USD
USD
USD

Брокер орташа табысы бар отбасыларға тиімді үш ипотекалық бағдарламаны атады

Елде баспана бағасы шарықтап тұрған шақта қарапайым қазақстандық үшін үй алу бұрынғыдан да қиындай түсті. Жалдамалы пәтерге табысының жартысын жұмсайтын тұрғындар ипотекалық бағдарламаларға үміт артқанымен, жоғары пайыз бен қомақты бастапқы жарна көпшіліктің қалтасына салмақ салып отыр. Елорда тұрғыны, екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Азиза да бірнеше жыл пәтерден пәтерге көшіп жүріп, ақыры ипотека арқылы баспана алуға бел буғандардың бірі.

.
Фото: NEGE/ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. 30 жастағы Азиза бірнеше жыл бойы жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп жүр. Екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананың ай сайынғы табысының жартысы пәтерақыға кетеді. Өзі дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Жалақысы – 400 мың теңге. Бір бөлмелі пәтер үшін отбасы ай сайын 200 мың теңге төлейді. Бұған қоса коммуналдық қызмет ақысына 20 мың теңге жұмсалады. 100 мың теңгені азық-түлік пен жол шығынына кетірсе, қалған 80 мың теңгені баспана алу үшін жинап жүрген. Біраз уақыт ақша жинап, түрлі банктің ипотекалық бағдарламаларын салыстырған ол ақыры үй алуға бел буды.

«Қазір баспана алу бұрынғыдан әлдеқайда қиын. Баға күн сайын өсіп жатыр. Бір банктің пайызы төмен болғанымен, бастапқы жарнасы көп. Ал екіншісінде рәсімдеу жеңіл, бірақ ай сайынғы төлем жоғары», – дейді Азиза.

Шынында да, соңғы жылдары елдегі тұрғын үй нарығы айтарлықтай өзгерді. Әсіресе ірі қалаларда баспана бағасы қымбаттады. Сарапшылар мұны қала халқының көбеюімен, урбанизациямен және жаңа тұрғын үйлерге деген сұраныстың артуымен байланыстырады. Құрылыс қарқыны күшейгенімен, пәтер бағасы қарапайым азаматтардың қалтасына ауыр тиіп отыр.

Осы орайда «Қандай банктен ипотека алған тиімді?» деген сауалды ипотекалық брокер әрі жылжымайтын мүлік маманы Темірлан Темірбековке жолдадық. Оның айтуынша, бүгінде халық арасында жоғары сұранысқа ие бағдарламалардың бірі – «7-20-25».

.
Темірлан Темірбеков

«Мен ең тиімді үш бағытты атап өтер едім. 

  1. Біріншісі – Отбасы банк арқылы берілетін «Елорда жастары» бағдарламасы. Бастапқы жарна – 10 пайыз. 20 миллион теңгеге дейін қаржыландырылады. 
  2. Бұдан кейін екінші деңгейлі банктер ұсынатын бағдарламалар бар. Атап айтқанда, Bank CenterCredit, Halyk Bank, Freedom Bank Kazakhstan секілді қаржы ұйымдары «7-20-25» бағдарламасын ұсынады. Бұл да тиімді бағдарламалардың бірі. Мысалы, құрылыс компаниясынан құны 30 миллион теңге болатын пәтер сатып алсаңыз, бастапқы жарнасы 6 млн теңге, сонда 25 жылға ай сайынғы төлем шамамен 170 мың теңге болады. Бағдарлама 63–68 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Ипотека рәсімдеу үшін ай сайынғы табыс көлемі орта есеппен 350–400 мың теңге болуы керек. Егер табыс жеткіліксіз болса, кей банктер кепілгер немесе ортақ қарыз алушыны қосуға мүмкіндік береді. 
  3. Нарықтағы тағы бір танымал бағдарлама – Отбасы банк ұсынатын «Наурыз» ипотекасы. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі: банк депозитінде алдын ала қаражат жинау қажет. Яғни, бағдарламаға қатысу үшін белгілі бір уақыт бойы жинақ жасап, конкурс талаптарынан өту керек. Алайда мұндағы ай сайынғы төлем көлемі жоғарырақ. Мәселен, бағасы 30 миллион теңге болатын пәтер үшін төлем шамамен 303 мың теңгеге жетуі мүмкін.

