Депутат Қазақстанда тағы бір тілді ресми тіл ретінде тануды ұсынды
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық деңгейде тануды ұсынды.
Астана, NEGE. Депутат келтірген дерекке сүйнесек, Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам тұрады, оның 5 мыңға жуығы – балалар.
Жыл сайын елімізде мүгедектігі бар азаматтардан құқығы бұзылуына байланысты құқық қорғау органдарына 45 мыңнан астам өтініш түседі екен.
«Бұл – жай статистика емес. Бұл – қоғамнан шет қалып отырған адамдардың дауысы. Олар үшін ымдау тілі – жай қарым-қатынас құралы емес. Бұл – олардың әлеммен байланысы. Бұл – олардың тілі. Бірақ парадокс мынада: Қазақстанда ымдау тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде мойындалмаған. Салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр. Бұл — тең мүмкіндік мәселесі», – дейді Смолякова.
Депутаттың пікірінше, Қазақтандағы жоғары оқу орындарында осы санаттағы небәрі 185 адамның білім алуы елімізде қолдау жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондай-ақ ол Әлеуметтік кодексте ымдау тілі тұлғааралық қатынас құралы ретінде танылмағанын атап өтті.
«Нәтижесінде ымдау тілі дербес қарым-қатынас тілі ретінде қарастырылмай, тек сурдоаударма қызметі шеңберінде қарастырылады. Яғни мемлекет сурдоаудармашының қызметін ғана мойындап отыр», – деген Мәжіліс депутаты толыққанды инклюзивті қоғам құру үшін қазақ тіліндегі қолжетімді ортаны да қатар дамыту керек деп есептейді.
Бұл ретте Смолякова ымдау тіліне мемлекеттік мәртебе берген Жаңа Зеландия мен оны Конституцияда бекіткен Финляндия тәжірбиесін мысал ретінде келтіріп өтті.
Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға сабақ беретін сурдопедагогтардың саны небәрі 221 маман, бұл мамандарды елімізде тек 4 жоғары оқу орны дайындайды. Ал осы мамандықта бар болғаны 35 адам оқиды екен.
Бұған қоса дептут есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына тек 60-ақ сағат сурдоаударма қызметі берілетініне тоқталып өтті.
«Тағы бір мәселе — ақпараттық қолжетімділік. Телеарналар тәулігіне сурдоаудармамен немесе субтитрмен тек жаңалықтар бағдарламасын көрсетуге міндетті. Оның өзі көбіне сағат 16:00 мен 22:00 аралығында ғана көрсетіледі. Бірақ адамға тек жаңалық жеткіліксіз ғой. Білім керек. Мәдениет керек. Қоғамдық өмірге араласу керек. Ал бүгінгі таңда көптеген подкасттар, сұхбаттар, деректі фильмдер, театрлар мен музейлер есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін әлі де қолжетімсіз», – деп атап өтті Смолякова.
Осыған байланысты депутат үкіметке ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық деңгейде тануды ұсынды. Сондай-ақ ымдау тілінің білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет және БАҚ салаларында қолданылуына нақты кепілдік беру, сурдоаударма қызметінің лимитін қайта қарау қажет екенін баса айтты. Бұдан бөлек сурдоаудармамен және субтитрмен берілетін контент көлемін арттыру және сурдопедагог мамандарын даярлау көлемін ұлғайту мәселесін шешу ұсынылды.