«Контрабас» біздің өмірмен қаншалықты ұштасады?
Әуезов театры тағы бір моноспектакльдің тұсауын кесті. Қазақ ұлттық драма театрының кіші залында сахналанған қойылым «Контрабас. Жалғыздық. Жаңа жыл түні» деп аталады.
Неміс драматургі Патрик Зюскиндтің «Контрбас» пьесасы негізінде қойылған шығарылымның режиссері Малика Кәтей болса, аударған – Мәдина Омарова. Ал басты рөлді сомдаған театрдың талантты актері – Ермек Бектасов.
Айта кетейік, «Контрабас» әйгілі «Парфюмер» романынымен танымал Зюскиндтің алғашқы туындысы. Оркесторда қызмет жасайтын 35 жасар контрабасшының жеке ойын жеткізетін жалғызактерлік қойылым адам санасындағы қарама-қайшылықты боямасыз бейнелейді. Шығарылымда пайда табудың жолына түсіп, фальш қумаған, өнерге адал таланттардың жанайқайы қылаң береді. Томаға тұйық кейіпкер тіпті сүйіктісі Сараның бойындағы қасиетті де қолындағы аспабынан табуға тырысады. Себебі сонымен ғана сырласып, тілдеседі.
Алғаш Мюнхен театрында көрерменге ұсынылған бұл қойылым Еуропадағы ең танымал театр туындыларының біріне айналды. Міне, содан бері арада қанша жыл өтсе де әлем сахналарының төрінен түспей келеді.
Бір қызығы, премьераның жарыққа шығуына Малика Кәтейдің өзі себепші болған екен. Жас режиссер дипломдық жұмысы саналатын спектакльде Бектасовтың ойнауын құп көріпті.
«Сценариді оқып көрген бетте маған бірден ұнады. Сөйтіп ойнауға келісімімді бердім. Арасындағы біраз жерлерін қысқартуымызға тура келді. Бір қызығы біздің театрда бұрын оркестр болған екен. Содан қалған контрабас кәдемізге жарай кетті. Осылайша қойылым сәтімен жарыққа шықты», – дейді актер.
Дегенмен бұл Бектасовтың беделін көтерген алғашқы монодрама емес. Бұған дейін Дидар Амантайдың «Біреудің өмірі» пьесасында жалғыз өзі төбе көрсеткендіктен, актер үшін моно-қойылымның жүгі ауыр болды деуге келмейтіндей. Ал өзі бұл жолғы спектакльдің ерекшелігін – бүгінгі күннің бет-бейнесін суреттейтіндігімен байланыстырады.
«Көп адамдардың ішінде үнсіздік болады. Оны күнделікті өмірде депрессия, жалғыздық немесе апатия деп жатамыз. Шындықты айтудан жасқанамыз. Қорқамыз және тәуелді боламыз. Бағынамыз әрі жағынамыз. Туындыдағы кейіпкердің бойынан осыны анық көруге болады. Бір өкініштісі – қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамда ондай адамдар көп. Анығын айтқанда, кейіпкердің бойындағы кейбір мінез өзімнің де бойымда қылаң береді», – дейді ағынан жарылған Бектасов.
Иә, контрабасшының жанайқайы бүгінгі өнерпаздардың іштегі запыранымен астасып жатқандай. Себебі, бұл аспапта ойнайтын музыканттардың оркестор соңында тұруы жазылмаған заңдылық. Олар жүрек қылын шертетін құдіретті музыканың жоғары деңгейде шығуына қанша ат салысса да жан баласы елей бермейді. Сондай-ақ контрабасшылар ешқашан солист болып жеке дара өнер көрсете алмайды.
«Өмірде де еңбегі еленбей қалатын ондай адамдар өте көп. Мәселен, өнер сахнасынан түспей жүрсе де зейнет жасына жеткенде ғана атаққа әрең қолжеткізетін замандастарымыз бар. Бұл Зюскиндтің әлі де мағынасы мен мәнін жоя қоймаған шындығы».