Ал қайталама нарықтан үй алғысы келетіндер үшін стандартты ипотекалық бағдарламалар қарастырылған. Екінші деңгейлі банктерде бастапқы жарна көбіне 20 пайыздан басталса, Отбасы банкте бұл көрсеткіш 50 пайыз. Сонымен қатар депозитте жинақ болуы талап етіледі.

Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық мөлшерлеме жылына шамамен 20–22 пайызды құрайды. Сондай-ақ бүгінде табысын ресми түрде растай алмайтын азаматтарға да ипотека беру қарастырылған. Бірақ мұндай жағдайда бастапқы жарна көлемі пәтер құнының 40–50 пайызы болуы тиіс.

Бұған қоса, биыл банктердің скоринг жүйесі де өзгерді. Яғни, енді несие тарихын бағалау кезінде микрокаржы ұйымдарындағы немесе ломбардтағы бұрынғы қарыздар мен кешіктірілген төлемдерге ерекше назар аударылады. Тіпті 2–3 жыл бұрынғы берешектер де ипотеканың мақұлдануына әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар букмекерлік кеңселермен жиі байланысы бар, спорттық бәс тігуге әуес азаматтарға да кей банктер несие беруден бас тарта бастаған.

Бұған қоса, биыл 1 шілдеден бастап қайталама тұрғын үйге арналған ипотекалық бағдарламалар уақытша тоқтатылып, пайыздық мөлшерлемелер қайта қаралуы мүмкін. Сондай-ақ табысты растаусыз берілетін ипотекаларға шектеу қойылуы ықтимал. Ал скоринг жүйесі енді соңғы бес жылдағы қаржылық тарихты есепке алмақ.

Бастысы, несие тарихы таза, қаржылық тәртібі тұрақты азаматтар үшін бұл өзгерістер тиімді болуы мүмкін. Сондықтан баспана алуды жоспарлаған адам ипотеканың шарттарын мұқият зерттеп, өз мүмкіндігін нақты бағалауы қажет.

Тиімді бағдарлама таңдап, артық шығынға ұрынбау үшін мамандар кеңесіне жүгінудің маңызы зор», – деп түйіндеді брокер.

Сонымен қатар қазір азаматтар баспана сатып алар кезде тек пәтердің өзіне ғана емес, оның орналасқан ауданына да мән бере бастады. Әсіресе мектептің жақын болуы, жол сапасы, автотұрақ, қоғамдық көлік қатынасы және ауданның алдағы даму мүмкіндігі басты назарға алынады, дейді жылжымайтын мүлік орталығының сату менеджері Жандос Амантай.

.
Жандос Амантай

«Бұрын адамдар көбіне пәтердің бағасы мен шаршы метріне ғана қарайтын. Қазір тұрғындар үйдің айналасындағы жағдайға да көңіл бөледі. Себебі бұл – күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.

Сондай-ақ бүгінде құрылыс компаниялары арасындағы бәсеке күшейген. Соған байланысты олар сатып алушыларды тарту үшін бөліп төлеу, жеңілдіктер мен түрлі акциялар ұсынып жатыр. Кейбірі алғашқы жарнаны азайтса, енді бірі жөндеу жұмыстарын немесе жиһазды сыйлық ретінде береді», – дейді маман.

Оның сөзінше, қазір Астана қаласындағы тұрғын үй нарығы әлі де белсенді. Бағаның өсуіне қарамастан, баспанаға деген сұраныс төмендеген жоқ. Өйткені халық жылжымайтын мүлікті әлі де қаржыны сақтап, тиімді инвестиция жасау құралы деп түсінеді.

 

Жазған Әйгерім Кабиденова

Қазір оқып жатыр

15 мамырда Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтеді

депуттар

Депутат Қазақстанда тағы бір тілді ресми тіл ретінде тануды ұсынды

 Екатерина Смолякова

Полиция полковнигі Данияр Мейірхан сталкинг бойынша күдікке ілінген

Данияр Мейірхан

«15 мың төлеймін, бірақ интернет жоқ»: депутат интернет сапасына шағымданды

үй интенет