Қор көздің қарашығындай
Биыл Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық Банкке жыл соңына дейін «Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын» әзірлеуді тапсырды. Басқаша айтқанда - бұл бюджеттік ереже және оның түпкі мақсаты экономиканың өсуіне кедергі келтірместен Ұлттық қордағы қаржыны сақтап қалу.
Идея дұрыс, бірақ оның Үкімет тарапынан орындалуы қалай болады? Nege.kz сарапшылармен сөйлесіп көрген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстанның мемлекеттік қарызы аз болғаны және едәуір қорының арқасында індет салдарын біршама тиімді еңсерді деп баға берді де, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейгенін ескертті.
«Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс»
Еліміздің 2020 жылы Ұлттық қорға түскен қаржының 96 пайызын құртып тастағанын осының алдында жазған болатынбыз. Одан бөлек, Ұлттық қорға кетуі тиіс біраз ақша республикалық бюджетте қалып, Үкіметтің бірнеше жыртығын жамаған. Сарапшылар сонда «бұл бюджеттік ереженің жоқтығынан» деп ескерткен еді. Қазіргі жабайы саясаттың салдары ертең өзімізге ауыр тиетінін Ақорда да түсініп отыр.
«Бюджеттік ереже бірінші кезекте бюджет шығыстарын шектеуге қатысты болмақ. Осы орайда бюджет тапшылығын Ұлттық қордан түсетін трансферттермен жабу әдетін тоқтату керек», - дейді, TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы, экономист Арман Бейсембаев. «Өйткені тапшылықпен Ұлттық қордан ақша алу арқылы емес, бюджет шығыстарын оңтайландыру арқылы күресетін уақыт жетті. Бұл бірінші нәрсе».
«Екіншіден, үкіметке мұнай бағасының төмен жағдайында өмір сүруді үйренетін кез келді. Сондықтан, мысалы Ресей үлгісімен мұнайдың шетел валютасынан түсетін табысына қатысты ереже орнатудың еш зияны жоқ. Ресейде бюджетке мұнай баррелінен тек 40 доллар ғана түседі. Қалған артық ақша қорға аударылып отырады. Бізге де Ұлттық қордан әр мұнай баррелінен 40 доллардан артық ақша алуға тыйым салу қажет»
Ал «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов қызды-қыздымен трансфертерді мүлде тоқтатып тастау дұрыс емес деген пікірде. «Мен бұл мәселеге сәл басқа қырынан қарайтын едім. Ұлттық қордағы ақша дегеніміз не? Бұл шенеуніктер басқаратын ақша. Олар Ұлттық қорды басқарып, мысалы, Норвегия ұлттық қоры сияқты жоғары табыс көрсете алды ма? Экономиканы әртараптандыру үшін қолда бар ақшаны ұқсата білді ме? Қаншама индустрияландыру бағдарламаларының сәтсіздікке ұшырағанын көрдік. Басқаша айтқанда, біздің шенеуніктерге ақша беруге болмайды», - дейді, сарапшы.
«Біз әлемнің тез өзгеріп жатқандығын көріп отырмыз. Көмірсутек шикізатының маңызы төмендей бастайды. Қазақстанның мұнайдан табыссыз қалуын елестетудің өзі қорқынышты. Бұл ретте адами капиталға инвестиция салу керек еді. Ал бізде бұл жағдай керісінше. Халықтың табысы төмендеп барады. Азық -түлік шығындарының үлесі өткен жылы 54 пайызды құрады. Бұл антирекорд. Бұл Сахараның оңтүстігіндегі ең кедей елдердің деңгейі. Халықтың 80 пайызының басында несие бар. Біздің мемлекеттің халқы адам төзгісіз кедейлік жағдайында отыр»
Марат Қайырленовтың айтуынша, ОЭСР елдерімен салыстырғанда бізде ішкі жалпы өнімге шаққандағы әлеуметтік секторға жұмсалатын қаржы үлесі 10 пайызға аз. Сондықтан, Ұлттық қор трансферттерінен мүлдем бас тарту қисынсыз болады.
