Қызық ПАРЛАМЕНТ
Қарап отырсам, бұл өзі қызық әрі қиын тағдырлы парламент болайын деп тұрған сияқты. НЕГЕ дейсіз бе?
Біріншіден, алты партия енсе де, заң шығарушы органы акцияларының бақылау пакеті кешегі «Нұротан», бүгінгі «Аманаттың» қолында қалды. Бұл дегеніңіз – «баяғы жартас, сол жартас» деген сөз. Сайлаудың қалай өткенінің өзі Жаңа Қазақстан ескі аурулардан арыла алмай келе жатқанын тайға таңба басқандай көрсетті. Сайлау комиссияларының құрамын билік бақыламағанда, ол партия соншама дауыс алуының өзі неғайбыл болды емес пе?
Екіншіден, парламентке енген алты партия ендігі жерде өздерін қалай, қай жағынан таныта алады? Бәрі де баяғыдай ұсақ-түйек мәселелерге қатысты билік партиясына жеңіл-желпі сын айтумен ғана шектеле ме әлде шын мәнінде партияаралық бәсекені танытып, отандық парламентаризмнің тасын өрге домалата ала ма? Өз басымның оған үлкен күмәнім бар, өйткені сайлау процесі толығымен билік қолында болғандықтан, ол партиялар парламентке белгілі бір келісім негізінде келді.
Әрине, биліктің саяси технологтары да бүгінде осал емес. Бәлкім, Ақордаға ұнамаған министрді не тұтастай үкімет құрамын құрбандыққа шалып жіберуі де ықтимал. Оны қалың жұртшылық «шынайы демократия» деп қабылдап, ду қол шапалақтауы әбден мүмкін.
Сондықтан да, ертеңгі күні «басқарылатын демократиядан» бастары айналып, парламентке қандай жолмен келгендерін ұмытып қалатын кейбір партиялар шынымен де мінез танытып, Мәжілістің ішінде «бүлік» шығарып, тып-тыныш отырған органның астаң-кестеңін шығармасына кім кепіл? Осы сайлауды ұйымдастырғандар сондай кепілдік бере ала ма? Қайдам...
Үшіншіден, өз сөзінде президент: «Мен премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі», – деп аса маңызды таңдау жасауды «Аманатқа» ұсынғандай болды. Бұл да болса, жаңалық. Және де мұндай қадамның саяси жауапкершілікке қатысты бір маңызды тұсы бар: елдегі қиын жағдайға қатысты сын енді президентке емес, сол үкіметтің басшысын ұсынған «Аманатқа» қарай айтылады. Өйткені, премьерді ұсынған солар. Сол себепті билік партиясы осы күннен сол жауапкершіліктің салмағын сезініп, оның арты не боп кетуі ықтимал екенін де білуі керек.
Соған қоса, бұл да болса, ертеңгі күні экономикада жағдай одан сайын ушығып кетсе, президентті сын астында қалдырмаудың бір маневрі ретінде көрініп тұр.
Төртіншіден, біз, демократтар, қара аспанды төндіріп тұрған жоқпыз. Алда қиын кезең күтіп тұрғанын, сол кезде қиын шешімдер қабылдануы тиіс екенін бүгін президенттің өзі айтты: «Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады».
Президенттің бұл сөзінің жаны бар. Бірақ, популизмге әбден бой үйретіп алған қоғам да, билік жүйесі де осы бетбұрысқа дайын ба? Оған да күмәнім аз емес. Және де президент айтқан қиын шешмідердің де сұрауы бар.
Мәселен, ол былай деді: «Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ. Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы».
Көріп отырсыздар, бұл – «ертең тарифтер тағы да өседі» деген анонс. Және анау-мынау емес, президенттің өз аузынан шығып отыр.
Жә, солай болсын дейік. Алайда сол жоғары тарифтерді тек қана дәулеттілер төлей ме? Әлде бұл өсу қалталары тесіліп қалған қарапайым адамдарға да қатысты бола ма? Олай болып жатса, мардымсыз жалақыға қарап отырған жұрттың табысы да өркениетті елдердегідей сол көлемде арта ма?!
Міне, меніңше, бізді алда күтіп тұрған аса қиын жағдайдың басты сауалы осы!
Тарифтерді өсіру алдында табысы төмен топтарға нақты көмек көрсетіле ме? Өйтпеген жағдайда, тарифтер мен бағалардың өсуі нағыз әлеуметтік наразылықтың бастауы болмақ. Бір ғана Жаңаөзенде газ бағасының күрт өсуі неге әкеліп соққанын ұмытқан жоқпыз.
Байқайсыз ба, бұл жолы президенттің сөзінде әдеттегідей «әлеуметтік шашу» болған жоқ. Соған қарағанда, жалақыны не зейнетақыны тағы да көбейтуге қажетті бюджет қаржысы тапшылау боп тұрған болса керек.
Шынын айтсақ, қазіргідей базар мен дүкендерде баға шарықтап тұрған кезде, жалақы не зейнетақыны оншақты процентке көбейту дегеніңіз түк те болмай қалды.
Біреу байқаған болар, біреу байқамай қалған болар, бір сөзбен айтсақ, бүгін Қазақстан саяси жүйесінде ерекше бір жаңалық енгізілді. Оның мәнісі мынада: ендігі жерде ауыл-аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай үшін тек қана үкімет не оны ұсынған парртия ғана емес, сол үкіметті бекіткен, оның есебін қабылдаған парламент те жауап береді. Бұл жауапкершілік, ең алдымен, Мәжіліске қатысты.
Сол себепті өз басым Мәжілістің дәл осы құрамының ғұмыры ұзаққа созылмайды-ау деп ойлаймын. Жаман айтпай, жақсы жоқ, елдегі жағдай тым ушығып кетіп жатса, тек қана үкімет емес (оның жарасы жеңіл ғой), тұтас Парламент те саяси құрбандыққа шалынып кетуі әбден мүмкін.
Биылғы сессиядағы ең басты жаңалық осы болды-ау деп топшылаймын.
Әміржан ҚОСАН, саясаткер