«Көк көрпенің бүлкілі» сияқты кешенді бағдарламалардың жоқтығы алаңдатады» – Демограф

Адам капиталы – мемлекеттің басты байлығы. Мемлекеттегі халық саны елдің ішкі тұрақтылығы мен болашақ әлеуетін айқындайтын маңызды фактор. Жуырда Қазақстан халқының саны 20 миллиондық межеден асқаны туралы қуантарлық жаңалық тарады. Сан артқанымен, сапаны сақтау, өңірлер арасындағы теңсіздік пен көші-қон көрсеткіштерінің тұрақсыздығы сияқты түйткілдер демография тақырыбын күн тәртібінен түсірмей тұр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 тамызға қарай елде халық саны 20 407 844 адамға жетті. Оның ішінде 12,9 млн адам – қалада, 7,4 млн ауылда тұрады. Алайда Ұлттық статистика бюросы биыл халық санының өсімі өткен жылдарға қарағанда баяулағанын айтады.
Елдегі халық санының өсімін ұстап тұруда қандай саясат қажет? Бүгінгі күні демографиялық ахуал жайында демограф Шынар ТӨЛЕШОВАНЫ әңгімеге тарттық.

«Халықтың демографиялық мінез-құлқына әсер еткен жайттар бар»
– Қазақстан халқының 20 миллионға жеткен жаңалығын тарихи меже деп айта аламыз ба?
– Әрине. Бұл жаңалық Қазақстан үшін тарихи меже, тарихи жаңалық болды. Демография саласында әр миллиондық пен 5 миллиондық көрсеткіш тарихи меже ретінде бағаланады. Халықтың көбеюі экономика көлемінің үлкен болуына, жаңа кәсіпорындар ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге серпін береді. Сондықтан, бұл көрсеткішті тарихи меже деп қана емес, елдің дамуындағы стратегиялық маңызды кезең деп айтар едім.
– Халық санының өсу динамикасы қалай?
– Халық санының өсуі, ең алдымен, үш негізгі демографиялық факторға байланысты: туу, өлім-жітім және көші-қон. Ал туу мен өлім-жітімнің ара қатынасын біз табиғи өсім деп атаймыз. Егер туғандар саны қайтыс болғандардан артық болса, халық табиғи түрде көбейеді. Керісінше жағдайда кему байқалады. Қуаныштысы, Қазақстанда халықтың артуы осы табиғи өсім есебінен болып отыр. Елімізде 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта көші-қонның теріс сальдосы байқалды. Сондықтан, осы жылдарда көші-қон халық санының өзгеруіне оң әсер ете қойған жоқ.
Мәселен, 1999 жылы елімізде туу деңгейі өте төмен болды. Сол жылдары әрбір әйелге орта есеппен 1,8 баладан ғана келген. Бірақ 2000-жылдардың басынан бастап елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсті. Бұл жағдай халықтың демографиялық мінез-құлқына да әсер етіп, 2005 жылдан бастап туу көрсеткіші өсе бастады. Жалпы, халық санының тұрақты өсуіне туу көрсеткішінің артуы үлкен ықпал етті.

– Қазақтың саны қайтсек көбейеді деп жүрміз ғой. Ал, Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылым жағдайы қалай?
– Бұл сұрақты қарастырғанда, ең алдымен өңірлік теңсіздік мәселесі алға шығады. Әсіресе, Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларға халықтың шамадан тыс шоғырлануы мектеп, аурухана, баспана сияқты әлеуметтік инфрақұрылымдарға үлкен салмақ түсіріп отыр. Бұл қалаларда қажетті нысандар саны халық сұранысын толық қамтамасыз ете алмай, сапалы өмір сүруге қолайсыздық туғызуда.
Мұндай жағдайдың негізгі себебі – өңірлердегі инфрақұрылымның артта қалуы. Ауылдық жерлерде сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділік төмен. Жастар жоғары оқу орындары мен жақсы жұмыс іздеп қалаға бет алса, ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары сапалы медициналық көмек үшін ірі қалаларға көшуге мәжбүр. Мәселені шешу үшін ауыл-аймақтағы білім, медицина, тұрғын үй және әлеуметтік қызметтерді дамытуға жүйелі түрде инвестиция салу қажет деп ойлаймын.
«Келесі миллионға 2028-2029 жылдары жетеміз»
– Демографиядағы оң көрсеткіштерді ұзақ мерзімде ұстап тұру үшін қандай саясат қажет?
– Ол үшін кешенді, салааралық байланысқа негізделген саясат қажет. Турасын айту керек, қазіргі таңда елімізде нақты демографиялық саясат жүргізіліп отырған жоқ. 1990-2000 жылдардың басында халық санының төмендеуіне жауап ретінде арнайы демографиялық агенттіктер құрылып, олардың басты мақсаты халық санын арттыру болды. Осы кезеңде туу көрсеткішін ынталандыру, шетелдегі қандастарды елге көшіру сынды шаралар нәтиже беріп, демографиялық өсімге қолымыз жетті. Бірақ 2000 жылдан кейін халық санының өсуі тұрақталып, демографиялық саясат тоқтап қалды.
Десе де, Мақаш Тәтімов бастаған бірқатар демографтардың тұжырымдасы елдің қазіргі жағдайына сәйкес келмейді. Биліктің бүгінгі күні басты мәселесі – халықты көбейту емес, оның сапалық құрамына, өмір сүру сапасына көңіл бөлу. Халық арасында демографияны тек туу көрсеткішімен өлшеу дұрыс емес. Ол туылған балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқаны, олардың денсаулығы, білімі – елдің болашағына әсер ететін маңызды факторлар. Сондықтан да, демографияның санынан сапасына мән беріп, нақты стратегияға көшетін кез келді.