«Онда кедей халық бір жағада, Ұлттық қор мен оны басқарып отырған шенеуіктер екінші жағада қала береді. Сондықтан бюджет ережесіне өте сақ, оны қолданғанда абай болу керек»
Ең бастысы Президент бүгін проблемаға назар аударды. Оның нақты нәтижесі биыл көрінуі тиіс. Егер Ұлттық қорға түсетін түсім артып, ал одан алынатын ақша нөпірі азайса – Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуы нақты нәтиже берді деген сөз. Ендігі доп Үкіметте. Ол бюджеттік ережеге қандай параметр енгізеді? Үкімет өзіне ыңғайлы трансферт үлесін сақтап қалса, бюджеттік ереже енгізілгеннен жағдайдың өзгермейтіні түсінікті. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлының үміті тағы да желге ұшпақ.
Жалпы, Үкіметтің Қазақстанды сыртқы және ішкі қарыздарға тоғытуға деген бейімі бар екенін байқаймыз. Және Ұлттық қор трансферттеріне көп сенетіні анық көрінеді. Бұл трансферттік масылдыққа алып келуі мүмкін. Трансферттер – экономикалық тиімділікті артқа тартатын фактор болып отыр. Үкімет трансфертке сеніп, ішкі резервтерді іздеуін қойды.
Былтырғы жолдаудағы тапсырмалардың орындалуы бойынша ешкім есеп бермегенін көрдік. Орындалмаған тапсырмалар үшін кінә арқалаған жан табылмады. Биылғы Жолдаудың сұрауы қатаңдау бола ма? Ол Ақорданың өзіне байланысты.
Ұлттық қор активтері қандай жағдайда?
Осы айда әлемдегі барлық ұлттық қорлар теріс инвестициялық табыс алды. Біз үшін эталон болып саналатын Норвегияның суверенді қоры биылғы бірінші жартыжылдықта 174 миллиард доллар шығынға ұшырады. Ал Швейцария Ұлттық банкінің шығыны 100 миллиард долларға жетті. Жалпы, Норвегия қорының активтері жыл басынан бері 5,5 пайызға азайып кетті. Суверенді қордың қаржысы шетелдік акцияларға, облигацияларға, жылжымайтын мүлік пен жаңартылатын энергия жобаларына инвестицияланған еді.
Жоғары ставкалар дәуірінде акцияларға деген қызығушылықтың төмендейтіні заңды. Сондықтан жыл басынан бері акциялардың құлдырауы АҚШ Федералды резерв жүйесінің базалық ставканы сатылай өсіріп келе жатқанымен тікелей байланысты. Дәл осы кезде инвестор үшін акцияға қарағанда тұрақты, әрі қазіргі жағдайда жоғары табыстылық бере алатын облигацияларға ауысқан әлдеқайда тиімді. Акциялар құлағандықтан, активтерін сол акцияларға салып қойған суверенді қорлар шығынға батуда.
Біздің Ұлттық Қор үлкен табыстан көрі тұрақтылық, яғни ақшаны сақтап қалудың консервативті принциптерімен жұмыс істейді. 2022 жылы осы принцип өз нәтижесін берді. Ұлттық қордың активтері доллармен есептегенде бір айда 1%-ға өсті, бірақ жыл басынан бері 2,7%-ға төмендеу байқалады. Біз басқа қорлар сияқты жүз миллиардтап шығынға отырған жоқпыз. Себебі, біздегі активтердің басым бөлігі құбылып тұратын акциялар емес, тұрақты табыстылығы бар облигацияларға салынған еді.
Соңғы 5 жылдың кезеңімен есептесек, Ұлттық Қор 4,76% плюсте келеді. Егер 2022 соңына таман акциялардың құлау дәуірі аяқталса, онда Ұлттық Қор қайтадан жоғары табыстылық кезеңіне аяқ басатын болады.
Орташа жылдық мәнін алып қарасақ, Ұлттық Қор құрылғалы бері оның жылдық табыстылығы 3,05% деңгейін көрсеткен. Тұрақты өсу жолындамыз деуге болады. Кезінде біздің Ұлттық Қорды басқару үлгісін Норвегия сияқты табыс таппайды деп сынағандар аз болмады. Бірақ енді консервативті тұрақтылықтың жемісін жей бастадық.
Сондықтан тәуекелді дұрыс бағамдай білген Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігіне рахмет деу керек.