USD
USD
USD

Депутат Жаңбыршин қызына қатысты қауесетке пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазба жариялап, қызын ЛГБТ қауымдастығымен байланыстырып жатқандарға жауап берді. 

Депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Бұған журналист Динара Егеубаеваның Facebook желісіндегі жазбасы себеп болған. Бірнеше күн бұрын журналист жеке парақшасында Жаңбыршиннің қызы қатысқан сән көрсетілімінен модельдердің фотоларын жариялап, депуттаттың қызының батыстық көзқарасына шүйлікті.

«Жаңбыршиннің қыздарының бірі Милан мен Лондонда білім алған модельер екенін біліп пе едіңіздер? Бірақ "ЛГБТ насихатына" қарсы күресіп, дәстүрлі құндылықтарды қорғаушы адам үшін өз баласының гендерлік шекаралары бұлыңғыр саладан мамандық таңдауы "басқаша" қабылданса керек. Ол "батыс құндылықтарынан" ешқандай экзистенциалды қауіп көрмесе керек. Яғни, оның отбасы еркіндік пен өркениет ауасымен тыныстауға лайық та, ал бізге – қасапхана мен дискриминация ма?» – деп жазды журналист.

Ал депутаттың өзі бұл мәлімдемені «ақпараттық шабуыл» және «ашық манипуляция» деп атады. 

«Заң жобаларына қатысты нақты уәж айта алмағандар енді әңгімені әдейі басқа арнаға бұрып, отбасымды араластыруға көшті.

Қызым Айтаңсықтың Алматы Fashion Week аясында ұсынылған авторлық коллекциясынан санаулы кадрды жұлып алып, оны ЛГБТ тақырыбымен байланыстырып, қоғамды адастыру әрекеті жүріп жатыр. Бұл – ашық манипуляция», – дейді Жаңбыршин.

Депутат журналистің жазбасын «мәдениетті қаралау» деп бағалап, ол айтып өткен сән көрсетілімінде ХХ ғасыр өнерінің өкілі Луиза Буржуа тұлғасы мен тағдырына арналған философиялық мәні бар коллекция ұсынылғанын алға тартады. 

«Ал соның ішінен 2–3 образды бөліп алып, оған бөтен мағына жапсыру – өнерді түсінбеу ғана емес, әдейі бұрмалау, мәдениетті қаралау.  Бұл – "жаптым жала, жақтым күйе" тәсілімен жасалған саналы ақпараттық шабуыл», – деп жазды депутат.

Жаңбыршиннің пікірінше, «нақты аргументі жоқ топтар экология мен жануарлар мәселесіндегі пікірталаста жеңіліп, енді ЛГБТ факторын араластырып, отбасын құрал ету арқылы қысым жасауға көшкен». 

«Бұл – пікірталас емес. Бұл –  қаралау технологиясы.

 

Біздің позициямыз анық. Біз гуманизмнен бас тартпаймыз. Қоғамның басым бөлігі қолдаған заң нормаларын қабылдаймыз және сол жолда табанды жұмыс істейміз. Ал жеке өмірді саяси құралға айналдырғандарға келсек, оған қоғам да, заң да өз бағасын береді», – деп түйіндепті ойын депутат.

Еске салсақ, 8 сәуірде Мәжіліс қаңғыған жануарларды эвтаназиялау туралы заңды мақұлдады. Бұл заң жобасын депутат Еділ Жаңбыршин бастаған топ әзірлеген. Жаңа нормаларда жануарлар санын реттеу үшін эвтаназия рәсімін енгізу және ұсталған жануарларды табиғи ортасына қайта жіберуге тыйым салу қарастырылған. Бұл норма қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жануарларды қорғаушылар адамдарға көбіне қаңғыған иттер емес, үй жануарлары шабуыл жасайтынын алға тартуда. 

Бұдан бөлек Жаңбыршиннің есімі ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң жобасына байланысты көп аталды. Ол тек парламент мінберімен шектелмей, әлеуметтік желілерде де қарсыластарымен өткір айтысқа түсті. Facebook-тағы сондай жазбаларының бірі сотқа дейін жетті.  

Қазір оқып жатыр

Арқалықта полицейлер қай көлікті тоқтатпау керегін арнайы чаттан біліп отырған

.

Мотокросстан Қазақстан Республикасы Чемпионаты өтеді

мотокросс

Сарбаз Қазыбек Оспановтың қазасына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Қазыбек Оспанов

Астанада тұрғын үй кешенінің төбесінен құлап кете жаздаған жігіт қамауға алынды

Жас жігіт