– Ақын Бақыт Беделхан бір сұхбатында «Біз қазақ – 30-40 миллионға барған халықпыз» десе, жазушы Ақберен Елгезек те бір пікірінде «менің пайымдауынша, Қазақстан халқы 30 миллионнан көп» деп топшылайды. Бұл болжамның негізі бар ма?
– Демография – нақты дерек пен дәлдікті талап ететін ғылым. Ғылымда халық санына қатысты кез-келген мәлімдеме тек ресми мәліметтерге сүйеніп айтылуы керек. Қазіргі таңда мұндай ақпараттың жалғыз көзі – Ұлттық статистика бюросы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықты тіркеу жүйесінде кемшіліктердің болғаны рас. Алайда қазіргі уақытта бұл бағыт едәуір жетілді. Туу мен өлім-жітім көрсеткіштері ай сайын тіркеліп, арнайы орталық базаға енгізіледі. Жорамалға емес, жүйеге сенетін уақыт келді. Сондықтан «Қазақстанда 30-40 миллион халық бар» деген сияқты пікірлер негізі жоқ бос болжам ғана.
– Демографиялық болжам бойынша Қазақстан ендігі миллионға қай жылы жетпек?
– Қазақстандағы демографиялық болжамдар 2050 жылға дейін жасалып отыр. Орта есеппен еліміздегі халық саны жылына шамамен 250 мың адамға артып отырады. Осы қарқынмен есептегенде, келесі миллиондық межеге шамамен 4 жылдан кейін, яғни 2028-2029 жылдары жетеміз деген болжам бар. Соңғы екі жылда көші-қонның да үлесі айтарлықтай артты. Бұған көрші елдердегі геосаяси жағдайлар мен қандастарды елге қайтару үдерісінің жандануы себеп болды.
«Біз ең бірінші ауылдағы жағдайды түзеуіміз керек»
– Төртінші мегаполис қай қала болуы мүмкін?
– Қазір Алматы мен Астанада халық өсіміне байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекет жоспарына сәйкес, төртінші мегаполис Ақтөбе қаласы аталды. Дегенмен, қазіргі деректер бойынша Ақтөбенің халық өсімі қарқынды деп айту қиын. Мәселен, 2025 жылғы есеп бойынша Ақтөбеде 500 мың адам болса, Атырауда 400 мың, Ақтауда 300 мың адам бар. Өсу қарқыны бойынша Ақтау қаласы алда болғанымен, әзірге бұл қалалардың ешқайсысы миллиондық межеге жете қойған жоқ. Мегаполиске экономикалық даму мен өзге өңірлерден халықты тарту көрсеткіштері де маңызды рөл атқарады.
– Президент жолдауында: «Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс», – деді. Бұған не дейсіз?
– Президент жолдауындағы бұл бастама – дер кезінде қабылданған шешім. Қазір біз ресми статистика ретінде тек Ұлттық статистика бюросының тіркеу деректеріне сүйенеміз. Ол жерде тек тіркеуге тұрған немесе тіркеуден шыққан азаматтар есепке алынады. Алматы, Астана секілді мегаполистерде азаматтардың көп бөлігі 5-10 жылдап тіркеусіз тұрып, жұмыс істеп жүрген жағдайлар жиі кездеседі. Сол сияқты, көрші елдерден немесе өңірлерден келіп уақытша жұмыс істейтіндер де бар. Олардың нақты есебі кейде тіркелмегендіктен статистикаға енбей қалады.
Бірыңғай цифрлық жүйе халықтың көші-қон қозғалысын, еңбек нарығындағы белсенділікті, әлеуметтік төлемдердің қай өңірден төленіп жатқанын нақты көрсетеді. Мәселенің бір ұшы халықтың өңірлерден үдере көшуінде болып отыр. Жоғарыда айтып өткендей, әлеуметтік теңсіздікке ұшырайтын топтар, көбінесе, ауылдық жерлерде тұрады. Көштің бастапқы нүктесі – ауылдан басталса, біз ең бірінші ауылдағы жағдайды түзеуіміз керек.

Мемлекет дамуының негізі – адам. Ал демография – тек халық санының өсуі емес, адами капиталдың өзегіне айналған маңызды сала. Бізге дерек пен сараптамаға негізделген ұзақ мерзімді демографиялық стратегия құру қажет. Бұл ұстанымды демограф-ғалым, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған Мақаш Тәтімов атап өткен. Оның «көк көрпенің бүлкілі» сынды кешенді бағдарламалардың бүгінгі күні жоқтығы да алаңдатады. Демографияны статистика ретінде емес, стратегиялық маңызды ресурс ретінде қарастырып, кешенді жоспарлау мен нақты шаралар арқылы ғана ел болашағын бекемдеуге болады. Ол үшін ұлт тағдырын айқындайтын салаға жауапты өкілдер бұған салалық емес, ұлттық мүдде деңгейінде қарауы тиіс.
Сұқбаттасқан Ақжүніс Нұртаза.