанмен тең болмақ» және осы қарумен «Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтарға соққы жасалуы мүмкін» деуінде сес қана емес, қып-қызыл қоқан-лоққы жатса керек.
Екі ел арасындағы әлі талай уақыт өз маңызын жоғалтпайтын бір мәселе бар, ол – орыс тілінің жағдайы. Қарап отырсаңыз, бұл проблеманы Путин постосоветтік кеңістіктегі кез келген елге барғанда қозғайды. Керек десеңіз, Украинаға қарсы соғысты да ол кезінде «орыстілділердің құқын қорғау қажеттілігімен» ақтап алғысы келген.
Ресеймен шекаралас әлі ел ішінде үш миллионға жуық орыс диаспорасы өмір сүріп жатқанда Қазақстан жағы белгілі бір компромиске баруға мәжбүр болатынын көкірегі ояу, көзі ашық ағайын түсінетін де болар. Үлкен саясат, оның ішінде сан-салалы сыры бар сыртқы саясат әлеуметтік желідегі «батыл» посттармен немесе әсіре митингшіл айқай-шумен жасалмайтынын да түсінетін кез келді.
Еларалық тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанда АЭС салу бастамасы. Путин бұл жолы да «Росатомды» тықпалап, осы іске қатысуға әзір екенін айтты. Әдетте мұндай аса маңызды саяси шешімдер алдын-ала жария етілмейді. Соған қарағанда, бұдан бұрын президент Қ.Тоқаев айтқан «халықаралық консорциум» идеясы жүзеге асатын секілді. Дамыған, соның ішінде АЭС салуда тиісті тәжірибесі бар елдердің құрамасы болса, онда Ресей жағы монополияға ие бола алмайды. Бұл да геосаясаттың жеке бір саладағы көрінісі болмақ.
Сапар қарсаңы мен оның тұсында тақырыптың байыбына бармай, желіде жеңілтектік танытқан кейбір ұшқары пікірлерге Қазақстанның ресми (ішкі және сыртқы) саясатын насихаттауға тиіс БАҚ жүйесі тиісті жауап беруі керек еді. Өкінішке қарай, ресми пікір қатып-семіп қалған, қасаң ресми қалыптан аса алмай қалды. Әлеуметтік желілерде оның дауысы тіпті естілмеді.
Қаншама сөз бостандығын қорғасақ та, мемлекеттік, ұлттық мүддені сауатты, сабырлы да салиқалы түрде қорғай алатын, соның ішінде, басқа елмен жауласып қалуға жол бермейтіндей баршаға (соның ішінде, әртүрлі, рас-өтірігі беймәлім әңгіменің соңына еріп кете беретін аудиторияға) түсінікті ағарту жұмысын жүргізетін БАҚ жүйесі бізге ауадай қажет! Бұл жолы біз ондай жүйенің жұмысын көре алмадық.
Ал өз қоғамының ой-санасында орнын ойып алып, балама пікірлер жағдайында қиын-қиын тақырыптардың мән-жайын мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысынан түсіндіріп, сол құндылықтарды қоғам санасына орнықтыра алатын ақпараттық механизмдер болмаса, кез келген елдің болашағы бұлдыр және де бұл тұжырым Путиннің сапары себеп болып отырған сыртқы саясатқа ғана қатысты емес.
Әміржан ҚОСАН, саясаткер.